Адам – Азамат

Адам – Азамат
Ашық дереккөз
Журналистикадағы ұлағатты ұстазым, қарымды қаламгер, қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын қазақтың біртуар перзенті, барлық мақтауларға лайық көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы «Адам – Алатау» атты хикаят жазған еді. Мен ұстазыма «болмасам да, ұқсап бағып», дүниеден озғанына жыл толғалы отырған Дүйсенбі Садықұлы Қылышбеков туралы естелік мақалама «Адам – Азамат» деп тақырып қойып отырмын. Ол өз деңгейінде осындай теңеуге лайық еді. Оған патша көңілді оқырман осы мақаланы оқығаннан кейін өз бағасын бере жатар.

ТЕГІНДЕ БАР ТЕКТІЛІК

Біз оны «Папа» деуші едік. Азан шақырып қойылған аты Дүйсенбі екенін беріде біліп жүрміз ғой. Әй, сол кезде оның шын атын ешкім білмеген шығар-ау шамасы? Өйткені, ата-анасы да, әкпелері де, ағайын-туыстары да, бәрі де «Папа» дейтін.

Біз білмейтін тағы бір сыр – Дүйсенбі әке- шешесі Садық пен Жұпаркүлдің Құдайдан сұрап алған жалғызы екені.

Баяғының батырларын ата-аналары дүниеден баз кешіп жүріп, әулиелі жерлерде түнеп жүріп сұрап алған ғой Құдайдан. Садық пен Жұпаркүл дәл солай жасады ма, жоқ па, біздің ондай оқиғадан хабарымыз жоқ. Біздің білетініміз Садық бір перзенттің зары үшін бірінші некелі әйелінен келісіммен ажырасып, өзіне ұл-қыз сыйлап бақытты еткен асыл жары Жұпаркүлге қосылған екен.

Ислам дінінің шартында да, Алланың елшісі Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде де ер-азаматтардың алғашқы әйелдерінің келісімімен тағы да некелі болуына рұхсат бар. Кеңес өкіметі «әйел теңдігі» деген қамқор пейілмен ол рұхсатты құрдымға жіберіп, көп әйел алған адамды жауапқа тартқан. Ол адам ұрпақсыз қала ма, бірінші әйелінің келісімі бар ма? Онда ешқандай шаруасы жоқ. Ұрпақсыз өтпек түгілі, түп-тұқиянымен жойылып кетсе де, кеңес өкіметіне бәрібір.

Жасы жар ортаға таянса да перзент сүймеген Садық Қылышбекұлы бірінші некелі жары Палияның келісімімен, ата-анасының ықыласы, өзінің ықтиярымен Көшербайдың қызы Жұпаркүлге үйленген. Бәрі де келісіммен жүзеге асырылса да, ол жауапқа тартылатынын білген.

Сол заманның өлшемімен алғанда жоғары лауазымды қызметтер атқарған Қылышбектің қылыштай өткір Садығы бір перзенттің зарынан бәрін де тәркі етіп, осындай батыл қадамға барды. «Сен атадан мирас дала заңын сыйламасаң, мен де сенің солақай саясатыңа бағынып, өмірден ұрпақсыз өткім келмейді» болды оның өкіметтің өктем заңына берген жауабы. Сол үшін сотты болып, темір тордың арғы жағына тоғытылды. Бірақ, арманына жетіп, Алла алға қойған мақсатының орындалуын нәсіп етіп, артында өмірін жалғастырар ұрпағы қалды. Дүйсенбіні «Садықтың Құдайдан сұрап алған баласы» деп отырғанымыз да сондықтан.

Садықтың алғашқы перзенттері қыздар болған. Біреу-екеу ғана емес, бес қыз. Жары Жұпаркүлдің әр қызды дүниеге әкелгені туралы хабар жеткенде Садық: «Мен қыз түгілі қызыл жүнге зар болған адаммын. Алланың бергеніне шүкір!» – деп шүкіршілік етіп отырады екен. Ал, ақ түйенің қарны жарылып, ұлы Дүйсенбі дүниеге келген 1956 жылы Садық 54 жаста екен жарықтық.

Екі әйел алғаны үшін істі болып, мемлекеттік қызметтен шеттетілген Садық еті тірілігінің арқасында әрекетсіз болған жоқ. Ол мал өнімдерін дайындау кеңсесіне қызметке орналасып, қайтадан тірлігін түзеген. Ел ішінде біреуден ілгері, біреуден кейін тұрмысы болды. Бала-шағасының нәсібі шығар, табысы жақсы. Мұны өзі де, былайғы жұрт та «қолының кірі болған әкесі Қылышбектен дарыған» деп отырады екен.

Қылышбек малды болған кісі екен. Әйелі Қызболша (Зәуре) бұл үйге 13 жасында келін болып түсіп, бір жыл сол үйдің қызындай болып жүріп, Қылышбекпен екеуінің некесі келер жылы қиылыпты.

– Әжем Қызболша – көп құрсақ көтерген кісі. Күйеуі Қылышбек ертерек қайтыс болып, 23 жасында жесір қалыпты. Бауырында Садық, Әбдікерім – екі ұлы және Орынша атты қызы бар екен. «Қылышбектен қалған көп малды ағайынның талан-таражына ұшыратпаймын деп көрмегенім жоқ. Садығым атқа қонғаннан кейін ғана көзім ашылды» деп отыратын әжем» дейді бүгінде сексеннің үшеуіне шыққан қария Амангелді Әбдікерімұлы. Ол – Дүйсенбінің немере ағасы. – Кеңес өкіметі кезінде мал, дүние- мүлік жинау шектеулі болды ғой. Қылышбек атамыздың байлығы Папа ініме еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялағаннан кейін оралды. Онда да адал еңбектің арқасы. Дүйсен әр ісін он ойланып, тоғыз толғанып барып қолға алатын. Істің көзін таба білді. Істің көзін тапқанды табыстың өзі табатыны белгілі ғой. Әттең, нағыз гүлдеп тұрған шағында өмірден өтіп кеткені өкінішті. Ой, оның болашаққа жоспарлап, болжамдаған істері көп еді ғой!

Тектілік Дүйсенбінің тегінде бар екенін осыдан-ақ біле беріңіз.

«ЖІГІТТІҢ ЖАҚСЫ БОЛМАҒЫ НАҒАШЫДАН»

Дүйсенбінің анасы Жұпаркүл – кіші жүз тама руындағы Қарабатырдың Көшербайының қызы. Көшербай ел басына күн туған 1932 жылғы ашаршылықтан сәл ертерек Арқадан Талас бойына қоныс аударыпты. Қарабатырдан тараған 5 ұлдың ішінде Көшербайдан басқасынан ұрпақ қалмаған. Көшербай Арқадағы ауқатты кісілердің санатынан екен. Тек төтеннен келген жұт пен қолдан жасалған ашаршылықтың салдары – Әулиеата өңіріне қоныс аударуы. Дегенмен, өзіне жетерліктей қорамжалы, күнкөрістік малы болыпты. Әйелі Айша екеуінің Жамаш, Жамалбай атты ұлдары мен Жұпаркүл есімді қызы бар.

Көзі ашық болмаса да, көкірегі ояу Көшербай балаларының білім алуына жағдай жасаған. Қызы Жұпаркүлді еркекше киіндіріп, ерке өсіріпті. Бетінен қақпаған. Ликбезде (сауатсыздықты жою) сауатын ашып, ағаларының соңынан ілесіп жүріп әжептеуір білім алған талапты қыз соғыс жылдарында ауылдық кеңесте финагент (қаржы агенті) болып жұмыс істеп, қызметке ерте араласады. Қылышбектің Садығымен де таныстығы сол тұстан. Жас айырмашылығы әжептеуір болса да, Садық тұғырдан түспеген жігіт ол кезде.

Бір перзентке зар азаматтың ұсынысын қабыл алған қайсар қыз, олай дейтініміз сол кездерде Жұпаркүл ат құлағында ойнайтын азаматтармен үзеңгілес болып, талай рет қыз қууға қатысқан кезі, әке-шешесінің ықыласымен, өзінің ықтиярымен Садықтың етегінен ұстаған. Одан жаман болған жоқ, бір әулеттің көсегесін көгертіп, көрпесін ұлғайтты. Бір жас иіске зар Садықтың отбасын «балалы үй – базарға» айналдырды. Өмірде де, қызметте де сый- құрметке бөленген көркем мінезді жан еді. Бақилыққа да бала-шағасын жетілдіріп, сол адами қалпында аттанған.

...Дүйсенбі 1 жасқа толған 1957 жылы Садық баласының басына үкілі тақия кигізіп, ашамайға отырғызып, той жасапты.

Бұл өзі естен кетпес ерекше той болған сыңайлы. Көнекөз қариялардың айтуынан білетініміз, Түгіскен ауылының оңтүстік жағындағы 5-6 шақырымдай жердегі Талас өзенінің Қарашоқыны жағалай барып Ащыкөлге құятын жолындағы Көксуат жайлауында отыз шақты үй тігіліп, дүбірлеген той өткен. Бұл – Садық Қылышбекұлының көзсіз батырлығы.

Сәби бала бір жасқа толғанда оны аттың үстіне отырғызып, ерге мықтап таңып, жиналған көпшіліктің алдынан жетелеп өткізу, абыз ақсақалдардан бата алып той жасау, қазақ дәстүрінде бұрыннан бар. Оны қазақ «ашамайға отырғызу» деп атаған. Бұл – ұлым азамат қатарына қосылды дегеннің белгісі. Қуаныштың белгісі.

Осы той туралы Дүйсенбінің нағашысы, ұлағатты ұстаз, бүгінде сексенді алқымдап отырған ақсақал Ошан Жамашев былай дейді:

– Қылышбеков Садық 1957 жылы күзде Түгіскен ауылында ұлы Дүйсен жасқа толғанда дүбірлетіп той өткізді. Жазық далаға отызға тарта киіз үй тігіліп, шақырылған қонақтарды қарсы алу, күту және шығарып салу рәсімдері ата салт-дәстүрлеріне сай ойластырылды. Аламан бәйгеде алдымен келген атқа түйе бастаған тоғыз қара тігіліп, тойға келген жұрт айтыс, палуандар күресі, көкпар сынды ұлттық ойындарды қызыға тамашалады. Байқадам ауылынан шақырылған Сердалы, Байдалы бастаған нағашылары той иесіне балдаққа отырғызылған қаршыға ұсынып, түйе бастаған тоғыз қараны желісіне байлап, тон, ішік, шапан, тағы басқа ұлттық киімдерден тарту жасаған. Жиналған қауым ұмытыла бастаған салт-дәстүр жаңғыртылған осы тойға риза болып тарасыпты.

Ошан қария көзден кетсе де, көңілден кетпес қимас жандарды өнеге тұтып, рухтарына тағзым етуді кейінгілерге өсиеттеп айтқан сөзімен-ақ «нағашысы жақсы қандай-дыны» аңғартқандай. Ия, айтылуға тиіс жақсы іс айтылғаны дұрыс-ақ.

ТАЛАПТЫ ЕРГЕ НҰР ЖАУАР

Дүйсенбі 6 жасқа аяқ басқанында әкесі Садық дүниеден озған. Небәрі 59 жасында! Ер азамат үшін 60-тың өзі аз саналады. Заман тыныш, елдің тоқшылық жағдайында әлі де біраз өмір сүре тұрса, көптік етпес еді. Бірақ, Алланың ісіне адамның шарасы жоқ.

Садық арманда кеткендер санатынан емес, ол – арманы орындалған адам. Перзент сүйіп, өмірінің жалғасын көріп кетті. Оның әу бастағы арманы да сол еді ғой өзі.

Сөзі мен ісі үйлескен, сарамжал ана Жұпаркүл ұл-қыздарына жетімдік көрсеткен жоқ. Әкелері бақилық болғанда Нәзира мен Нәзипа жоғары сыныптардың оқушысы, Нағима мен Бағила бастауыш сыныптарда оқитын. Олар үй тірлігінде аналарына қолғабыс етуге жарап қалған.

Анасы, әсіресе, ұлының көңіліне қаяу түсірмес үшін Дүйсенінің ішкенін алдында, ішпегенін артында қылды. Папа қандай мәселеде де ешқандай кемдік көрген емес. Өзі де жастайынан үй шаруасына құмбыл, сабаққа зерек болып өскен. Сол кездегі замандастары, біздің ауылдың балаларындай сабаққа да, үй шаруасына да, ойынға да үлгеретін.

– Біз мектепке барғанда бірінші сыныпқа екі мұғалім жетекші болып бекітілген. «А» сыныбында – көрші бөлімшелерден қатынап, интернатта жатып оқитындар. «Б» сыныбында – негізінен кеңшар орталығында тұратындар. Дүйсен кеңшар орталығында тұрса да, біздің «А» сыныбында оқыды. Мүмкін «Б» сыныбында оның ағасы Егемберді Садықов ағай жетекші болғандықтан шығар? Үлкендер «бала немере ағасына еркелеп сабаққа жақсы қатыспай жүре ме» деп ойлады ма екен? Қысқасы, біз Шекербек Мәлденов ағайдың сыныбында оқыдық.

Дүйсен достыққа адал еді. Бала кезіміздің өзінде қуанышымызды да, сәтсіздіктерді де бөлісе білдік. Сабаққа бірге дайындалатынбыз. Үй шаруасына да болысатынымыз бар-ды.

Біз – Әбиболла Есенов, Болат Сәрсеков, Қали Мәуленов, Дүйсенбі Қылышбеков және мен сыныпта бір-бірімізге етене жақын болдық. Сол сыйластық әлі күнге үзілген емес. Бүгінде Әби мен Папа – бақилық. Бірақ, достық сол қалпында.

Біз жүрек қалауымен әртүрлі мамандықтарды таңдап, әртүрлі оқу орындарында оқыдық. Әр салада жұмыс істедік. Бірақ, бірлігіміз беки түсті, ынтымағымыз ыдыраған емес.

Дүйсен достыққа, уәдеге берік, қажет еткенге қамқор болатын. Ол мектепте жақсы оқыған. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын да жақсы бітірді. Мамандығы бойынша білікті маман ретінде жақсы жұмыс істеген. Еліміз егемендігін алып, өндіріс нарықтық экономикға көшкеннен кейін де жаңа жағдайға жылдам бейімделіп, өңірдегі өрісті, табысты кәсіпкерлердің бірі болды. Ол өзімшіл емес, көпшіл еді. Сондықтан, талап білдіргендерді қатарына тартып, кәсіпкерлікке баулыды. Тіпті, тонның ішкі бауындай араласатындармен бизнестегі сырларын да бөлісуші еді.

Амал нешік, осындай достан Алла айырды. Бірақ, екі дүниеде жүрегіміз де, тілегі де бір еді, – деп егіле еске алады сыныптас досы Шүкірәлі қажы Баубаев.

– Дүйсен достыққа адал жан еді, – дейді әріптес әрі курстас досы, аттасы шымкенттік Дүйсен деген азамат. – Екеуміз 1973 жылдан дос болдық. Сол достық жарты ғасыр бойы үзілген жоқ. Мен ондай адами қасиеті жоғары, қонақжай, рухани бай адамды көрген емеспін. Дәулеті асып тұрса да, қарапайым қалпынан айныған емес. Ойы орнықты, сөзі салмақты ерекше бір жан еді. Енді маған Дүйсенбісіз Тараз қаңырап қалған сияқты, көрінеді.

Әрине, Тараз орнында, өмір-өзен өз ағысымен ағып жатыр. Бұл – Дүйсенбінің Дүйсен досының жүрекжарды сөзі. Шын жүректен шыққан сөз.

– Жан бауырым, Папатайым! Сенен мәңгілікке айрылғанымызға жылдың жүзі болыпты.

«Бүгін бар, ертең жоқ болар,

Уақыт бәрін ноқталар.

Бесіктен шыққан жолаушы

Бейітке барып тоқталар» деген рас екен-ау. Соған, басқа түскен соң, көзіміз жеткендей. Жүрегіңнің сонша нәзік, пейіліңнің сонша кең болғанын сезбеппіз ғой, Жаным. Жақсының жүрімі қысқа, Аллаға да керек болған шығарсың, бізді тастадың да кете бардың. Орның ойсырап тұр. Жатқан жерің жайлы болсын, Жарығым!» – деп егіле жазыпты естелігінде Нәзипа әкпесі.

Бұл Дүйсенбінің барлық әпке-қарындастарының сөзі. Қай-қайсысы да осылай егілетіні сөзсіз.

– Әкешім-бәйтерегім! Сен біздің асқар тауымыз едің ғой. Сен елге қамқор, қайырымды, мейірімді едің, –деп әкесінің ізгі істерін, тәлімді тәрбиесін айтып егіледі қызы Ақмөр. – Сен бізге керек едің ғой, әке-ау!

Ия, Ақмөр қызым! Дүйсенбінің жақсы адам болғаны рас. Жақсы адам Аллаға да керек болған шығар, қарағым!

«Талапты ерге нұр жауар», – деген едім-ау бір сөзімде. Дүйсенбі нағыз талабына нұр жауған азамат болды. Ол Жамбылдағы «гидроны» бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрді де, нарықтық экономикаға тез бейімделіп кәсіпкерлікті ұршықша иіргендердің бірі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ашқан «Садық» шаруа қожалығы, одан кейінгі «Мирас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – кәсіпкер Дүйсенбі Садықұлының бизнестегі табысты қадамы. Ол осы қызметтерінде қанша адамды еңбекпен қамтып, қанша отбасын асырады, қанша мұқтаж жандарды қаржылай, материалдық тұрғыдан да қолдады. Бұл ретте ол – алғысқа бөленген жан.

ҚОЛЫ АШЫҚТЫҢ – ЖОЛЫ АШЫҚ

Қазақта «бай болсаң, еліңе пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» деген қайырымдылыққа, бірлікке, батырлыққа үндейтін қағида бар. Жауласудан да, дауласудан да Құдай сақтасын! Ал, елге пайда тигізуде әлі де кемшін тұстарымыз көп. Қайырымды, мейірімді жандар жоқ емес. Бар. Бірақ, «маған, маған, менікі, менікі» деген дүниеқоңыз байшыкештердің теріс пиғылдары «бір құмалақтың бір қарын майды шірітетініндей» жомарт жандардың жасаған жақсылықтарын жуып-шайып жіберетіндері жаман да! Ауруыңды жасырсаң, ажал әшкере етер, біздің мына қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда ондай жұмыртқадан жүн қырыққан сараңдар бар. Кәсіпкер Дүйсенбі Қылышбеков олардың санатынан емес еді.

Дүйсенбі Садықұлының қайырымдылығы мен мейірімділігі, жұртқа жасаған жақсылығы туралы оның өз аузынан естіген емеспіз. Ол туралы жұрт айтатын. Дүйсенбі соның өзіне ыңғайсызданып қалушы еді.

– Шырағым, Болат, мен жақынымнан көрмеген жақсылықты Садық пен Жұпаркүлдің баласы Пападан көрдім, – деп риза пейілмен әңгімелеп еді жерлес ағамыз Сердәлі Шайхисламұлы бір жолыққанда. – Басыма баспана тұрғызып берді, өзімді де, балаларымды да жұмысқа қабылдады. Бұдан асқан жақсылықты әкең де жасамас!

– Дүйсенбі ініміз көпшіліктің игілікті ісіне атсалысудан ешқашан қалыс қалған емес. Және онысын міндетсінбейді де, – дейді кәсіпкердің ағайындас ағасы Әбдімәжит Жүнісбеков.

– Тумалас ағайындар шоғырланған Қызылшарық ауылында Алланың үйі – мешіт құрылысын жүргізгенде ғимаратқа қажетті күйдірілген кірпішті толығымен өзі берді. Осы істің топжиярында алғашқы болып 200 мың теңгені де қолма-қол беріп, туысқандарының мерейін үстем етті.

Дүйсенбінің осы ауылдың бір-екі тұрғынына кірпішті арзан бағамен бергенін Әбітхан Шымырбайұлының аузынан естідік.

– Кәсіпкер Дүйсенбі Қылышбеков ешқашан елдік істерден қалыс қалған емес, – дейді тағы бір қоғам белсендісі, ел ағасы Болат Құлекеев.

– Таразда қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Өмірбек Жолдасбеков атында мектеп бар. Осы №50 орта мектептің ауласына ағайындары болып Өмекеңнің кеуде-мүсін ескерткішін орнатқанбыз. Осы ескерткіштің тұғырын тұрғызуға Дүйсенбі бауырымыз түгіскендік Құдайбергеновтер әулетімен қосылып мол қаражат қосты. Басқа да қайырымдылық іс-шараларға демеушілік жасағаны бар.

Қолы ашықтың жолы ашық, Дүйсенбінің кәсіпкерлікте тасының өрге домалауы сондай қайырымдылығының арқасы шығар.

Кез келген кісінің ісінің ілгері басуы отбасына байланысты. Дүйсенбі Садықұлы шаттық ұялаған шаңырақтың иесі, берекелі отбасының отағасы еді. Орнында бар оңалар, оның кіндігінен тараған 4 ұлы мен 3 қызы әке өмірін жалғастырып жатыр. Жалғастыра беретін болады. Өмір деген солай.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген риза пейілде айтылатын жақсы тілек бар қазақта. Ал, бақилық болған адамға «жақсының жақсылығын айт, пейіште нұры шалқысын» деген дұрыс. Біз де осы тілекпен Адам-Азамат, іскер кәсіпкер болған Дүйсенбі Садықұлы туралы естелік суреттемемізге нүкте қояйық.

Кейінгі ұрпаққа өмірі – өнеге, ісі – үлгі азамат туралы айтарымыз осы.

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар