Адами борыш, азаматтық міндет

Адами борыш, азаматтық міндет
Ашық дереккөз
Жыл сайын 14 маусымда Дүниежүзілік донорлар күні аталып өтіледі. Осыған орай, облыстық қан орталығында өзгелердің өмірін құтқаруға атсалысып жүрген қан донорлары марапатталды. Әр жылы облыстық қан орталығына қан тапсыру үшін 15 мыңнан астам адам жүгінеді. Қан донациясы 100 пайыз ерікті және өтеусіз негізде жүргізіледі.

Мекеме жылына қанның әртүрлі компоненттерінің шамамен 25 мың дозасын дайындайды. Өткен жылы 11569 доза құрамында эритроциттер бар компоненттер, 1378 доза аферезді вирусиноктевирленген тромбоцит, 11820 доза плазма, 814 доза криопреципитат, 2361 доза пулулирленген плазма дайындалған.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың айтуынша, қан орталығы қызметкерлері шалғайдағы әрбір азаматтың өмірін құтқаруға үлкен көмегін тигізіп келеді.

– Қан тапсыру – үлкен ерліктің бірі. Өйткені дүниежүзінде күніне миллионнан астам адамның өмірі қауіп-қатерге ұшырап, шұғыл түрде құтқаруға тиісті жағдай туындап жатады. Осы мәселелерді шешу жолында біздің донорларымыздың зор үлес қосып жүргенін баса айтқым келеді. Дүниежүзінде 115 миллионнан астам донация тіркеледі және оның 16 пайыздан астамын дамыған елдердің азаматтары өз еркімен тапсырады. Бұл да бір үлкен адами борыштың бірі деп білемін. Облысымыздың өзінде жыл сайын 16 мыңнан астам донация тіркелсе, соның себебінен 3000-4000 адамның өмірі құтқарылып жатыр. 14 маусым – дүниежүзілік донация күнімен донорларымызды шын-жүректен құттықтаймын. Жасап жатқан ерлік, борыштарыңызға мың алғыс! Донорларымыздың отбасына, өміріне амандық, денсаулық, еңбектеріне табыс тілеймін, – деді Жанар Мықтыбекқызы.

Салтанатты жиында облыстық қан орталығының директоры Гулам Умаров және «Қазақстан Республикасы Қызыл ай» қоғамы облыстық филиалының төрайымы Оразкүл Тастемірова, Amanat партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ермұхан Жұмабек өз ойларын ортаға салды.

Донорлардың құрметіне арналған мерекелік жиында қан орталығы арнайы дайындаған «жасанды интеллект» арқылы бейнеролик көрсетілді. Салтанатты кеште Әлішер Балтаев пен Мадина Бердиярова ән шырқап, қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

 

Азамат ЖАҚЫПБЕК,

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының 2-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар