Өзгеге өмір сыйлаған!

Өзгеге өмір сыйлаған!
Ашық дереккөз
Алғаш рет донорлар күні 2004 жылы 14 маусымда атап өтілген. Сондықтан биыл бұл атаулы күн «20 жыл өтеусіз қуаныш: қан донорларына рақмет!» ұранымен ұйымдастырылды. Бұл күннің 14 маусымға қойылуы кездейсоқтық емес. Дәл осы күні австриялық дәрігер және иммунолог Карл Ландштейнер 1868 жылы дүниеге келген. Ол 1930 жылы адамның қан топтарын ашқаны үшін Нобель сыйлығын алған.

Бүгінде елімізде қан қызметін 19 ұйым жүзеге асырады. Оның ішінде Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы мен Республикалық қан орталығынан басқа 15 облыстық және 2 қалалық қан орталығы қызмет етеді. Облыстық қан орталығына жыл сайын қан тапсыру үшін келетін 14 мыңнан астам адам басқалардың өмірін құтқаруға азаматтық көмегін тигізіп келеді. Бірінші рет қан тапсыруға келген және донациялауға жіберілген бастапқы донорлардың үлесі шамамен 29 пайыз болса, қалған донорлар 1-3 жыл ішінде бір рет қайталап келетін «қайталама донорлар» санатына жатады, олар 69 пайыз. Жылына үш немесе одан да көп рет қан тапсыруға дайын тұрақты донорлар санатындағылар екі пайызды құрайды, шамамен 250 адам.

Облыстық қан орталығының директоры Гулам Умаровтың айтуынша, облыс бойынша 1000 тұрғынға шаққандағы қан мен оның компоненттерін донациялаудың үлесі орта есеппен 8,7 пайыз болса, республикалық көрсеткіш 12 пайызды көрсетеді.

– Өткен жылы донорларға зертханалық нәтижелер мен қан тапсыру мерзімі туралы ақпарат алуға ыңғайлы әрі терапевтке донацияға жазылу үшін «Тараздонор» қан орталығының ресми электрондық сайтында «Донордың жеке кабинеті» опциясы орнатылды. Оған кіруді азаматтар өзінің жеке ұялы телефон нөмірі арқылы жүзеге асыра алады. Тәулік бойы қолжетімді. Гемопоэтикалық дің жасушаларының доноры бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Астана қаласының «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының» базасында 2012 жылдан бастап гемопоэтикалық бағаналы жасушалар донорларының «Бірыңғай ұлттық базасы» жұмыс істейді. Бұл жылдам дамып келе жатқан индустрия. Алдын ала бізге жүгінген донордың келісімі бойынша өтініш пен ақпараттық парақ толтырылады. Содан кейін, әдетте, жылына екі рет елуден астам қан үлгісі жіберіледі. Қазіргі уақытта тізілімде 951 донор тіркелген. Қан жүйесі ауруы бар науқастар үшін HLA типтеу бойынша сәйкестіктер бар. Қан орталығы донордың құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау саясатын жүргізеді. Қан донациясының барлық кезеңдерінде донор туралы ақпараттың құпиялылығы қатаң сақталады. Біз шығарылатын гемопродукцияның сапасын жақсарту бойынша озық технологияларды үнемі зерделеп отырамыз. Қан компоненттерін дайындаудың неғұрлым жетілдірілген бағыттары енгізіліп отыр. Бұл жағдайда моно және полидонорлы пулирленген плазма, донорлардың қанын деглициролизациялау және глициролизациялау әдісімен қалпына келтірілген криоконсервіленген эритроциттер, қан өнімдерін қайта өңдеудің қазіргі заманғы қосымша процестері қолданылады. Яғни, плазмадағы және тромбоциттік концентраттағы патогендер инактивацияланады, лейкоредукция (лейкофильтрация) жасалып, науқастарға қан құю кезінде инфекциялардың берілу мүмкіндігін болдырмау үшін карантинделеді.

Соңғы жылдары емдеу-профилактикалық мекемесінде барлық түрдегі плазма мен тромбоконцентратты тұтынудың 30 пайызға артуының тұрақты үрдісі байқалды. Бұл жиі акушерлік-гинекологиялық қан кетулердің, гематологиялық науқастарда жедел жаппай қан кетулердің және жол-көлік оқиғаларындағы түрлі жарақаттардың ұлғаюына байланысты. 2023 жылы барлық түрдегі қан компоненттері 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға артық берілді. Барлық донорлық қан ИХЛА және зертханалық диагностиканың ПТР тексеруінен өтеді. Зерттеулер Abbot (АҚШ), Roch (Франция), Орто Клиник (АҚШ), Нuman (Германия) және тағы басқа жетекші шетелдік компаниялар жеткізетін жоғары дәлдіктегі автоматтандырылған жабық типтегі жабдықта жүргізіледі. Қан сынау бөлімшесі жылына 25 мыңнан астам зертханалық зерттеулер жүргізеді. Жылына екі рет талдау нәтижелерінің дәлдігі, дұрыстығы мен жинақтылық сапасын бақылау бойынша республикалық бағалауға қатысады. Өткен жылы сәйкестік рейтингі 100 пайызды көрсетті, – дейді Гулам Мұхтарұлы.

Аталған орталық 24 емдеу-профилактикалық ұйымды қан компоненттерімен қамтамасыз етеді. Олардың ішінде ірі кардиологиялық клиникалар да бар. Соңғы үш жылда медициналық ұйымдарда қанның әртүрлі компоненттерінің шамамен 51 мың дозасы құйылып, сол арқылы 10 мыңнан астам адамның өмірі сақталған. Мекемеде «қан менеджменті» бағдарламасы жұмыс істейді, ол критерийлерге сәйкес төмендемейтін қан қорын реттеуге және қалыптастыруға бағытталған. Клиникалық трансфузиология жұмысын мониторингтеу үшін қан орталығының мамандары өңірлердің медициналық ұйымдарына тұрақты түрде барып тұрады. Сонымен қатар, бұл орталық тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Атап айтсақ, жүктілік кезіндегі асқынуларды азайту және жаңа туған нәрестелерде гемолитикалық аурудың пайда болуының алдын алу үшін жоғары тәуекел тобына жататын жүкті әйелдерді тексеруден өткізеді. Жылына 10 мыңға жуық жүкті әйел тексеріледі. 2018 жылдан бастап ағза трансплантациялауы жүргізілген науқастар үшін қан сарысуындағы дәрілік заттарды, яғни такролимус және циклоспоринді анықтайды. Бұл трансплантацияланған органның тежелуін уақтылы болдырмауға көмектеседі.

– Қан орталығының маңызды міндеттерінің бірі – өтеусіз қан тапсыру туралы халықты барынша кеңінен қамту. Сондықтан әлеуметтік желілерде де, баспасөз беттері мен теле-радиоларда да ақпараттармен бөлісіп отырамыз. Донорлық қозғалысты танымал ету мақсатында қан орталығы базасында «Донор күні» акцияларын үнемі өткізіп тұрамыз. Іс-шаралар «Әрбір қан доноры – батыр», «Өмір сыйла: қан доноры бол!», «Аналарды құтқару үшін қауіпсіз қан», «Менің өмірімді сақтап қалғаныңыз үшін рақмет!», «Қан барлығын біріктіреді», «Қан тапсырыңыз. Өмірмен бөлісіңіз» ұрандарымен өтеді. Өңірлер бойынша көшпелі жағдайларда «Донор күнін» ұйымдастыруға Аmanat партиясы көмектеседі. Өткен жылы облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы, Тараз инновациялық-гуманитарлық институты және «ҚР Қызыл Жарты Ай қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы арасында облыста өтеусіз донорлықты табысты дамыту және танымал ету үшін үшжақты меморандум жасалды. Өтеусіз донорлықты дамытуға Оңтүстік округтің әскери бөлімдері, коммерциялық емес ұйымдар, мемлекеттік және жеке компаниялардың қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктердің белсенділері мен еріктілері, сондай-ақ жоғары білім беру мекемелерінің студенттері жәрдемдеседі. Тұрақты серіктес ұйымдарымыз – «Қазфосфат» ЖШС, полиция департаменті, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы, төтенше жағдайлар департаменті және қалалық, облыстық медициналық мекемелерге алғысымызды айтамыз, – дейді Гулам Умаров.

Облыста ерікті түрде, өтеусіз қан тапсыратын Мұқаш Ескендіров 30 донация, Жанбатыс Ибраев 48, Сергей Слизков 39, Александр Золоторев 38, Аққазы Төленді 35 донациямен ерекшеленді. Қан тапсыру арқылы өзінің денсаулығына да, өзгенің өмірін құтқаруға да атсалысып жүрген азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Көптеген өркениетті елдерде қан тапсыру саламатты өмір салтының ажырамас атрибутына айналған. Ғалымдардың пікірінше, үнемі қан тапсыру иммундық жүйе ауруларының алдын алуды қамтамасыз етеді, жүрек-қан тамырлары ауруларының ықтималдығын азайтады. Статистикаға сәйкес, донорлар өзге азаматтарға қарағанда орта есеппен бірнеше жыл ұзақ өмір сүреді екен.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар