Бақытты балалықтың ізі қалған

Бақытты балалықтың ізі қалған
Ашық дереккөз
Жазғы лагерь – телефон, компьютерден бас алмайтын қазіргі бүлдіршіндерге миын тынықтырып, денсаулығын жақсартып, таза ауада ойнап, тәлім алуға таптырмас орын. Әсіресе, қаланың балалары үшін жаңа достар тауып, өмірге деген көзқарасының өзгеруіне сеп болады.

Мектеп қабырғасында білім алып жүргенімде мен де жыл сайын Жамбыл ауданының Жасөркен ауылындағы «Болашақ» жазғы сауықтыру лагеріне барып, демалатынмын. Байқасам, қазір де Тараз қаласындағы оқушылардың көпшілігі демалыстарын осы лагерьде өткізеді екен. «Болашақ» биыл да балаларды 3 маусымнан бастап қабылдады. Мұндағы әр балаға берілген демалыс уақыты 12 күнді қамтиды. Демалушылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінген. Әр топтың өз жетекшілері мен тәрбиешілері бар. Оқушыларды бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етеді, медициналық пункті де жұмыс істейді. Сонымен қатар, түрлі спорттық іс-шаралар, қызықты ойындар, мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылып, би кештері күнделікті өткізіліп тұрады. Таза ауа, жайдарлы көңіл-күй, сергектік балаларға күш-қуат сыйлап, жаңа оқу жылына бар ынта-жігерімен кірісуге дайындайды.

– Мен де «Болашақ» лагеріне жыл сайын баратынмын. Бұл лагерь маған қатты ұнайды. Себебі, күнделікті қызықты іс-шаралар, ойындар және түрлі байқаулар болып тұрады. Мен осы жерден жаңа достар тауып, әр күнімді қызықты өткізетінмін, – дейді досым Мәди Төребек.

Таңертеңгісін ұйқыдан оянғандағы дене шынықтыру жаттығуларынан басталатын күн тәртібі түрлі эстафеталық жарыстар мен сайыстарға ұласады. Яғни, футбол, волейбол, баскетбол және жүзу ойындары балаларды шымырлыққа тәрбиелеумен қатар, мақсатқа жетуге құлшындырады. Жеткіншектердің ойлау қабілетін дамытуға арналған тоғызқұмалақ, дойбы және шахмат ойындары да бар. Сонымен қатар, жас жеткіншектердің тұрақты тәртіп пен тазалыққа үйренуіне, бойындағы бар қабілетінің дамуына ықпал етеді.

 

Азамат ЖАҚЫПБЕК,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының 2-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар