Өндіріс көлемі артып келеді

Өндіріс көлемі артып келеді
Ашық дереккөз
Мойынқұм ауданында бүгінгі таңда көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамының Ақбақай филиалы алтын және күміс, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі цемент, «Шығыс кен басқармасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі барит рудасын өндіріп, ауданның өндіріс көрсеткішінің артуына өз үлестерін қосуда.

Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Әбдіғали Әбдіразақовтың айтуынша, ауданда өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында жалпы құны 3 триллион 49 миллиард теңгені құрайтын 13 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 1356 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Соның ішінде, былтыр жалпы құны 300 миллион теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба іске асырылды. Атап айтсақ, біріншісі – «Максутова» жеке кәсіпкерлігі «Балық өңдеу цехы» жобасын Мыңарал елді мекенінде жүзеге асырса, ол жобаның жалпы құны 260 миллион теңге, жылдық қуаттылығы 1156 тоннаны құрайды. Екіншісі – «Тайбағаров» жеке кәсіпкерлігі «Мойынқұм құс» фабрикасы жобасын Айдарлы елді мекенінде жүзеге асыруда. Оның жобалық құны 40 миллион теңгені құраса, жылдық қуаты 720 мың дана тауық жұмыртқасын өндіру.

Бұдан бөлек, «Total Erеn» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобалық құны 1,7 миллиард долларды құрайтын «Жел энергиясын өндіру» жобасын Мирный елді мекенінде жүзеге асыруды көздеп отыр. Оның жылдық қуаттылығы 1 гегаватты құрайды. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда 150 адам жұмыс орнымен қамтылады. Серіктестік бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен Мойынқұм ауданының Мирный елді мекеніне 42 мың гектар аумақта зерделеу жұмыстарын жүргізуге 3 жыл мерзімге мақұлдау алып, желді зерттеу машинасын және 4 жел мұнарасын орнатты. Электростанцияны кезең-кезеңімен салып, 2026 жылға дейін жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға басымдық бергені белгілі. Соның аясында жастарға жеңілдетілген несиелер берілуде. Жалпы, ауданда 2684 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, ол өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 322 бірлікке өскен. Олардың 125-і шағын, орта кәсіпорын болса, 1669-ы жеке кәсіпкерлік субектілер, ал 890-ы шаруа қожалық. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы аясында 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарты 25 азаматқа беру көзделген. Бұдан бөлек, өңірде орналасқан өндіріс ошақтарының қуатын арттыруға, басқа да инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетілуде. Ең бастысы ол өнеркәсіп ошақтарының өндірген өніміне сұраныстың болуы өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік беруде. Дегенмен, мемлекеттің қолдауына ие өнеркәсіп ошағының бірі – «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, – дейді бөлім басшысы.

Өңірде бұдан басқа да бес-алты ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда екен. Соның бірі – жоғарыда айтылған «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы». Зауыт директоры Пьетро Каланың айтуынша, Қазақстан бойынша цементке деген қажеттіліктің 20 пайызын «Жамбыл цемент» зауыты жауып отырған көрінеді. Зауыт өнімінің басым бөлігі Астана мен Тараз қалаларына өткерілуде. 2010 жылы іске қосылған зауыттың жылдық қуаттылығы 1,5 миллион тоннаны құрайды.

– Былтыр компанияда 1,4 миллион тоннадан астам өнім өндірілді. Қазіргі таңда зауытта 227 жұмысшы еңбек етуде. Олардың бірқатары жергілікті тұрғындар. Қазір біздің зауытта тұрмыстық қалдықты өртеп одан 74 пайыз цемент жасап шығару мүмкіндігі бар. Тек, сол тұрмыстық қалдықты зауытта өндіріс мақсатында пайдалануға табиғат жанашырлары рұқсат берсе біз жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл мәселеден облыс басшылығы да хабардар. Бірақ, аталған мәселе бірнеше жылдан бері көтерілгенімен, түпкілікті шешімін таппай келеді. Бұдан бөлек, аймақ билігі темір жол мәселесі мен баламалы отын мәселесін шешіп берсе жақсы болар еді, – дейді инвестор.

Өңірде жұмыс істеп жатқан келесі компания – «Компания Мың-Арал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік балықты мұздату және өндеумен айналысады. 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан зауыттың жылдық қуаты 1500 тоннаны құрайды. Кәсіпорын өткен жылдары 122 тоннаға дейін балық өндірген. Онда 30-дан астам адам еңбек етеді. Зауыт директоры Сергей Нидің айтуынша, компания өнімі еуропа елдеріне экспортталуда. Кәсіпкер Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан бір жылда 1250 тонна ғана балық аулауға лимит берілетінін, мүмкін болса оның көлемін тағы 700 тоннаға көбейтсе деген ұсынысын айтты.

– Қазір Балқаш көлінде заңды және заңсыз балық аулаумен айналысатын азаматтар қатары көбейген. Әсіресе, балық аулауға рұқсат берілген тұста олардың қатары артып кетеді. Қаскөйлер де азаймай отыр. Біз нәсібімізді осы көлден айырып отырмыз. Балықтандыру жұмысына да көңіл бөліп отырамыз. Біз өндіріс көлемін арттырғымыз келеді. Сол үшін зауытқа Балқаш көлінен тағы екі учаске бекітіп берсе, – дейді Сергей Ни.

Жалпы, облыста балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай тауарлы балық өндірісін 3 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Ол үшін өңірде 18 инвестициялық жоба қолға алынуда. Облыс бойынша өнеркәсіптегі ауданның үлесі 11 пайыз десек, бұл аудандар ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш. Бүгінгі таңда ауданда 2 мыңнан астам адам өнеркәсіп саласында жұмыс істеуде.

Металлургия саласында «Алтын алмас» акционерлік қоғамының Ақбақай филиалы табысты жұмыс істеуде. Құрылыс индустриясы саласында «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы», «Оргстрой» және кен өндіру саласында «Шығыс кен басқармасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен басқа да кәсіпорындар бар.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар