Инновацияның игілігі мол

Инновацияның игілігі мол
Ашық дереккөз
Алматыдағы Ұлттық Ғылым академиясында жас ғалымдармен өткен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға экономикамыз үшін стратегиялық маңызды салаларда инновациялық жобалар мен серпінді шешімдер қажет екенін атап өтті. Ол агроөнеркәсіптік кешенге заманауи технологияларды енгізуді жеделдетуді тапсырды. Бұл тұрғыда өңірде атқарылып жатқан жұмыс аз емес.

Салада сандық бағдарламаларды енгізу, мал фермаларында сиыр сауу процесін автоматтандыру, суды үнемдеу технологиялары, автоматтандырылған ауылшаруашылық техникасын қолдану арқылы еңбек өнімділігін арттыруға болады. Ең алдымен, тамшылатып суару және ылғал үнемдеу технологиялары сияқты инновациялар жаппай игерілуі тиіс.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақовтың айтуынша, өңір қазір суармалы судың тапшылығына байланысты ылғал үнемдейтін технологияларды қолдануға ерекше көңіл бөлуде. Биыл бұл технологияны қолданатын жер көлемі 45 мың гектарды құрайды, оның ішінде 29,4 мың гектар – тамшылатып суару, 15,6 мың гектарға – жаңбырлатып суару тәсілі қолданылады. Атап айтқанда, Жамбыл ауданында «ақылды» суару технологиясы 7493,6 мың гектар (тамшылатып суару – 6087,6 мың, жаңбырлатып суару – 1406 гектар), Жуалы ауданында – 165 гектар (тамшылатып суару – 38, жаңбырлатып суару – 127), Меркі ауданында – 7262 гектар (тамшылатып суару – 263, жаңбырлатып суару – 6999), Т.Рысқұловта – 2338 гектар (тамшылатып – 1095, жаңбырлатып – 1243), Таласта – 290 гектар (тамшылатып – 210, жаңбырлатып – 80), Шуда – 88877 гектар (тамшылатып – 6396, жаңбырлатып – 2481), Қордайда – 12,7 мың гектар (тамшылатып – 11,8 мың, жаңбырлатып – 953), Байзақта – 5,8 мың гектар (тамшылатып – 3,5 мың, жаңбырлатып – 2,3 мың гектар алқапқа енгізілген).

Жуалы ауданында көкөністер жаңбырлатып суару арқылы өсіріледі. Талас ауданында тамшылатып суару жүйелерінің көмегімен қант қызылшасы, бақша дақылдары, картоп және көкөністер ылғалдандырылады, ал көпжылдық шөптер жаңбырлатып суару жүйелерінің көмегімен суарылады. Көкөніс, пияз және жоңышқа өсірумен айналысатын Шу ауданының фермерлері тек тамшылатып суаруды қолға алған. Қордай ауданында көпжылдық шөптер мен жүгеріні суару үшін жаңбырлатып суару әдісі қолданылады, басқа дақылдарды өсіру кезінде тамшылатып суару жүйелері пайдаланылады. Ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сәйкес, Байзақ ауданының Бәйтерек ауылдық округіндегі «Ағалы» шаруа қожалығы ауданда алғашқылардың бірі болып тамшылатып суару жүйесін орнатқан. Шаруашылық басшысы Нәби Ағалиевтің айтуынша, биыл олар 120 гектар алқапта көкөніс, 25 гектарға жемшөп дақылдарын өсіреді, алма бағы 10 гектарды алып жатыр. Егістіктер мен бақшада тамшылатып суару әдісі қолданылады.

Жамбыл ауданында Айша бибі және Аса ауылдық округтерінде ылғал үнемдеу технологиялары белсенді енгізілуде. Бұл тәсіл әсіресе Айша бибі ауылдық округіндегі «Ақкөл» шаруа қожалығында тиімді пайдаланылып отыр. Мұнда озық технологиялар 230 гектар алқапта көкөніс, қант қызылшасы (50 гектар), көпжылдық шөптер (45 гектар) өсіруде қолданылады. Аса ауылдық округінде суарудың заманауи технологиялары 28 шаруашылықта қолданылады.

Меркі ауданында 385 гектар қарқынды бақтарға бөлінген. Олар көшеттерді отырғызғаннан кейін екінші жыл қатарынан өнім алып отыр. Мұндай игілікке аудан шаруалары инновациялық технологиялардың арқасында қол жеткізген.

Айта кетейік, қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлерді мемлекет субсидиялау арқылы қолдайды. Егер бұрын заманауи суару жүйелерін сатып алуға және қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындардың 50 пайызы өтелсе, биыл ылғал үнемдейтін технологияларды пайдаланатын фермерлер үшін субсидия көлемі 30 пайызға өсті. Енді олардың мөлшері 50-ден 80 пайызға дейін артып, бұл заманауи суару жүйелерін сатып алу және қажетті инфрақұрылымды құру шығындарын өтейтін болды. Сондай-ақ, биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі аграршылардың суды үнемдеуін ынталандыру үшін қосымша шаралар әзірлеген.

– Жаңа Су кодексі су үнемдеу технологияларын енгізетіндер үшін субсидиялар және суға төмендетілген тарифтер түрінде мемлекеттік қолдау көрсетуді көздейді. Өсірілетін дақылдарға және олардың суға деген қажеттілігіне қарай тарифтерді енгізу жоспарлануда. 2030 жылдың соңына дейін әрбір өңір үшін нақты көрсеткіштерді қамтитын кезеңдік жоспар әзірленеді. Су үнемдеу технологиялары суармалы жерлердің 50 пайыздан астамын қамтып, жыл сайын 2,1 миллиард текше метрге дейін су үнемдейді деп күтілуде, – деп түсіндірді Тұңғыш Жанұзақов.

Автоматтандырылған ауылшаруашылық машиналары мен қондырғылары туралы да айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда нарықта жұмыс процестерін жеңілдету және оңтайландыру үшін GPS арқылы басқарылатын заманауи ауылшаруашылық техникасының көптеген модельдері бар. Аймақтың егістіктерінде қашықтан басқарылатын техниканың жұмыс істейтінін білу үшін біз ауыл шаруашылығы басқармасының мемлекеттік техникалық инспекция және тұқым шаруашылығы бөліміне хабарластық. Бөлімнің бас маманы Нұрдәулет Ілесбектің айтуынша, инновациялық шешімдер салаға өте баяу еніп жатыр. Қазір сандық технологиялар тек «Қызыл-Дихан» өндірістік кооперативінде және «Тоқтасын агро» шаруа қожалығында қолданылады. Олар тұқымдар мен тыңайтқыштарды дұрыс жұмсауға, жанар-жағармай материалдары мен жұмыс күшін үнемдеуге, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

– Қазіргі заманауи егіс кешендеріне жұмсалған қаражат алғашқы жылы бірден ақталып, пайда әкеледі. Тікелей себу технологиясының арқасында кадрларға, қосымша техникаға деген қажеттілік азайды. Сонымен қатар, біз дизель отынын аз жұмсай бастадық. Қосалқы бөлшектермен және жөндеу, қызмет көрсету бойынша ешқандай мәселе туындап жатқан жоқ, – дейді «Қызыл-Дихан» өндірістік кооперативінің басшысы Нұридин Бегманов.

«Қызыл-Дихан» өндірістік кооперативі 20 жыл бұрын ашылған. Ол көкөністер, дәнді дақылдар, жем-шөп және бақша дақылдарын өсірумен айналысады. Мұнда 50-ге жуық адам еңбек етеді. Кооператив теңгерімінде екі мың гектарға жуық жер бар. 200 гектар егіс алқабы супер заманауи жаңбырлатып суаратын жабдықтың көмегімен суарылады. Мұндай автоматтандырылған суару жүйесі ұялы телефоннан басқарылады. Суды сорғылар арқылы іске қосуды және жаңбырлатқыш қондырғылардың қозғалысын қашықтан басқарады. Сонымен қатар, топырақтың күйіне байланысты суару қарқындылығы бағдарламасын да орнатуға болады.

Жалпы, аймақтағы қазіргі машина-трактор паркіндегі техникалар біршама ескірген. Көптеген фермерлер ескі көліктермен жұмыс істейді. Мұның салдарынан егін жинау жұмыстары жиі кешіктіріледі. Биыл агроқұрылымдар 254 ауыл шаруашылығы техникасын (түрлі модельдегі тракторлар, егіс және суару кешендері, жалпы құны 2,8 миллиард теңгеден асатын аспалы жабдықтар) сатып алды. Осылайша паркті жаңарту көрсеткіші 2,6 пайызды құрап, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 5,5 пайызға дейін жеткен.

Егер өткен жылдары мұндай агрегаттарды үлкен шаруашылықтар сатып алса, қазір оларды шағын және орта фермерлік бірлестіктер де сатып алып жатыр. Жыл басынан бері 895,7 миллион теңгеге техника сатып алу үшін түскен 113 өтінім мақұлданған. 521,4 миллион теңгені құрайтын 67 өтінім қаралуда. Байзақ ауданының фермерлері биыл 618,2 миллион теңгеге 75 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды, бірақ өтінімдер бойынша бұл сома жыл соңына дейін екі есеге көбейеді. Жамбыл ауданының аграршылары 40 техника, Жуалы – 27, Қордай – 6, Меркі – 42, Мойынқұм – 3, Сарысу – 9, Т.Рысқұлов – 18, Талас – 16, Шу – 11, Тараз қаласы – жеті техника сатып алған. Әдетте фермерлер ресейлік немесе отандық тракторлар мен комбайндарды сатып алады. Кейбіреулер техниканы өндірушінің бағасымен сатып алу үшін зауытқа өздері барады. Ауыл шаруашылығы министрлігі техниканы сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеуге жеңілдетілген несиелер мен инвестициялық субсидиялар бөліп, қайта жарақтандыруға көмектеседі.

Өңірде мал шаруашылығына да инновациялық технологиялар енгізіліп жатыр. Бірақ, бүгінгі таңда цифрлық технологиялар Қордай ауданындағы «Қақпатас-Қордай» ЖШС-де ғана қолданылады. Бұл өңірдегі жалғыз автоматтандырылған мал шаруашылығы кешені жұмыс істеп тұр. Мұнда барлық күнделікті процестер автоматтандырылған. Фермада швейцариялық DeLaval компаниясының заманауи роботты жабдықтары орнатылған. Сауын залындағы жаңа техникалар сиырлар мен сауыншылардың қозғалысын жеңілдетуге арналған. Сауу машиналары сиырлардың денсаулығын бақылайды. Сенсорлар сүт құрамындағы өзгерістер кезінде компьютерге сигнал береді. Автоматтандырудың арқасында өнімдер арнайы ұяшықтарда сақталады. Температуралық режимге нақты бақылау жүргізіледі. Өз зертханасы бар. Көң жинау процесі де автоматтандырылған. Серіктестік басшысы Дүйсехан Қошалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда «Қақпатас-Қордай» ЖШС-де 1500 сиыр бар, олардың әрқайсысы орта есеппен 25 литр сүт береді. Сауылған сүт толығымен қайта өңдеуге жіберіледі.

Өңірде инновация игілігін көруді мақсат еткен шаруашылықтар күн санап артып жатқанын аңғардық. Сан салада өркен жайған жаңа технологиялар аймақтың ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар