«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Керексіз курс, табыссыз тренинг

Керексіз курс, табыссыз тренинг
Ашық дереккөз
Қазіргі таңда кез келгенге қолжетімді ғаламтор кеңістігі бізді бұрынғыдан көп ақпаратпен байланыстырғанымен, цифрлық дәуір алаяқтарға өздерінің айласын асыруға жол ашып отыр. Алаяқтықтың түрі көп, алайда, барлығының мақсаты бір – халықты алдап, ақшасын жымқыру. Солардың бірі – курс сату, нәтижесіз тренингтер, жалған тендерлер. Бұлардың барлығы интернетті өз пайдасына ғана асырып жүргендер. Ал, сондайларға сеніп, қолындағы барын беріп, артынан өкініп жүретін сол баяғы қарапайым халық.

Аталған нәтижесіз дүниелерге ел сеніп, қыруар ақшасын беріп, артынан бармағын тістеп қалады. Олар өздерінің қалай арбалып қалғанын сезбей де қалады. Себебі, кейбір блогерлердің әлеуметтік желі парақшасы да алаяқтың ақылы курсына сторис арқылы жарнама жасай бастайды. Оқырманға «Сіз де мен сияқты бай болғыңыз келсе, менің курсымды міндетті түрде сатып алуыңыз керек» деп манипуляция жасайды. Олардың ақшасына, көлігіне қызыққан қарапайым халық бар тапқан-таянғанын курс сатып алуға жұмсайды. Алайда, ол курстан еш нәтиже шықпай, ақшасы босқа кетеді.

Онлайн тренингтердің де түрі көп. Мысалы, аз ақшаңмен кәсіп бастау, Қытаймен жұмыс істеу, тендер сатып алу арқылы баю деген сынды онлайн тренингтерде есеп жоқ. Бұлардың жарнамасы мен сатылымы «Таргет» арқылы жүзеге асырылады. «Қарапайым халық мұндайларға қалай тез алданады?» деген көкейде туған сауалды алға тартып, психолог маманмен тілдесіп көрген едік.

– Курс, тренинг сатып алушылардың басым көпшілігі оңай олжаға кенелгісі келетін, тез байып кетемін деп ойлайтын, құрғақ сөздерге сеніп қалатын, психологиялық ойлау қабілеті төмен жандар. Көбіне декреттегі әйелдер, орта жастан асқан азаматтар, тұрақты жұмысы жоқтар осы курстарды сатып алып, ешқандай олжаға кенелмегеннен соң болмашыға барын салғанын түсінеді. Содан келіп, басқаларды жазғыруға көшеді. Қоғамдағы бітпейтін дау-дамай осыдан туады. Дана Абай айтып кеткен «Ақырын жүріп, анық бас» деген өсиетін дәл қазіргі заманда әркім санасында сақтаса, сан соғып қалмас еді, – дейді психолог Айгүл Рақметқызы.

«Аңқау елге арамза молда» қай заманда да болған. Сондықтан, «жеңілдің үсті, ауырдың астымен» жүргісі келетіндер қатары азаймай, бәрі бекер...

 

Құрмет САРЫБАЕВ,

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің филология және гуманитарлық ғылымдар факультеті, конвергентті журналистика мамандығының 2-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар