«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жұқпалы аурулардан сақтанудың жолы қандай?

Жұқпалы аурулардан сақтанудың жолы қандай?
Ашық дереккөз
Дала мектебінен білім алған бабаларымыз көктем мезгілін «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» деп атайды. Осы кезеңде өршитін түрлі жұқпалы дерттерден сақтану үшін адам иммунитетін көтеруге көмектесетін құнарлы тағамдарды көптеп әзірлеп, ішкенін Наурыз көже таратып, қымызмұрындық ұйымдастырған салттардан аңғарамыз. Наурыз көжеге қосылатын 7 түрлі тағамның ішіндегі дәндер мен ағарғандар және сүрленген жылқы еті адам ағзасына пайдалы екені талай айтылып жүр. Ал, қымызмұрындықта ауыл адамдарын шақырып, байланған биеден сауылған алғашқы қымызды бірлесіп ішу де жұқпалы дерттерден сақтанудың сара жолы.

Алдымен сұрағанымыз қорқынышты қауесеттің рас-өтірігі еді, шүкір, жалған ақпар екен. Бас дәрігердің орынбасарының айтуынша, көптеген кісілерде байқалған әлсіздік, бас аурулары иммунитеттің әлсіздігінен болуы мүмкін.

– Кейінгі кездері көптеген адамдар вакцинациядан бас тартып, бірқатар жұқпалы аурулардың дендеуіне себепкер болды. Өңірімізде, тіпті республиканың басқа аймақтарында да былтырдан бері қызылша ауруы жүріп жатыр. Жаппай вакцинацияның арқасында қызылша ауруының да бәсеңдеп келе жатқаны байқалады. Биыл көктемнен бастап көкжөтел бас көтерді. Бұл екі жұқпалы ауру вакцинамен қадағаланатын инфекциялық аурулар қатарында. Яғни, соңғы бірнеше жылда вакцинациядан бас тартулардың нәтижесінде иммундалмаған балалар көбейген соң, осы инфекциялар арта бастады.

Көкжөтел – ауа тамшы жолымен берілетін, жұтқыншақ, трахея, бронх, өкпені зақымдайтын, циклдық түрде өтетін ұстама тәрізді булығып, көгеріп, демін ала алмай қалатындай жөтелмен сипатталатын ауру. Көбінесе вакцина алмаған, тіпті 1-2 айлық шақалақ нәрестелер де ауырып жатыр. Өйткені көкжөтелге қарсы вакцина 2 айдан бастап салынады. Бұл аурудың циклдері бар, жасырын кезең циклы 2 аптаға дейін, катаралды кезең циклы 5-7 күн, спазматикалық кезеңі 6-8 апта, сауығу кезеңі бірнеше күнге созылады. Ең қиыны – асқынулары. Яғни, қатты жөтелден ми тамырлары жарылып кетуі мүмкін, оны геморрагиялық инсульт дейді. Өкпе тамырлары жарылып кету, дем алуының тоқтап қалу қаупі бар. Көкжөтелдің арнайы емі жоқ, оған тек симптоматикалық ем жүргіземіз. Яғни, анализ талдауларында лейкоциттер жоғары болса, антибиотиктермен емдейміз, бронхтары тарылып, ентігіп жатса бронходилятаторлармен ингаляция, қақырық түсіруге көмектесетін дәрілерді қолданамыз. Әр науқастың жеке жағдайына қарай ем жасалады. Сондықтан көпшілікке «Біреу осындай аурудан мынадай ем қолданып жазылыпты» деп, басқалардың қолданған емін жасай беруге болмайтынын ескерткіміз келеді. Ал, аурудың алдын алу амалдарына келсек, көкжөтелге қарсы вакцинаны уақтылы алу керек. Туа біткен ақаулары бар балалар немесе неврологиялық ауытқулары, вакцинадан медициналық қарсы көрсеткіштері бар кісілер вакцина алмайды. Егер осындай жағдайда болса, адам көп жиналатын жерлерде болмауы, нәрестелермен қонаққа бармауы, мейман шақырып, жолға шықпауы, яғни барынша қорғануы тиіс. Автобуста немесе қалың кезекте тұрғанда бетперде киіп, сырттан келген соң қолды дұрыстап жуып жүру міндетті. Сондай-ақ, кішкене балаларды бас салып сүйе беруге болмайды. Баланың иммунитетіне көңіл бөлу, дұрыс тамақтандыру, ағзасын шынықтыру, үйде біреу ауырса оқшаулау, ауырған жағдайда бірден емхана, ауруханаға бармай, үйге дәрігер шақыру керек. Өйткені, кезекте отырғанда басқа адамдарға жұғуы мүмкін. Ересектерге де осындай әрекеттерді ұстанған абзал, – дейді Сағыныш Қабылтайқызы.

Кейбір ата-аналардан бала көкжөтелге шалдыққанда ұшақпен ұшырса, айығатынын естідік. Тіпті, сол әдісті қолданғандары туралы Instagram әлеуметтік желісінде айтып жүргендер де бар. Бірақ, дәрігер әуе жолында ұшып, дертінен айыққан науқасты әлі кездестірмегенін айтады. Ең дұрысы – дәрігерге қаралып, әркімнің ағзасындағы жеке жағдайларына қарай медициналық ем алғаны.

Сағыныш Нұрғабылова сондай-ақ, біздің өңір аса қауіпті әрі өте жұқпалы инфекциялар қатарына жататын Конго-Қырым қанды безгегі бойынша эндемиялық аймақ болып табылатынын айтты. Облыс аумағында жыл сайын ақпан айынан бастап аталған жұқпалы дерт туралы ақпараттар, алдын-алу шаралары туралы мәліметтер барынша кеңінен таратылады екен.

– Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және әр аудандарға медициналық қызметкерлер барып, халықпен кездесулер, семинарлар өткізіп тұрады. Жылына 2-3 рет инфекционист дәрігерлер негізгі жұмысына қосымша аудандарға барып, аурухана мен емханалардың кене маусымына дайындықтарын тексереді. Сақтық шараларын насихаттайды. Облысымызда Сарысу, Байзақ, Мойынқұм, Жамбыл, Шу аудандары жоғары эндемиялық аймақ болып саналады. 2023 жылы Конго-Қырым қанды безгегімен 12 лабораторлы жағдай анықталды. Солардың тоғызы аман-есен жазылып шығып, өз отбасына оралды. Ал үшеуі, өкінішке қарай, мәңгілікке көз жұмды. Сондықтан бұл ауруға бейжай қарауға болмайды. Жылдың жылы мезгілі басталысымен кенелер мен кеміргіштер табиғатта белсенді бола бастайды. Олар Конго-Қырым қанды безгегі сияқты аса қауіпті инфекциялардың қоздырғыштарының тасымалдаушысы. Бұл инфекция ағзаның ауыр интоксикациясымен, қан тамырлары мен қан ұю жүйелерінің зақымдалуымен, терідегі және шырышты қабаттардағы аздаған бөртпелерден бастап асқазан, жатыр, өкпе және тағы басқа қуысішілік қан кетулермен асқынып, көбінесе адамның өліміне әкеледі. Табиғаттағы адамдарға жұқтыру көзі – жайылымдық иксод кенелері, оларды көбінесе кеміргіштер тасымалдайды. Сонымен қатар, үй жануарлары кенелеп те жұқтырады. Адамға Конго-Қырым қанды безгегі вирусы бар кененің шағуы, ауылшаруашылық жануарларын күту және олармен байланыста болғанда жұғуы мүмкін. Кене шаққаннан аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі кезең 1 күннен 14 күнге дейін, орта есеппен 4-6 күнге созылады. Ауру әрқашан 39-40˚С-қа дейін жоғары температурамен және әртүрлі локализациядағы ауырсынумен жедел басталады. Қалтырау, бас ауруы, бұлшықеттерде, буындарда, іште және белде ауырсыну сезіледі. Жиі бас айналу, құсу, беттің және шырышты қабықтың қызаруы байқалады, екінші геморрагиялық синдромның (қан кету) қосылуынан науқастың жағдайы бірден ауырлап кетуі мүмкін. Сондықтан кене шаққанда және аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну өте маңызды, – дейді Сағыныш Қабылтайқызы.

Бұл ауыр дерттен қорғану үшін қарапайым ғана қауіпсіздік шараларын ұмытпай, сақтану жеткілікті. Мәселен, табиғат аясына шыққанда ашық түсті киініп, репелленттерді пайдаланып, кене жабыспауын қадағалау, жануарларға күтім жасағанда, дала жұмыстары кезінде денеге кенелердің жорғалауынан қорғайтын қорғаныш киімін қолдану керек. Жануарларға арналған қора-жайларды арнайы препараттармен өңдеу арқылы кеміргіштерден, кенелерден залалсыздандыру үлкен қатердің алдын алуға көмектеседі.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар