2004 жылдан бері облыс әкімдігінің жанында мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия тұрақты жұмыс істеп келеді. Ал, өткен жылы осы комиссия қайта құрылып, оның мүшелері жыл сайын облыс аумағындағы мекемелерге кемінде екі рет зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, мониторингтік топ жыл басынан бері 312 мемлекеттік мекеме мен ұйымға зерделеу жұмыстарын жүргізіп, оның нәтижесін комиссия отырысына ұсынды. Сондай-ақ, есепті кезеңде облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы тарапынан 3 семинар ұйымдастырылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қолға алынды.
Атап өту керек, өңірімізде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің жай-күйі тұрақты бақылауға алынған. Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығы негізінде бүгінгі таңда барлық мекемелерде тұрақты комиссия құрылып, жауапты тұлғалар бекітілген. Қазіргі күні облыс аумағындағы 1400-ден астам мекемеде мемлекеттік рәміздер орналастырылса, оның ішінде 2621 Мемлекеттік Ту тігіліп, 5750 Мемлекеттік Елтаңба ұлттық стандарттарға сәйкес ілінген.
Тараз қаласындағы «Достық» үйінің жанынан ашылған мемлекеттік рәміздердің мән-маңызын түсіндіретін ағарту орталығы қарапайым қала тұрғындарының Ту мен Елтаңбаға деген шынайы құрметін қалыптастыру бағытында маңызды рөл атқаруда. Бүгінде облыс орталығындағы Тұңғыш Президент саябағында және Сарысу ауданының Жаңатас қаласында Мемлекеттік Туымызға арналған Тутұғыр бар. Бұдан бөлек, Жамбыл ауданындағы Бесжылдық ауылына Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбековтың есімі беріліп, үш жыл бұрын Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолының бойына Тутұғыр орнатылған.
Мемлекеттік рәміздер туралы білім беру ұйымдарында «Мемлекеттік рәміздер – мақтанышымыз!», «Мемлекеттік рәміздер – ел мәртебесі» және өзге де тақырыптарда ашық және тәрбие сағаттары ұйымдастырылса, мәдениет мекемелерінде тұрақты түрде көрмелер көпшілік назарына ұсынылуда. Ал, әлеуметтік желілерде тақырыптық роликтер, посттар, ақпараттық инфографикалар ұдайы жариялануда. Айталық, мемлекеттік рәміздер бойынша әзірленген бейнероликтер әлеуметтік желілер мен танымал топтарға таратылды.
Осы жылдың сәуір айында мемлекеттік рәміздердің атрибуттарын қолдана отырып, тұрғындар мен жоғары және орта арнаулы колледж студенттері арасында «Сіз мемлекеттік рәміздерді білесіз бе?» атты сауалнама және қолөнер бұйымдарына байқау ұйымдастырылды. Мемлекеттік рәміздер бойынша облыста барлығы 29 сыртқы көрнекі ақпарат құралы орналастырылды. Сонымен қатар, халыққа қызмет көрсету орталықтарында Қазақстан азаматтығын, неке және туу туралы куәліктерді алу сәтінде азаматтарға Мемлекеттік Тудың жалаушасын тапсыру шарасы ұйымдастырылып, құжат алушы 100 азаматқа жалауша және естелік сыйлықтар табысталды.
Елдігіміздің бастауы, азаттығымыздың арқауы болған Мемлекеттік рәміздер күні Әулиеата жерінде кең көлемде атап өтілді. Айтулы мереке қарсаңында жамбылдық жастар түрлі әлеуметтік желілерде «Менің Туым – менің мақтанышым» атты челлендж ұйымдастырды. Жалпы, Рәміздер күніне орай облыс орталығында «Туған жерім менің – Қазақстаным!» атты форум ұйымдастырылып, оның барысында түрлі сала бойынша патриот азаматтар марапатталды. Дәл осындай мазмұндағы іс-шаралар барлық аудандарда ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, тұрғындар көпқабатты үйлердің терезелері мен балкондарына Мемлекеттік Туды бір жолақпен орналастырып, «Ту – барлық үйде» акциясы өткізілді. Ал, барлық мекемелер мен кәсіпорындарда бір уақытта Мемлекеттік Гимн орындалды. Білім мекемелерінде «Тәуелсіздік рәміздері» тақырыбында эссе байқауы, «Рәміздерді қасиеттеп, құрметтеу» атты мәнерлеп оқу сайысы, мәдениет мекемелерінде «Еліміздің мемлекеттік нышандары» атты құқықтық сағат, «Үмітін елдің арқалап, арманнан туған рәміздер» атты концерттік бағдарлама, «Рәміздер – ұлттық нақышымыз» тақырыбында көрмелер мен жоғары оқу орындарында «Туы биік елдің – тұғыры биік», «Рәміздер – елдігіміздің айнасы» тақырыптарында дәрістер, спорттық шаралар өтті.
Сондай-ақ, осы жылдың екінші жартыжылдығында түрлі этнос жастары арасында патриоттық өлеңдер оқудан байқау, Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбековтың туған күніне орай облыстағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында «Менің Туым – менің мақтанышым!» атты эссе жазудан байқау ұйымдастыру жоспарлануда. Өз кезегінде бұл іс-шаралардың барлығы азаматтардың бойында патриотизм мен отансүйгіштікті нығайтып қана қоймай, жас ұрпақтың тәрбиесіне оң ықпал ететіні даусыз.
Ұлана СЛАМБЕКОВА,
облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді