Жер бетінде адамзат тұтынатын тұщы судың көлемі гидросфераның үш-ақ пайызын құрайды. Судың құрамында минералды тұздар көп болса, адам ағзасына өте қауіпті. Ол адамның ас қорыту жүйесін бұзады. Яғни, адамның денсаулығы ауыз судың сапасына байланысты. Бүгінде ағын сулардың, көлдер мен каналдардың ластануына, олардың табиғи гидрологиялық режимдерінің өзгеруіне байланысты елді мекендердегі тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі туындап отырғаны рас. Облысымыз жерасты тұщы су қорымен толық қамтамасыз етілген деп айтуға болады. Бірақ, жерасты тұщы суларын басқа да қажеттіліктерге пайдалануының себебінен, жерасты сулары да жоғары дәрежеде ластануға ұшырап отыр.
Орта Азиядағы су көлемінің азаюына климаттың өзгеруі, инфрақұрылымның тозуы мен су ресурстарын тиімсіз пайдалану әсер етуде. Республика аумағынан өтетін ірі өзендер Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан Республикаларынан (Есіл, Іле, Талас, Шу, Сырдария) бастау алады.
Біріншіден Әмудария, Сырдария, Қырғызстан Республикаларынан бастау алатын өзендер арнасы күз, қыс, ерте көктем кезінде жоғарғы ернеуіне дейін толып ағып жатады. Енді неге осы тасқын суларын бір жерге жинап, ауыл шаруашылығы егіндерін суғаруға, немесе осы суларды бір жүйеге келтіріп құрғап жатқан Арал теңізінің (көлінің) деңгейін көтеруге пайдаланбасқа?!
Екіншіден, халықтың «Әкең су мұрабы болса да, судың басында отыр», дегені рас қой. Себебі, ата-бабаларымыз көшпенді халық болғандықтан жаз жайлауда, қыс қыстауда қыстаған. Мал шаруашылығы үшін кең жер ыңғайлы болған, сулы жерге орнықпастан, өзендердің төменгі саласында орналасқан. Қазіргі кезде осы мәселелер жоғары дәрежеде сезіліп отыр. Себебі, көктемнің соңғы айларынан, яғни егінді нағыз суғаратын кезден бастап күзгі егінді жинап алатын кезге дейін су тартылып, өзен арналарында адамның тобығына зорға жететін су ағады. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы егіндерін суғаруға су жетіспейді. Соның салдарынан өнім өндіру саласында судың жетіспеушілігінен қуаңшылық жиі орын алады. Облыс аймағында қысқы-көктемгі жауын-шашыннан түскен тасқын суларды қажетті көлемде бір жерге жинайтын су қоймалары мен каналдар жеткіліксіз. Яғни, жауын-шашын мен еріген қар суларын тұрмыс-тіршілікке кедергі келтірмейтіндей етіп сақтап қала алмағандықтан, жазда суармалы егін алқабын сумен толық қамтамасыз ете алмаймыз.
Үшіншіден, жылда көктем айларында республикамыздың барлық аймақтарындағы елді мекендерді бір жыл емес, бірнеше жылдан бері еріген қар сулары (тасқын сулар) басып жатыр. Бірнеше жылғы су тасқыны көріністерінен кейін тасқын судың қай жақтан келетіні, қай елді мекенді басатыны белгілі болды. Неге осы мәселелерді түбегейлі шешу үшін алты ай жазда елді мекендерді су тасқыны баспайтындай етіп су жинағыштар (коллекторлар) қазып, қоршағыш тасбөгеттер (дамбалар) құрылмайды?
Басқа өңірлермен салыстырғанда облысымызда моншалар және автокөлік жуатын нысандар көп. Өздеріңіз көріп жүргендей, қаладағы және ауылдағы каналдарға полиэтилен пакеттерді, пластик бөтелкелерді, үйден шыққан қоқыстарды лақтырып тастайтындар да бар. Тіпті, өлген ит, мысық және сойылған малдардың ішек- қарындарын да табуға болады. Мәселен, алманы жуып жеу керектігін, киімді қағып кию қажеттігін білеміз. Олардың лас екенін біледі, сонда канал бойында орналасқан елді мекен халықтарының жоғарыда аталған заттарды суға тастағанда оның ластанатынын білмейді ме? Суға бұлай қарау денсаулыққа ғана емес, сонымен қатар экономикалық тұрғыдан да шығындар әкеледі.
Сондықтан бұл салаға жас, көзі ашық, көкірегі ояу автоматика саласын және инновация мен жаңа технологияларды жетік меңгерген білімді мамандар керек. Қазір су қоймалары мен магистралды каналдар пилоттық режимде цифрландыру құрылғыларымен жабдықталған. Бірақ, бұл мамандыққа қызығып, «Осы саланы игеремін, осы мамандық бойынша білім аламын» деп келетін талапкерлер аз. Себебі, бұл саладағы мамандарға төленетін жалақының төмендігі де теріс ықпал етуде.
Соңғы онжылдықта бүкіл әлемде су ресурстарының ахуалы алаңдатушылық тудырып отырғандықтан және осы мәселе біздің елімізде де, облысымызда да орын ала бастағандықтан, бұған бейжай қарауға болмайды.
Сондықтан жоғары білімді мамандарды дайындау үшін өндіріс саласында жұмыс істеген тәжірибесі бар бас мамандарды білім беру саласына тартып, жоғары квалификациялы мамандарды дайындау керек. Ол үшін студенттерге білім беру кезеңін, өндірістегі негізгі технологиялық үрдістермен байланыстырып оқытуды қолға алған тиімді. Өндірістік және дипломалды іс- тәжірибелерін өндіріс орындарында өту кезеңінде мұнай, су шаруашылығы саласындағы технологиялық процестерді толық меңгеруін қамтамасыз ету үшін осы салада жұмыс істейтін бас мамандарды шақыртып, келешекте білімді, заман талабына жауап беретін жас мамандарды даярлау көзделуі тиіс. Сонда ғана апаттың алдын алып, қолда барды қажеттілікке қолданып, ұқсата аламыз.
Юлдашбай ДӘРІБАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Мұнай, газ және тау-кен ісі» кафедрасының оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді