Көксай

Көксай
Ашық дереккөз
Табиғаты таңғажайып, арынды өзеннің суы жаяуға ғана емес, аттылыға өткел бермейтін шатқалдың бірі – Көксай. Туристік орталыққа сұранып тұрған ол Жуалы ауданы ғана емес, бүкіл облыс тұрғындарының мақтанышы. Онда болған адам шатқалдың қос беткейінде сыңсып өсіп тұрған арша мен шырша, бозарша және аққайыңдары, кәусар ауасы мен мөлдір суын, алуан гүлдер өсетін көк шалғынын еш уақытта ұмытпайды.

Шерхан Мұртаза өзінің «Ақсай мен Көксай» әңгімесінде Көксайды былай бейнелейді: «Суға ұзақ қарасаң басың айналып, жүрек айниды. Тілсіз дүлей. Заңғар таудан құлап, аласұрып асыққанында қайда барады? Қарқынына қарасаң – мұхитқа жығылмай тынбайтын-ақ сияқты. Бірақ, бұл өзеннің арыны қатты да, адымы қысқа. Осыдан осы Көксай Күркіреуге барып қосылмақ. Ал Күркіреу болса Маймақтың Қапшағайында Теріс өзенімен табысып, сол жерден бастап екеуінің де есімі жойылып, Аса аталады. Әулиеата жақтағы колхоздың арық-атыздарына түсіп, жетекке ілеседі де, қызылша алқабына жетіп ада болады. Осындай ерте көктемде не қыста ғана төменгі Билікөлге барып құяды. Бұлардың мұхиты – Билікөл» дейді.

Өткен ғасырдың 50-60 жылдары Көкс айдың батыс бөлігі де қазіргі шығыс бөлігі сияқты тау ағаштарымен көмкеріп тұрған екен. «Жуалы ормандары қорының» қорықшысы Қалымхан Аманқұлдың айтуынша, оның жойылып кетуіне адамдар себеп болыпты. «Кеңес Одағы тұсында ауданда екі әскери совхоз дүрілдеп тұрды. Олар жылда жаз бен күзде ауыл шаруашылығы науқанына көмекке келетін. Ал олардың қолбасшылары осы Көксайда сауық-сайран құрып, демалатын. Әр келген сайын генералдар мен қарамағындағы офицерлер жаңа қаруларын осында сынақтан өткізетін. Сондай сынақтың бірінде шатқалдың батыс бөлігі өртке оранып, ондағы арша мен шырша, қайың мен тобылғы, итмұрын және басқа да өскіндер жойылады. Әскери қолбасшылық өртті сөндіруге әрекет етпегендіктен, тұтас беткей жанып, тақырланып қалды. Сөйтіп, Көксайдың батыс бөлігіне қайта ағаш өсіп шықпай, осылай жалаңаштанып қалды», – дейді ол.

Ауылшаруашылығы дақылдарын ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында 1964 жылы Көксай өзенінің арнасымен 24, 5 километр темір бетон канал салынған болатын. Оның 12,5 километрі Қырғыз Республикасының аумағы арқылы өтті. Каналдың суы Ақтөбе, Қызыларық пен Нұрлыкент ауылдық округтеріндегі 1684 гектар алқапты ылғалдандыратын, бір бөлігін қырғыз ағайындар пайдаланатын. 2000 жылдары жазда осы су үшін шу шығатын болды. Қырғыздар жазда каналды бөгеп, аудан диқандарына су жібермеуді әдетке айналдырды. Ал, мәселені шешуге барған мамандарды қырғыз шекарашылары жерлеріне өткізбей әуре-сарсаңға салды. Көршілеріміз 2012 жылы каналға жүк көліктерімен кұм төгіп, шілде айында 15 күнге жуық су бермей қойды. Мұның өзі егіншілердің егістігінен күтілгендей өнім алуына кері әсерін тигізді.

Жыл сайын қайталанатын осындай келеңсіздіктен мезі болған аудан және облыс басшылары аудан аумағында жаңа канал салу туралы мәселені Үкіметтің алдына қойды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, осынау өзекті де өткір мәселе 2013 жылы оң шешімін тапты. Үкіметтен оны салуға 5,4 миллиард теңгеге жобалық- сметалық құжаты жасалды. Жоба сараптамадан өткеннен кейін 5,2 миллиард теңге бөлінді.

Кейіннен осы «Көксай» каналының бойында қуаттылығы сағатына 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысын жүргізу қолға алынды. Ол жобаның құны – 5,2 миллиард теңгені құрайды. Жоба аясында бір станса салынғанымен, жоба жарты жолда аяқсыз қалды.

Бүгінгі таңда Көксайда туризм жақсы дамып келеді. Атап айтсақ, өткен жылы «Көксай» этно- туристік кешенінде тау-шаңғы кешені ашылды. Осыған дейін жаз мезгілінде демалу үшін арнайы жатын бөлмелер, монша, киіз үй, асхана қызметтерін ұсынып келген кешен ендігі кезекте қысқы демалысты ұйымдастыруға да ден қойып отыр. Енді облыс тұрғындары мен қонақтары «Көксайға» барып шаңғы мен сноуборд теуіп, сырғанап, қыс қызығын тамашалай алады.

Мұнда күніне 500 адамға дейін демалуына жағдай жасалған. Ең қызығы, кешен толықтай күн батареялары арқылы электрмен қамтылған.

 

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар