Жалпы, балық шаруашылығын игеруге ынта- жігерден бөлек, тоғанның жай-күйі, түрлі жем- шөп азықтарын меңгеру қажет екені белгілі. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында облыстағы су айдындарынан жылына бес мың тоннадан астам балық ауланған. Ол балықтардың 3,5 мың тоннасы облыстың түкпір-түкпіріне жөнелтілсе, қалғаны еліміздің өзге қалалары мен Ресейге экспортталған.
Дегенмен, бүгінде бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен. Мәліметке иек артсақ, өңіріміздегі су айдындарынан бар болғаны 1100 тонна балық ауға ілінеді. Оның 800 тоннасы Балқаш көлінен ауланса, 300 тоннасы аймақтағы ірілі-ұсақты су айдындарына тиесілі. Бұл, әрине, облыс үшін өте аз екені анық.
Десе де, бұл кәсіптен нәсібін айырып отырған Жамбыл ауданы, Қызылқайнар ауылының тұрғыны Бағлан Сауранбаев балық шаруашылығымен жеті жылдан бері айналысып келеді. Әуелде жанына серік еткен шаруашылық түрімен тек қызығушылық ретінде шұғылданса, кейіннен бұл саланы дамытып, мықтап қолға алған. Соның нәтижесінде «Golden Fish» шаруа қожалығын ашып, балық түрлерін көбейте білген.
– Кәсіпкерлік нысанында бүгінгі таңда шабақтарды өсіріп, оны өзге балық шаруашылықтарына сатумен айналысамыз. Мұнда амур, форель мен тұқа сынды балық түрлері бар. Балықтар инкубациялық цехта уылдырық шашқан сәттен бастап, арнайы бассейндерде өсіп, жетіледі. Жалпы, цех аумағында 12 бассейн жұмыс істейді. Олардың әрқайсысында жас шабақтардың дұрыс дамуына қолайлы жағдай жасалған. Егер шабақтардың күйі дұрыс қадағаланса, 30-40 күн аралығында сатылымға дайын болады, – дейді шаруашылық нысанының директоры.
Бағлан Нұрланұлының айтуынша, балық өсірушілердің ең үлкен мәселесі – оның жемінің тапшы болуында. Қолға алып қарасақ, қарыстай ғана тұрпаты бар тіршілік иесі жымық пен жүгері, бидай мен арпадан бөлек, арнайы балық ұны мен түрлі дәрумендерді тұтынады екен. Ал, мұндай дәнді дақылдардан құралған құрама жемді ел аумағы бойынша Алматы қаласында ғана өндіретін көрінеді. Сол себепті де кәсіпкер біраз жанға беймәлім болып келген осы іске бел шеше кіріскен. Осы мақсатта өз есебінен 60 миллион теңгеге нысан аумағында екінші цех құрылысын бастауды ниет етуде. Құрылысын келесі айға жоспарлаған цех облыстағы алғашқы балық жемін өндіруші өндіріс орны болмақ.
– Бүгінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан құрылыс нысанының аумағы айқындалып, құжаттары рәсімделуде. Егер бәрі ойдағыдай іске асса, құрылыс жұмыстары келесі айда басталып кетеді. Алдын ала жоспар бойынша ғимараттың осы бөлігінде құрама жем дайындауға арналған құрылғылар – экструдерлер мен грануляторлар, арнайы кептіргіш және ұнтақтағыш құрылғылар орналастырылады. Сол арқылы сатылымдық бағыттағы уылдырықты көбейтуді мақсат етудеміз, – дейді Б.Сауранбаев.
Айта кету қажет, мұндағы балық уылдырықтарының алғашқы легі Дания мен Польшадан алынған. Сондықтан да шаруашылыққа осы бағыттағы жұмыстары үшін мемлекет тарапынан қолдау ретінде субсидия қарастырылған. Қазірдің өзінде инкубациялық цех ай сайын 300-400 мың шабақты сатылымға шығарады. Бағлан Сауранбаев бұл көрсеткіштерді алдағы уақытта еселей түсуге ниетті.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді