Сөз басын дәуірлердің дауылы соқса да қалыбы бұзылмаған, құзынан замана зары, шыңынан шежірелі тарихтың шындығы жаңғырған туған өлкенің алыбы, қасиетті Қаратаудан бастасақ.
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айырылған жаман екен,
Екі көзден мөлдіреп жас келеді, – деп әйгілі қолбасшы, жырау Қожаберген Толыбайұлының ел тарихындағы ең қиын кезеңді өткір суреттеген «Елім-ай» дастаны қанша ғасыр өтсе де санадан сылып, қиялдан қырып, жүректен жонып, көңілден кертіп алынбайтын намыс жыры болып бедерленді.
Әйгілі туынды жеті бөлім, 3683 шумақтан, 14732 жолдан тұратынын белгілі тарихшы, академик Манаш Қозыбаев есептеп шыққан. Тұңғиығына ұлттың қасіреті мен қайғысы тұнған бұл жырдың өмірге келгеніне былтыр үш ғасыр толды.
Бастан-аяқ қазақтың тағдырлы тарихын бебеулете жөнелетін бұл жырды академик М.Қозыбаевтың өзі «Илиада» мен «Одиссеяға» теңегені бекер емес. Жанрын зерделеушілер оны қисса, дастан, тіпті шежіреге жатқызып, әрқилы пікір айтады. XVIII ғасырда қазақтың атақты үш биі Қаратауда жоңғарларға қарсы келіссөз жүргізіп, сондай-ақ «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» шайқастары жылдарындағы зарлы «Елім-ай» әні де сол кезеңде өмірге келіп, күні бүгінге дейін көңіл күңіренісіне айналып келеді. Осы жырдың сарынымен қазыналы Қаратаудың бөктеріне кешенді мүсін орнатса да артық етпес еді. Дейтұрғанмен, әдебиетіміздегі сөзден соғылған мәңгілік мүсіннің ешуақытта еңсесі түспейтіні жан жұбатады.
Жалпы, Жамбыл өңірінің қай қиыры да ақындар мен жазушылардың жауһар шығармаларына арқау болғаны анық. Соның бірі әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлы мен баспасөз баһадүрі, қаранар қаламгер Шерхан Мұртазаның, қайсар рухты ақын Бауыржан Үсеновтың туған жері – Жуалы ауданы. Бұл өлке осы тұлғалардың күллі қазаққа белгілі шығармаларына сан мәрте арқау болғаны анық. Бірақ, біз өңір табиғатына өзге қаламгерлердің көзқарасымен қарағанды жөн санадық.
«Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады... Бұл өлкеде теміржолдың қос қапталынан басталып сақара сар даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады. Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, теміржолдың алыс-жақындығына қарай өлшенеді. Ал, пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады»...
Бұл – әлем жазушысы Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Боранды бекет» шығармасынан үзінді. Жамбылдың Жуалы ауданындағы Боранды бекетінің бүгінгі тынысы да дәл осы суреттегідей.
Адамзаттың Айтматовы осы шығармасында қоғам дертіне айналған мәңгүрттік мәселесін, рухани құлдыраудың құрдымын, моральдық катаклизмнің бүтін ұлттың тілін, тегін, дәстүрін трагедияға айналдырып жібере алатын алапат зардаптарын тереңінен қаузайды.
Сол секілді Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығында Мойынқұм мен Шу ауданының жазық даласы, тұмса табиғаты да аз-кем суреттелмейді.
«Aқбөрi мен Тacшaйнaр құмнaн, қaлың қaмыcтaн қaшып, тaу iшiне тығылғaн. Құмдa қуғынғa ұшырaп, бөлтiрiктерiн oққa ұшырaтca, қaмыc пaнaлaғaндa екiншi рет туғaн бөлтiрiктерiн өртке aлдырғaн. Ендi тaудaғы үңгiрге тығылып, жaңa туғaн бөлтiрiктерiн caқтaп қaлмaқ. Бәрiнде де тұяғынaн aйырып, aзaпқa caлып жүрген – Aдaмдaр. Бiрaқ acпaн тiреген тaу дa пaнa бoлмaды. Әлгi coңдaрынaн қaлмaй қoйғaн aдaмдaр, әйтеуiр, aдaмдaр төрт бөлтiрiктi тaғы дa aлып кеттi», – деп суреттейді жазушы дала қасіретін.
Бұл да Айтматовтың әйгілі «Жан пида» романынан кесек үзінді. Мұнда автор табиғат пен оған залал әкелген қоғам мен адамзат бейнесін шебер бейнелейді. Мойынқұм даласынан жапа шегіп, Ала-Мөңгі баурайына ауып келген кірме қасқырлар бұл маңнан да опа таппайды. Қиыр далаға қияннан келген қиянат жоқ, тек адам ізі пайда болғаннан зұлымдық та сайын далаға салтанат құра бастайды. Тіпті, аң мен құстан бастап, дала киесі атанған арландарды да бұл залал айналып өтпейді.
Мәселен, «Сахара тіршілігіне табиғаттың өзі таразылап берген тәртіп бар – жыл айналып өзгермей келе жатқан таразылы тәртіпті әлдебір зұлмат жұт, яки адам баласының сорақылығы ғана бұзбақ...» дейтін жолдардан автордың адамзат қатыгездігін қатал сынағанын аңғаруға болады.
Аққұртқаның Авдийді алғаш көргенде оның үстінен қарғып өтуінен қанша жыртқыш бола тұра түз тағысының ондай қиянатқа бармайтынын, табиғи тектілігін көрсетсе керек. Ал, Мойынқұм даласында жөңкіліп жортқан ақбөкендерді қоғадай жапырған адамзаттың ашкөздігі мен тойымсыздығы ащы сыналады. Жортқан аңға таяқ тастам жерде тұрған қасқырлардың өзі мұндай жауыздыққа бармады.
«Өйткені, олар тоқ болатын, ал мынандай ми айналған ыстықта тоқ қарынмен желаяқ ақбөкендердің соңына түсіп қуалау өзіңе өзің ажал тілегенмен бірдей. Ең бастысы – бөлтіріктерді сұрапыл сүргінге салуға әлі ертерек еді. Сұрапыл қуғында күшіктер алқынып, құр қызылмай болып, киік ұстай алмай қалса, меселі қайтып екінші рет аңға құлқы шаппай, өмір бақи майып болып қалмақ» деп көкейдегі сауалға көркем жауап қайырады.
Жазушы шығармадағы адам тұрпатындағы кейіпкерлер арқылы моральдық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар апиыншылық пен маскүнемдік секілді мәселелерді көтеру арқылы оқиғаны одан сайын шыңдай түседі.
Оған Кепа, Үзікбай-Абориген, Мишка-Шабашник, Обер-Кандалов, Гамлет-Галкин, Петруха, Махач, Коля, Гришин секілді образдарды мысал етіп келтіреді. Осы тобырға қарсы Авдий тағдыры да ішкі арпалыстарға толы толғаныстармен суреттеледі. Оның соңғы сәті де: «...Бұталарға шатысып қалған құс құсап, тарбиған сексеуілге ебедейсіз асулы тұр... Адам қимылдамайды, үн шығармайды, басы бір жағына қисайып салбырап қалыпты, бір ұртынан жіп-жіңішке жылғаланып қан ағыпты». Бұл сексеуілге асылған Авдийдің өлімі еді. Осы суреттеуден Иса пайғамбардың ағашқа таңылып тұрған бейнесі қатар көрінеді.
Дәл осы Мойынқұм даласы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, әйгілі жазушы Оралхан Бөкейдің «Құм мінезі» шығармасында да анық суреттелген. Осы далаға талай мәрте жазушыны арнайы тапсырмамен аттандырған Шерхан Мұртазаның өзі бұл шығарма туралы:
«Мойынқұмда мен де болғанмын. Малшылардың арасында апталап жүргенім бар... «Лениншіл жасқа» қызметке жаңадан келген Оралханды Мойынқұмға командировкаға жібердім. Газет жұмысы – бір жағынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің, сан түрлі адамдармен кездесесің. Шығармаға жем табылады. Газет бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады. Сөйтіп жүріп, мен бастап қойған повесімді аяқтай алмадым... Ал, Оралхан сол сапардан біраз жыл кейін «Құм мінезі» деген повесть жазды. Міне, жазу! Жазсаң – осылай жаз. Әйтпесе, кінәсі жоқ ақ қағазды шимайлап былғама. Он күндік сапарда бұрын өзі көріп-білмеген жердің тамырын басып танып, сол құмдағы адамдардың мінез-құлқын, психологиясын, тұрмысын, жүріс-тұрысын, ең бастысы – жанын ұғып-білу – жаратылыстан дарын иесіне ғана дарыған. Әйтпесе сол құмда мен де талай рет болдым ғой. Иә, кәдімгі бұйығы бұғып жатқан бұйра құм. Сексеуілі, шөбі, қояны, қырғауылы, шопан үйі, қойы, иті, т.б. Ал, Оралханның көзімен қарағанда, мен бұл құмды өлкені тұңғыш рет көргендеймін. Құмға жан біткен. Құмға мінез біткен. Құм момақан екен. Құм дүлей екен. Құм әнші екен. Құм күйші екен. Құмда да қуаныш, құмда да мұң болады екен» деп терең тебіренісін жазып қалдырған еді.
Бас кейіпкері Бархан арқылы қойшының өмірін, азабы мен күйзелісін, Бетпақта да бой көрсеткен әділетсіздіктің кейпі кеңінен суреттелген шығармада автор оқырманға «Қайда, көшпелі құм?», «Қайда, өр рух?» деген салмақты сауал тастайды.
Осылайша тағы бір классик жазушымыз Әбіш Кекілбаев: «Оралхан Бөкей – жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүлей суреткерінің бірі ретінде әлемдік танымдылыққа ие болды. Оралхан азғантай ғұмырында сондай асқаралы биікке өзін де, елін де, туған әдебиетін де шығарып үлгерді» деп суреттеген Оралхан Бөкей түптің түбі құм мінезі әділетсіздікті аямайтынын шебер айғақтап шығады.
Əбіш Кекілбайұлының «Талайғы Тараз» дерекнама кітабының алар орны да айрықша. Дерекнама туынды ЮНЕСКО деңгейінде кең көлемде аталып өткен Тараз қаласының 2000 жылдық тойы қарсаңында бес мың таралыммен жарыққа шыққан болатын. Онда автор Тараздың текті тарихын сөйлете отырып, қазақтың мəңгілік жырын қозғайды.
Жазушы мұнда өткен бабалар ізін түгендеп, керуен жолынан, тас бедерінен, қыш қирандысынан, көне қолжазбадан іздей отырып, əрбір оқырман жан-тəнімен беріліп оқитын дерекнама хикаятын туғызған. Қаланың шын мəнінде өзіндік бай тарихқа ие екенін, өркениеттердің тоғысқан жері екендігін анық көрсетеді. Сонымен қатар, еңбекте Қазақ хандығының мемлекеттік идеологиясы əр кезеңде қалай қалыптасқанына жеке-жеке тоқталып, айшықтап береді. Автор ұзаққа созылған шайқастар қазаққа ұлттық сенім, мемлекеттік ұстаным, ұлттық жəне мемлекеттік бірегейлік қалыптастырғанын да айрықша атап өтеді. Сонымен қатар, Əбіш Кекілбайұлы тарихының талайлығы тұрғысынан əлемдегі бағзы қалалардың бірінен саналатын Таразға қатысты бұл еңбегінде екі мыңжылдық аралығында қазақ жерінде ғана емес, бүкіл Азия құрлығында болған елеулі оқиғаларға шолу жасайды. Көптеген деректер мен дəйектер негізінде көне қаланың халықтар тарихында алатын орнын жан-жақты көрсеткен.
Хош, сонымен Мойынқұм десе тағы бір тарихи һәм әдеби мұраларымыздың бірі – «Құралай сұлу» поэмасы еріксіз еске оралады.
Ақын Иса Байзақов жинақтаған тарихи деректерге көз жүгіртсек, ертеректе қалмақ нояны сұлулығына қызығып алып кеткен қазақ келіншегі Құралай атты сұлу қызды өмірге әкеледі. Көркіне ақылы сай болып өскен қыз кейін қазақ елін іздеп тауып, ана аманатын орындау үшін Келден деген батырмен бірге қалмақтардан қашып кетеді. Жолда ну қамыстың ішіндегі жолбарысқа кезігіп, мерт болған сұлуға Келден батыр 40 нарға жүк артып келіп, кесене тұрғызады.
1924 жылы Орынбор қаласында оқып жүрген жас ақын Иса Байзақов ел аузынан естіген аңыз-әңгімелердегі деректерге сүйеніп, «Құралай сұлу» поэмасын жазады. Осы поэма 1924, 1925, 1971 жылдары мемлекет тапсырысымен жеке кітап болып басылғаны мәлім. Құралай сұлудың кесенесі тұрған жер ақын поэмасындағы суреттелген жер бедеріне, көлдің келбетіне дәл келеді. Кесененің XVIII-XIX ғасырлардағы архитектуралық, мәдени ескерткіштер қатарына жататынын ескерсек, сол уақытта Мойынқұм даласында жолбарыс жортқанын да аңғару қиын емес.
Ол өзен Шудан аққан бойыменен,
Батысқа өлкені өрлеп кетеді әрман.
Өзеннің екі жағы қамысты көл,
Жайылып екі тарап болады сел.
Ат шаптырым алабында жайлаған ел...
Аққу, қаз сұңқылдайды үнін қосып,
Алыстан көрсеткенде сұлу сағым,
Күлдіреп көтеріп тұр, көлдің бағын...
...Сейқынның бір қызы бар жаннан асқан,
Жерде туып, көкте күнмен нұрын қосқан,
Хан түгіл, халқы сүйіп Құралайды,
Әрдайым, әйелсінбей ақылдасқан, – деп әспеттелген Құралай сұлудың келбеті мен парасаты әлі күнге көпшілікке үлгі болып келе жатқаны да белгілі.
Жалпы, Әулиеата жеріне табан тіреп, талай өлмес туындыларды өмірге алып келген жазушылардың көш басында Мұхтар Әуезов тұрғаны да тарихтан аян. Қазақтың әйгілі жазушысы көзкөргендердің айтуынша, 1955 жылдың жазында Сарысу ауданына арнайы атбасын бұрып, тың игеру тақырыбына арналған «Түркістан солай туған» очеркін жазған. Ел ішінен шығарма кейіпкерлерін тапқан заңғар жазушы жазбаны алғаш рет сол кездегі «Еңбек туы», қазіргі «Aq jol» газеті редакциясында қағазға түсіріп, Алматыға аттанып кетіпті. «Мен еліміздің тарихының алтын бесігі атанған киелі Қаратаудың құдіретіне таңғалудан ажырай алмай келемін. Біле-білгенге оның әр қойнауы толған сыр екен. Сай-саласы мың бұлақ, шөбін тартсаң су шыққан құтты өлке екен, пәлі. Осы бір жүрекке жақын өңірді аралай жүріп жүз роман оқығандай болдым. Анау Жон өлкесіндегі Қорғантөбе, Қамыр әулие, Қарауыл төбелер, Созақтағы Бабата, Құмкент, Шолаққорған, Түкті Әзиз баба әулие... бәрі-бәрі құпиясын ішіне бүгіп жатқан тылсым дүниелер. Ашып қалсаң талай тарихқа кенелер едік, шіркін! Қолды бір босатып алып, зерттер ме еді?! Жазатын, зерттейтін дүние жетерлік екен...», – деп арманда кеткен екен жарықтық.
Сол секілді сұрапыл ақындардың сұңқары атанған Ғафу Қайырбеков өзінің «Атамекен» жинағының «Әулие-Ата толғауында»: «Осы ғасырдың алғашқы ширегінен бойлап қарасаң – Әулие-Ата талай оқиғалардың бесігі, тарихи тұлғалардың отаны екеніне көзің жетеді. Мен Әулие-Ата тұрғыны емеспін, мұнда тұрғаным жоқ, бірақ мен үшін Әулие-Ата қымбат. Ол – қазақтың Әулие-Атасы болғаны үшін қымбат. Бұл қызыл сөз емес» деп естелік өрбітеді.
Сонау сексенінші жылдары қайсар ақын Фариза Оңғарсынова да өзінің бір естелігінде: «…Мен Гурьев облысында туып-өссем де, өзімді жамбылдық ақынмын деп есептеймін. Жамбылда жаны жомарт достарым да көп. Кезінде творчествомның қайнар көзінің ашылуына игі ықпалын тигізген Жамбыл шаhары – мен үшін екінші ауылым», – деп сүйіспеншілігі мен сағынышын жеткізіпті.
Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Темірбек Қожекеев те өзінің таңдамалы томдығының екінші бөлімін тұтас Тараз қаласына арнап, оған «Тараз тарихының тамшылары» деп айдар таққан. Бұл жинақта ғалым «Тәңірлік дәуірдегі Тараз», «Орта ғасырлардағы Тараз», «Патша заманындағы Тараз», «Кеңес тұсындағы Тараз» деп жіктеп, жіпке тізіп, жауһар қаланың жақұтын жазып кеткені де үлкен рухани олжа.
«Қарағай басын шортан шалған талай-талай заманды көрген бұл Тараз! Небір жарқырап атқан таңды, небір төгілген қанды көрген бұл Тараз! Сонау VІІ ғасырда аббасидтер мен қытайлықтар қырқысында қалған бұл Тараз! Зияд ибн Салих пен Гао Сяньжи арпалысының ауыртпалығын арқалаған бұл Тараз! 893 жылы Самани Исмаил ибн Ахмет пен Қарлұқ қағаны Оғушлақ Қадырхан ойранын да көрген бұл Тараз! Қоқаңдаған Қоқан хандығы мен Ресей империясы арасында көкпар болған бұл Тараз! Бірақ, қанша қан көрсе де, ешқашан жан бермеген бұл Тараз! Өлеусіреп барып, қайта тіріліп, әлсіреп барып, қайта жанданып, жасай берген бұл Тараз! Талайларды табындырған тұғыры берік, Жетісудың батысына алқа-көрік бұл Тараз! Тарихи дауылдар өтінде 2000 жыл бойы тапжылмай тұрған бұл Тараз! Мұхиттың бұйра жал алып толқындары аласұрып келіп, жұтып жіберердей жауып өтіп, кері шегінгенде, орнында мызғымай қалған алып жартас – бұл Тараз! Талай қауіп-қатерден кейін «Мен аманмын, мен мұндамын» деп тұра берген, сауық-сайранын қайта құра берген бұл Тараз! Уа, Тараз! Сен кімге астана, кімге бас қала болмадың. 568 жылы Түрік қағаны Дизабұл (Естеми) Византия императорының елшісін дәл осы сенде қабылдаған. Сен 715-738 жылдары Түркештерге Орда болдың. 746 жылы Қарлұқтарға қарадың, Қарахандар қаласына да айналдың. Келе-келе түріктердің тарихи тұрағы ретінде танылдың» деп басталған бұл кітапта шаһардың шежірелі тарихы мен басынан кешкен шытырмандары кеңінен баяндалады. Қазақ интеллигенциясының сол кездегі қаймақтарының бірі Сыдық Аблановтың «Мені оқытқан да Тараз, қолымды медресе – Хусаинияға жеткізген де Тараз» деп табынғанынан бастап, күні бүгінге дейінгі көрінісі нақты деректермен көркем суреттеледі.
Сол секілді филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаевтың «Тараз өлкесі: Тау мен дала аңыздары» кітабын да өлкенің әдебиеті, фольклоры, шешендік өнері мен түрлі дәуірді қамтитын құнды жинақ деп айтуға болады.
Шераға, Шерхан Мұртазаның Тұрар Рысқұлов туралы әйгілі «Қызыл жебесінде» де Тараздағы тарихы екі ғасырдан асатын, Қоқан хандығымен тамырлас Наманган көшесі, қазіргі Атшабар маңы бірнеше рет кезігеді.
«Әулиеатаның Атшабар базарында аштыққа қарсы, астықты жасырып отырған бай-кулактарға қарсы үлкен митинг болды. Сонда Рысқұлов сөз сөйледі» деп, сондағы меркілік кейіпкер Күләйдің ашына айтқан ащы шындығы да осы шығармада шынайы бейнеленеді.
«Большевиктер аш-жалаңаштар үшін Атшабарда баспана ашыпты» деген хабар жер-жерге, ел-елге лезде тарап кеткен. Осы хабарды естіген кембағалдар Әулие-Ата уезінің түкпір-түкпірінен Атшабарға ағыла бастаған. Атшабар деген есім нәубет жалмауыздың басын шабатын, ертектегі батырдай естіледі... Большевиктер фракциясы бұл пунктті ашуын ашқанмен уақытша үкімет қолдамай, аштарды асырау үшін қор жиналмай, пункт бастығы Мирза-ауфтың шыр-пыры шыққан кез еді. Мирза-ауф осы Атшабардың қой базарында шағын шайхана ұстайтын. Дәу қара қазанда бұрын жұпар иісі бас айналдырып, көз тұндырып, базаршыларды еркінен айырып, сиқырымен тартып палау пісіріліп жататын. Кішігірім кісі бойлы, жуан сары самаурындар сексеуіл шоғынан ысылдап, иінінен дем алып тұрар еді» дейді Шераға сол кездегі жағдайды анық айшықтап.
Қорыта айтқанда, киелі Әулиеата топырағы қазақ әдебиетінің қазынасына, классикалық картинасына, ал сайын даласы сарқылмас мұрасына айналған қадірлі мекен. Біз ел біліп, жұрт таныған қаламгерлердің шығармаларына арқау болған аймақтың ұмытылмас келбетінің бір ұшқынын ғана сөз еттік. Бұдан басқа да шығармалар мен жазбалар, атан түйеге жүк боларлық туындылар өте көп. Әрі олардың қатары жыл санап жаңа кітаптармен толығып келеді. Әдеби әлемнен есте жоқ ескі заманда, нәубетті жылдарда да өз орнын ойып тұрып алған Әулиеата алдағы уақытта талай тәуелсіз ел ақын, жазушыларының жазбаларына да арқау боларына сеніміміз мол.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді