Туған жер тұрғындарымен кездесті

Туған жер тұрғындарымен кездесті
Ашық дереккөз
Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Достық» мәдениет үйінде жуалылық, биыл мерейлі 75 және 70 жасқа толған Қазақстан Жазушылар одағының Құрметті жазушылары, кинодокументалист Доқтырхан Тұрлыбек, сатирик Толымбек Әлімбекұлы, публицист-жазушы Талғат Айтбайұлы мен жазушы-журналист Талғат Сүйінбайұлына арнап, «Алдымызда ағалар бар аймаңдай» атты әдеби-сазды кеші өтті. Жиында алғаш сөз алған облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын оқып, мерейтой иелеріне құрметпен табыстап, қазақы дәстүрмен құрмет көрсетті. Ал, аудан әкімі Жалғас Мұртаза оларға деген игі тілегін білдіріп, құттықтау хаты мен сый-сияпаттарын табыс етті. Бұдан әрі іс-шара мерейтой иелерінің туған ауылдарында жалғасты.

Жазушы, халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясының бас директоры Доқтырхан Тұрлыбек Қарасаз ауылындағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектептің оқушыларымен кездесті. «Ғұмыры ғибратты тұлға» тақырыбындағы кездесу жазушының шығармашылығы және өмір жолына арналды. Кездесу барысында қаламгер оқушылармен сұхбат құрып, авторлық кітаптары мен бейнефильмдерін мектеп кітапханасына тапсырды.

Ал, сатирик Толымбек Әлімбекұлы өзі оқыған Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте кездесу өткізді. Жерлестерінің қошеметі мен ықыласына бөленіп, оқушылармен емен-жарқын сырласып, сұхбаттасып қайтты.

Сондай-ақ, жазушы-журналист Талғат Сүйінбайдың кеші Т.Дүйсебайұлы ауылындағы №28 Амангелді атындағы орта мектептің акт залында ұйымдастырылды. Оқырман Талғат Сүйінбайұлының «Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров» тарихи-ғұмырнамалық эссесімен жақынырақ танысты. Мерейтой иесінің сынып жетекшісі болған ауыл ақсақалы Лесбай Назарбаев шәкіртіне жүрекжарды тілегін жеткізіп, ақ батасын берді.

Талғат Айтбайұлы Қошқарата ауылындағы өзі оқып, білім алған №9 Абай атындағы орта мектеп ұжымымен және оқушыларымен кездесті. Жазушы туған жер тарихы мен ауылдан шыққан азаматтардың өнегелі өмір жолдарына арнап ашылған «Туған өлке тарихы» музейінің жабдықталып, қайта ашылуына қатысты. Осы музейдің ашылуына да бастамашы Талғат Айтбайұлының өзі болатын.

Тағылымды іс-шара аудандық «Достық» мәдениет үйінде қорытындыланды. Мәдениет үйінің фойесінде қонақтар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі дайындаған «Қаламы жүйрік жерлестер» тақырыбындағы көрмемен танысты. Кештің әдеби бөлігін «Жаңабаевтар» халықтық-отбасылық ансамблінің жетекшісі Нұржан Жаңабаев жүргізіп, басқосуды сұрақ-жауап түрінде өрбітті. Өз кезегінде жазушылар жаңа туындыларының тұсауын кесіп, шығармаларын аудандық кітапханаға тарту етті. Тағылымы мол кештен, әсіресе, жастар үлгі-өнеге алып, жазушылардың еңбек жолы және шығармашылықтарымен кеңінен танысуға мүмкіндік алды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар