«Той десе қу бас домалайды» дейді қазақ. Еліміздің қазіргі той тойлау мәдениеті қандай дәрежеде іске асуда? Өзімізге тән тәлім-тәрбиені насихаттайтын жиындарымыз кейде орынсыз ойынның ордасына айналатыны да жасырын емес. Кейбір азаматтар кейбір асабалардың арзан күлкі үшін түрлі әрекеттерге баратынын анық айтқан еді.
Біреудің әйелін бөтен еркекпен билетіп қойып, жұртты мәз ететіндердің ісіне де тыйым салу әзірге қиындау болып тұр.
Онымен қоса, бүгінде той жасайтындар да кейбір той жүргізушілердің жүгенсіз кейбір әдепсіз әрекеттерін қолдайтын сияқты. Шоу қыламын деп араға шоқ салып, күлдіремін деп бүлдіріп жүргендер өз ісін намыс көрмейді. Арзан ойын ойнатып, елді қымбат күлкіге батырмақшы болып мінезді қонақтардан таяқ жеп қайтқан асабаларды да көргенбіз. Өз сөзінде осылай деген асаба Дидар Пернебек: «Бүгінгі тойдың мәдениеті тым төмендеп кетті. Жаттанды сөзге жаны құмар жастар өздігінен еш ізденбейді. Көбі қазақтың салт- дәстүрі мен тарихынан мақұрым. Бір-бірінен көргенін көшіріп алады да айтыла-айтыла тыңдаушының құлағын жауыр қылған сөздермен көпшілікті мезі етеді», дейді.
Шынында жаттанды сөз, жеңіл әзіл қазіргі жас асабалардың оңай нан табу жолы болып кеткен сияқты. Бүгінгі кез тас лақтырсаң тамадаға, таяқ лақтырсаң әншіге тиетін уақыт. Кейде ақшадан қысылғанның бәрі асаба, әнші болып шыға келеді.
Олардан өнер жолын ешкім де қызғанбайды ғой. Дегенмен, той тізгінін қолына алғандар асабалық қызметті үлкен жауапкершілікпен атқарса екен. Қонақтардың ішінде ішімдікке қатты масайғандар да табылады. Солардың қызған шағын пайдаланып елге күлкі етеді. Би жарысқа шақырып алып, еденге жатқызып, тұрғызады. Ешкімнің де үлкен, кіші жасын сыйламайды. Мұндай ыңғайсыз жағдайдың кейіпкерлері тек асаба емес, тойға келушілердің өзі де.
Әңгімесінде көрген, білгенін жоғарыдағыдай жеткізген Нұрлыбек Таласбаевтың өнер саласында жүргеніне жиырма жылдай уақыт болыпты. «Мен қаншама той басқардым, сол тойларымда ақша емес алдымен абыройды ойладым. Көпшілік бізден аз ғана болса да тәрбие алса деймін. Әсіресе, өскелең ұрпақ. Әрине, халықты басқару оңай емес. Екі-үш сағатта өтетін іс-шараның мән-мағынасына көңіл бөлу маңызды. Тойдан бір бауырсақ жеген қонақ асабаның бір сөзінен өнеге алып кетсе, бұл біз үшін үлкен жетістік. Той тізгінін ұстағандар сөзге де ұста болуы керек», – дейді асаба.
Тараз тұрғыны Әсел Исмаилова жақында бір тойға қонаққа барып, ақынсымақ бір той жүргізушінің арсыз қылығынан ұялғанын сөз етті. Әлгі асаба әр адамға бір шумақ өлеңнен арнау айтып, ақша алуға әбден шеберленіп алған. Сұрағанын бермейінше сұқтанып тұрып алады екен. Мақтағанда қарапайым адамнан қайраткер тұлға жасайды. Айтыс өнерінің атына кір келтіріп, ақшаға сатылмайтын өнерді болмашыға қорлағандардың әрекетіне қарны ашатынын жеткізген Әсел Керімбайқызы асаба ақшаны емес, алдымен арды ойлау керектігін алға тартты. Сондай-ақ ол, бір тойда негізгі асаба келмей қалып, оның орнына басқа бір жүргізуші той тізгінін ұстағанын айтты. Өзін сол асабаның шәкіртімін деп таныстырған жас жігіт екі жүз адамдық жиынды игере алмай ұятқа қалыпты. Алдын ала асабалық қызметінің жарты ақшасын алған әлгі жүргізуші басқа бір тойға тапсырыс қабылдаса керек. Өтірік сылтауына сендірген серінің кейін шындығы ашылыпты. Той иесі әлі күнге дейін берген ақшасын қайтара алмай жүр екен.
Өнері асқан асаба деп жүргендеріміз аяқасты алаяққа айналса таңғалмаңыз. Бұл да ұлттық құндылығымыздың құнсыздануына соқтыратын соқпақ. Төгіліп-шашылып той жасағандардың қуанышының шырқын бұзғандарға қандай шара бар? Ел ішінде ойдағыдай өтпеген думанды шараның шығынын өтету керек деген сын пікірлер де бар. Бір күнге асабалыққа екі тіпті, үш тапсырыс алып, ол тойлардың бірін ғана басқаратын асабалардың бұл ісіне заң жүзінде шара қолдану керек. Ақшаға құныққандар сол алған үш тойының екеуіне басқа бір таныстарын жібереді. Олар ойдағыдай қызмет ете алмай той иесін ел алдында ұятқа қалдырады.
Биыл тағы да Таразда өткен бір тойда спирттік ішімдікке әбден масайып алған асаба қонақтармен төбелесіпті. Мейрамхананың дыбыс күшейткіш аппар ат у р асын да о т ыр ат ын азаматтың сөзінше, әлгі асаба көпшілік алдында дөрекі сөйлеген. Оның дөрекі сөзіне ашуланған бір қонақ оған жұдырық жұмсаған. Алайда, той басқарушының бұл ісінен кейін іс-шараның шырқы бұзылып, жиыннан ел тез тарқап кетіпті.
Асабаларға қатысты осындай жайсыз оқиғалар көпшілікті ойландыратыны анық. Той басқару қызметі өте жауапты іс екенін елемейтіндер елімізде толып жатыр. Айнұр Қалдыбаева деген әнші тапсырыспен барған жиында асабаның жағымсыз қылығын көріп жағасын ұстағанын сөз етті. Оның айтуынша, асаба меймандардан ойын ойнату үшін қомақты ақша жинап, ойын біткен соң қайтаруға тиісті қаражатты қалтасына салған күйі тайып тұрған. Той соңында қонақтар асабаға қатты ашуланса керек.
Мәдениетіміздің мәнін кетіріп, өнердің құнын түсіріп жүргендерді көпшілік болып жөнге салу қажет.
Бүгінде нәпақасын тек тоймен тауып жүрген тәуір асабалар да бар. Кейде олардың жолын байлайтын мәселе де толып жатыр. Шаһарда кейбір мейрамхана әкімшілері той иелеріне сырттан жүргізуші кіргізбейтінін айтып, тек өздерінің ұсынған асабасын жалдауға мәжбүрлейді екен. Бұл мәселе мейрамханаға тапсырыс берушілерге той жақындаған кезде айтылып, олар амалсыз алдын ала келіскен асабасынан бас тартады. Ал, мейрамхана тарапынан ұсынылған жүргізушінің асабалық ақысы екіге бөлінеді. Яғни, жүргізуші жарты ақшасын әкімшіге береді. Той қуаныш иесінің ойындағыдай өте ме, өтпей ме онда ешкімнің шаруасы жоқ. Оларға той соңында ақшасын санап алса болды.
Сонымен қатар, бүгінде екінің бірі той ұйымдастырушы болып кетті. Асаба, әнші, биші іздегендердің тапсырысын қабылдағанша асты- үстіне түседі. Бірақ, соңында елді жерге қаратады. Жас баланы азулы асаба, жай әншіні жұлдыз етіп мақтағанда қарапайым кісінің семіз сөзге қарны тояды. Ал, мақтағандары той басқарушы емес қой басқарушы болып шығады.
Жалпы айтқанда, тойымыз бен той жасауға деген ойымызды түземесек, көпшіліктің де сенімі жоғалатыны анық.
Нұржан ӘЛІШ
Ұқсас жаңалықтар
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда!
- 2 желтоқсан, 2024
Барлық мәселе тұрақты бақылауда
- 2 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді