«Әке, естисің бе, біз жеңдік»
Британдық боксшы Тайсон Фьюриді жеңгеннен кейін Усик осылай деді. Сауд Арабиясында өткен титулдық жекпе-жектің тоғызыншы раундында Саша қарсыласын нокдаунға жіберді. Десе де, оңай шағылмайтын «Сыған королі» кездесудің соңына дейін шыдас берді. Бұған дейін спорттық мансабында 35 жекпе-жек өткізіп, 34 рет жеңіске жеткен Фьюри қарсыластарын 24 рет сұлатып түсірген. Тек бір рет қарсыласымен тең түсті. Ол өткен жылдың қазан айында UFC белбеуінің бұрынғы иегері камерундық Фрэнсис Нганнуды нокаутқа жіберіп, жеңісті жұлып алды.
Эр-Риядта өткен үлкен бокс кеші 10 раундқа созылды. Әуелгіде Нганнудың соққылары қарсыласы үшін қауіпті-ақ болған. Тіпті, ол үшінші раундта Фьюриді сол жақтан жасалған қарсы шабуылмен нокдаунға жіберді. Спорт сарапшыларының бағалауынша, Фьюридің шабуылдарында өткірлік байқалмаған. Алайда, жекпе-жектің соңында төрешілер бөлек шешіммен жеңісті Тайсон Фьюриге берді. Есеп: 96:93, 95:94, 94:95. Нәтиже жарияланғаннан кейін залдағылар бұл шешімге өз наразылықтарын білдірді. Жалпы, жанкүйерлердің пікірінше, бұл Фьюридің мансабындағы ең нашар жекпе-жектердің бірі болған.
Ал, 36 жастағы ұлыбританиялықтың жеңіліссіз жолына украиналық боксшы тосқауыл қойды. Әлі күнге дейін жеңілістің не екенін білмейтін ол өз мансабында осы жекпе-жекке дейін 21 кездесу өткізіп, барлығында тұғыр биігіне көтеріле білді. Усик алдыңғы жекпе-жегінде яғни, өткен жылдың тамыз айында тағы бір британдық боксшы Даниэль Дюбуадан айласын асырып, жеңіс тойын тойлағаны мәлім. Осылайша, Саша бас-аяғы тоғыз айдың ішінде бір елдің үміт еткен қос ұланын тізе бүктірді.
Украиналықтың Қазақстанмен байланысы
Бірі білсе, бірі білмес даңқты боксшы Александр Усик бір кезеңде Қостанай облысының намысын қорғаған жігіт. Дәлірек айтқанда, болашақ кәсіпқой бокстың жарық жұлдызы Қостанай облысының құрама командасының сапында легионер ретінде өнер көрсетті. Бұл – 2010 жыл еді. Сол тұста қазақстандық командаларға легионерлерді шақыруға рұқсат етілді. Өйткені, кейбір құрамаларда ауыр салмақта жұдырықтасатын боксшылар жоқ еді. Осылайша, Қазақстандағы екі ірі турнирде атой салған Усик Астана қаласында өткен сында Президент Кубогын қанжығалады. Ал, сол шақта оның спарринг-серіктесі Қарақалпақстанда өмірге келген тараздық жігіт Нұрсұлтан Аманжолов болатын. Сашаның бұл сынға дейін Еуропа чемпионы мен Әлем чемпионатының қола жүлдегері деген атағы бар еді. Украиналық бұл сайыстың ширек финалында болашақ олимпиада ойындарының финалисі отандасымыз Василий Левитті 8:4 есебімен жеңсе, ақтық сында кубалық Лейниер Пероттан 7:2 есебімен айласын асырды.
Айта кетейік, украиналық Александр Усик пен қазақстандық Алексей Севостьяновтың кездесуі мерзімінен бұрын аяқталды. Қиян-кескі жекпе-жектің алғашқы раундында-ақ қарағандылық жаттықтырушылар шаршы алаңға сүлгі лақтырып, шәкіртін жарақат алудан аман сақтап қалды. Сөйтіп, Саша кезекті рет жеңіс тойын тойласа, ол өнер көрсеткен құрама 4:6 есебімен жеңіліске ұшырады.
– Ол жылдары Усик Әлем чемпионатының қола жүлдегері атағына қол жеткізіп үлгерген еді. Қос спортшының өнер көрсетуі мен шеберліктерінде айтарлықтай айырмашылық болды. Қанша дегенмен, Саша тәжірибесі толысқан боксшы. Ал, спорт шебері, ел біріншіліктерінің бірнеше дүркін жүлдегері Севостьянов әлі жас жігіт еді. Сондықтан, біз кездесуді мерзімінен бұрын тоқтатуға мәжбүр болдық. Жалпы, бұл кездесуде қостанайлықтар бізге қарсы үш украиналық жігітті алып келді. Бұл тізімде Александр Усик, Роман Капитенко және тағы бір спортшы болды. Десе де, біз бұл сынның қорытындысы бойынша 6:4 есебімен жеңіске жеттік. Жеңіл салмақтағы жігіттеріміз үмітті ақтады. Ал, украиналық жеңіс тұғырына көтерілгенімен, қостанайлық құрама жеңілістің ащы дәмін татты, – дейді сол жылы Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы болған Ғалым Кенжебаев өткен шақты еске алып.
Атап өтерлігі, жерлесіміз, уақытында кәсіпқой рингте өз салмағында «снайпер» атанған белгілі спортшы Марат Мәзімбаев 2010 жылы Қостанай облысы құрамасының басшысы болатын. «Біз украин тарапымен жақсы қарым-қатынаста болдық және қаржылық жағдайда бұл қолжетімді еді. Бәрі келісілді. Сол жылы бізде Антон Пинчук, Миржан Рахымжанов және Самат Башенов сынды жігіттерден құралған керемет құрам болды. Украиналық спортшылар біздің жігіттермен тез тіл табысып кетті. Усик футбол мен баскетболды өте жақсы ойнайды. Керемет жігіт. Олармен сөйлесу бізге жақсы әсер қалдырды. Ол жігіттер жұлдыз ауруына шалдыққан емес. Қазір де солай», – дейді Марат Кенебайұлы.
Ал, Александр Усик әлеуметтік желілердің бірінде: «Қазақстан, алға! Мен бір кездері қазақстандық бокс клубында өнер көрсеттім. Мені легионер ретінде шақырды. Қостанай! Мұнда бірнеше рет жұдырықтасуға мүмкіндік алдым. Жалпы, онда өте керемет бокс мектебі бар. Бокс жанкүйерлері де, жергілікті тұрғындары да керемет», – деп жазба қалдырғаны бар.
Жалпы, Саша кәсіпқой бокстан бөлек, әуесқойлар арасында айтарлықтай жетістікке жеткен спортшы. Ол әуесқой рингте 100-ден астам жекпе-жек өткізіп, оның 95-інде жеңіске жеткен. Усик 2012 жылы бокстан жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанды. Ал, араға бір жыл салып Астанада өткен ірі турнирден кейін түбегейлі кәсіпқой боксқа ауысты.
Усик атағынан қашан айырылады?
Тайсонды жеңіп, төрт титулды жинаған Сашаның қуанышы ұзаққа созылмайтын сияқты. Оған kaz.vesti.kz сайтында жарық көрген шағын ғана ақпарат дәлел бола алады. Аталған сайтқа жарияланған дерекке сүйенсек, украиналық боксшы Александр Усик (22-0, 14 КО) 1 маусымда ауыр салмақта абсолют чемпион атағынан айырылады. Өйткені, ол IBF титулын міндетті қарсылас атанған хорватиялық Филипп Хрговичпен (17-0, 14 КО) жекпе-жекте қорғай алмайды. Ал, Инсайдер Дэн Рафаельдің мәліметінше, Хорговичтің қарсыласы британиялық Даниэль Дюбуа (20-2, 19 КО) болады. Усик қазан айында Тайсон Фьюримен (34-1-1, 24 КО) қарымта өткізуді жоспарлап отыр.
ТҮЙІН:
Қалай десек те, Александр Усик – нағыз чемпион. Дәл қазір кәсіпқой рингте оған қарсы тұратын былғары қолғап шебері жоқ. 15 жасында бокс үйірмесіне жазылған оны әуелгіде отандасы Сергей Лапин жаттықтырды. О баста оған аса көңіл бөлмеген бокс мамандары Саша 19 жасында «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие болған соң көзқарастарын өзгерте бастады. Осылайша, әуесқой бокста қарсылас шақ келтірмеген ол тек бір рет ресейлік Артур Бетербиевтен жеңілді. Десе де, спортшы бұдан кейін Усиктің алдында қатарынан екі мәрте дәрменсіздік танытты. Мурат Гассиев (Ресей), Майрис Бриедис (Латвия), Марко Хук (Германия), Кшиштоф Гловацкий (Польша) және Майкл Хантерді (АҚШ) шетінен «қиратқан» Саша оларды өз еліндегі жанкүйерлерінің алдында жанарымен жер шұқуға мәжбүрледі. Бұдан бөлек, бұған дейін жеңілудің не екенін білмейтін британдық боксшылар: Тони Белью, Энтони Джошуа мен Дерек Чисораны Ұлыбританияда еңсерді. Жақында бұл тізімге Тайсон Фьюри қосылды. Иә, мұндай шын мықтыларды жеңу айтуға ғана оңай. Ал, екі салмақтағы кіл мықтыдан айлаңды асыру – шеберлік. Ендеше, ринг таңдамайтын «pound-for-pound» рейтингінде көш бастап, ХХІ ғасырдың алғашқы абсолют чемпионы болуы заңдылық. Тек бүгінде аты аңызға айналған Александр уақыты келгенде әдемі ертегі де аяқталатынын ұмытпаса дейміз.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ұлтына ұлы қуаныш сыйлаған ұл
- 5 желтоқсан, 2024
Бес жерлесіміз Тайландта жұдырықтасады
- 5 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді