«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Қарлығашым, бұл қалай, қайда кеткен серігің? Зияны жоқ зиялым, өкпелетті сені кім?»

«Қарлығашым, бұл қалай, қайда кеткен серігің? Зияны жоқ зиялым, өкпелетті сені кім?»
Ашық дереккөзі
Мұзбалақ ақын Мұқағалидың мұзарт музасына мезгіл сырын жетелеген бұл өлең жолдары қай-қайсымызға да етене таныс. Дегенмен, жырдағы салмақты сауал осы күнде балалық санамызда айдаһармен алысқан, кейінгі шақта «Қарлығаш әулие» атанған Төле бидің тағылым- өсиетімен тамырласқан аяулы серігіміз – қарлығаштардың самала сағынышқа айналғанын айшықтап тұрғандай. Расымен, соңғы кездері туған өлке көгінен қанатты серігімізді көрмейтін болдық. Неге? Кең даламыздың киелі құсы қайда кетті?

«Адам баласы үй салуды қарлығашт ан, өрмек тоқуды өрмекшіден үйренген» дейді дүниежүзіне аты мәшһүр философ Демокрит. Қарлығаш жайлы әлем халықтары арасында аңыз-әпсаналар өте көп. Қазақ ертегілерінде де бұл құс ежелден киелі кейіпкерге айналып кеткен. Ел аузында «Қарлығаштай өртіме қанатымен су сепкен» деген теңеулер де аз емес. Қазақтың талантты жазушысы Тынымбай Нұрмағамбетов өзінің бір кітабын тұтас «Қарлығаштың ұясы» деп атауының өзі халқымыздың осы құсқа құрметін аңғартса керек.

Жоғарыда біз атап өткен Мұқағалидың «Қарлығашым, келдің бе?» жырынан бөлек, халық ауыз әдебиетіндегі:

Қарлығаш-ау, қарлығаш,

Қызыл тамақ, түйме бас.

Құйрығың тізген маржандай,

Қанатың өткір қанжардай,–деп өрілген өлең жолдары, қазақтың біртуар ақыны Кеңшілік Мырзабековтің:

Қанатыңмен су сеуіп,

Қайырымсыздық көрдің бе?

Іздей-іздей бір серік,

Ізін тауып келдің бе?! – деп жыр тілінде сыр шерткен шумақтары немесе:

Оның жиһаз, жасауы

Ақ жібегі аспанның.

Табиғаттың асауы – Сөзін ұқпас басқаның, – деп сөзбен суреттеген Ғафу Қайырбектің тегеурінді теңеулері, академик Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» атты әніндегі:

Құралай көз, қолаң шаш,

Алма мойын қиғаш қас.

Сүйген сәулем, Қарлығаш.

Жайдары еркелеген жарқын мінез,

Жарқ етсең жадыратар жаққан шамдай, қарлығаш, – деген ең сұлу ойдың оюларының барлығы осы құсқа арналғаны тегін емес, тектілігінен болса керек.

Әу бастан қызын төрге шығарған халқымыз аруларына құс атауларының ішінен тек Қарлығаш деп ат қоюдан да алдына жан салмайтыны тәрбиелік тәліммен астасып жатқанын аңғартады.

Осынау халқымыздың тағдырлы тарихынан бері өмірінің ажырамас бейнесіне айналып кеткен қарлығаштың соңғы жылдары сиреп кеткені соншалық, тіпті көрінбей жүргені көңілге күмән ұялатады. Табиғаттанушылар қарлығаштарды кеш келетінін, қорегі шыбын-шіркей болғандықтан, соған байланысты кешігетінін айтуда. Көзкөргендер көбіне көкек шақырғанда «менімен бірге қарлығаш та келді» деген белгісі деп тұспалдайтын еді. Алайда, мамыр айының аяғы, маусымның төбесі көрініп қалса да Таразда қарлығаштар қалықтамай жүргеніне көзіміз куә.

Бұрындары ескікөздер «Қарлығаш оба тараған жерге келмейді. Оба, тырысқақ, шешек, безгек секілді жұқпалы аурулардың беті қайтып, ел сауыға бастағанын қарлығаштың қайта оралуына қарап білген», – дейтін. Бұл туралы көзі тірісінде құстың тілін бағып, табиғаттың сырын адамзатқа өлеңмен тәржімалап өткен белгілі ақын Есенғали Раушанов: «Әркімнің өз қарлығашы болады екен. Ол жатсақ-тұрсақ төбемізде айналып, сіз бен бізге саулық тілеп, бәле-жала, қауіп-қатер, тіл-көзден қорғап жүреді дейді. Адам баласының аңқаулығы сонда – ол өз құсын өмір бойы танымай, таба алмай өтетін көрінеді. Тапса бақытты ғұмыр кешер еді. Сіз өз қарлығашыңызды таптыңыз ба?», – деп естелік қалдырған екен. Бәлкім, әлемді әбігерге салған коронавирус індетінен бе, жоқ әлде әлемдік катаклизмдер әсер етті ме, әйтеуір киелі құс Әулиеата көгін әуелемей кетті. Алайда, бұл Әулиеатада ғана емес, еліміздің әрбір өңірінде, арғысы әлемді алаңдатып отырғаны шындығында ойланарлық мәселе. Дүниежүзілік құстарды қорғау ұйымының орнитологтары соңғы жылдары қарлығаштың азайып бара жатқанын ашық айтуда. Олар мұны ғаламдық жылынудың әсерінен деп болжайды. «Birdwatch» табиғат қорғау қорының мәліметтері бойынша ең көп қарлығашы бар Ирландия экологиялық апат салдарынан 500 мыңнан аса қарлығаштың өлексесін жойған.

Тынық мұхитының қақ ортасында орналасқан Маврикийде соңғы он жылда бірде бір қарлығаш төбе көрсетпеген. Орнитологтар қазіргі таңда Азия мен Оңтүстік Америка елдерінде жыл құстары жойылып бара жатқанын дәлелдеп отыр. Олар бірнеше елдің табиғатын зерттеп, Хакасакия елінен торға түскен қарлығаштарға JPS құрылғысы бар сақина тағып ұшырып жібереді. Сол кіп-кішкентай құс тәулігіне 800 мың шақырымды ұшып, Қазақстанға бір аптада жетеді. Халықаралық құстарды қорғау ұйымы ВВС каналына берген арнайы хабарда сол құсты Сыр¬дария өзенінен ұстап, жер бетіндегі ең жүйрік «Қазақстан қарлығашы» туралы жарыса жариялайды. Қазіргі таңда еліміздегі биологтардың пайымдауынша, Қазақстанда Арқа, Қызылжар, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Жезқазған өңірлерінде, соның ішінде біздің аймақт а да қарлығашт ардың саны азайғанын байқаған. Оған ғалымдар экологиялық жағдайдың қолайсыздығын меңзейді. Ал, кешегі пандемия кезінде «Құс жолынан» елге оралған қанаттыларды зерттеген А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымы Айгүл Әмірбекова: «...Көктемде елге оралған құстар арасында қарлығаш жылдағыдан едәуір аз келген. Күзде олардың 600 мыңы жылы жаққа бет алса, оның 8 мыңы ғана оралды. Оған елдегі індетпен күресте ауаға шашылып жатқан химиялық элементтердің әсері болуы бек мүмкін. Оған қоса, қарлығаштар өте сезімтал құс болғандықтан, қауіпті аймақтан бой тасалайды, – дейді.

Енді бір ғалымдар қазіргі баспаналар, оның шатыры мен қабырғалары қарлығаш ұясын салуына қолайлы емес деп есептейді. Сондықтан болар, қарлығаштарды тек ауылды жерлерден кездестіреміз. Ғалымдардың уәжі орынды да шығар. Қалай дегенмен, қарлығаш табиғи ортада бес жыл өмір сүреді. Дереккөздерге сүйенсек, Арктика мен Антарктидадан басқа аймақтарда кеңінен таралған қарлығаштың 20 туысқа бірігетін 79 түрі бар екен. Ал, елімізде оның тек бес түрі ғана мекен етеді. Олар – жар қарлығашы, құз қарлығашы, қос реңдi қарлығаш, сепкiлтөс қарлығаш, кент қарлығашы. Қорыта айтқанда, бабаларымыз ұшуына қарап-ақ ауа райын алдын ала болжаған, қанатына қасиет қонған осы құстың елімізге енді қашан ораларын дөп басып болжай алмайтыныз өкінішті.

Сағынышымызды белгілі ақын Бауыржан Үсеновтің жырымен қорытындыласақ:

Қарлығашым-ау, кешіккенің не?

Көктем келді деп есітпедің бе?

Аулаң да аман, ұяң да аман,

Кеп қалдың-ау, деп қиялдап алам.

Өзіңсіз маған қайда да мұңды,

Сағындым, құсым, сарғайғаныңды.

Бөктергілерден өте алмадыңдар,

Отандарыңа жете алмадыңдар.

Жапырақ өрді жамырап талдан,

Ұяңды қайтем, қаңырап қалған?..

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар