Бау-бақшасы мол жеміс берген бақытты диқаншыдай еңбегінің нәтижесін көріп, озат оқушысының жетістігін мақтан тұтатын мұғалімдер біздің өңірде де баршылық. Осындай мақтаулы шәкірт тәрбиелеген педагогтердің бірі – Майра Жақсыбаева. Ол бүгінде Ыбырай Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясында орыс тілі пәнінің оқытушысы.
Н.Тілендиев атындағы облыстық мектеп- интернатында қызмет етіп жүрген кездерінде талай балаға тәлімгер бола білді. Оларды алғашқы ұстазы ретінде білімге баулып, тәрбие берді. Баптаған шәкірттерінің қанаты қатайып, өрге қалықтап жатса, өнегелі ұстаз үшін одан асқан бақыт жоқ. Осы әңгімені толғана тарқатқан кейіпкеріміз өз саласында еңбек еткен әрбір қуанышты сәтін оқушыларының жеңісімен өлшейді. Сондай-ақ, ол білім берген шәкірттерінің көбісі ел кәдесіне жарап жүргенін жеткізді. Сол шәкірттерінің бірі бүгінде Америка Құрама Штатында тұрады. 2009 жылы алтын ұясынан қанат қағып, өзге мемлекетке жолдама алған Ферруза Қасымханова сол жақта IT мамандығы бойынша білім алып, қазір осы саланың маманы атанып, сол елде қызмет етіп жүр.
– Ұстаздық жолдағы ұстанымым әрқашан жеке басымнан биік тұрады. Баласын бізге сеніп тапсырған ата-ана алдындағы борышымызды Отан алдындағы борыш деп есептедім. Мұғалім алдында отырған қандай шәкірт болсын, оған сапалы білім беруге міндеттіміз. Феруза шәкіртімнің білімге деген құлшынысы өте күшті еді. Оның көп балалардан асқан алғырлығына қарап, болашағын тек жақсы жағынан елестеттім, – дейді Майра Қожабергенқызы.
Бұл мәртебелі мамандық иелерінің мақтануға тұрарлық түлектері елімізді де үлкен жетістіктерге жетелейді. Мектептен түлеп мемлекетіміздің өркендеуіне пайдасы тиген жастарды бүкіл халық болып қолдаймыз. Сол қолдаушы еліміз, оның түп- тамырына нәр беріп, әліппені үйреткендердің есімін ардақтау басты парыз екенін ұмытпаса деймін. Әңгіме барысында осы тақырыпты алға тартқан педагог Гүлнәз Мамырованың да біраз шәкірттері шетелде білім алған.
Ол 1995 жылдан бері Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясына қызмет істейді. Осы уақыт ішінде көптеген озат оқушылар тәрбиелепті. Өзі де 1994 жылы Ұлыбритания мемлекетінен Elizabeth White басқарып келген мұғалімдерді дайындау курсына тест тапсырып, сол тесттен өтіп, Ньюкасл-апон- Тайн қаласында білім деңгейін көтерген.
– Сол мемлекеттің білім саласымен, мәдениет, әдебиет, өнерімен таныстым. Отаныма оралған соң шәкірттерімнің де ағылшын тілін қызығып оқуына күш салдым. Бірнеше шәкірттерді дайындап шет мемлекеттерде оқуға, өмір жолында өз орындарын табуға, елімізге адал қызмет етуге шақырдым. Айта кететін болсам, Еркебұлан Қадыров «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ-та білім алды. Қазіргі таңда Ментор болып қызмет атқарады. 2017 жылғы түлегіміз Айсұлу Шайқұлова Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы шет тілдер университетін бітіріп, бүгінде Норвегияда оқуын жалғастырып жатыр. Ал, Сұлтан Көбеев есімді шәкіртім Шахмардан Есеновтың қорынан стипендиясын ұтып алып, Швейцарияда білім алды, – дейді Гүлнәз Жақсыбайқызы.
Сондай-ақ, ол бұдан да басқа мақтан ететін шәкірттерінің көп екенін айтты. Ұстаздарымыздың ұлт үшін жасаған ұлы еңбектері ұмытылмасын.
Нұржан ӘЛІШ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді