Биылғы 4 қаңтардан бастап Тараз қаласы бағытындағы автобустардың жолақысы 60 теңгеге қымбаттады. Алғашқы күндері біраз дүрліккен жолаушылар оған да үйренді. Енді жолаушыларға қызмет көрсету мәдениеті көтерілетін шығар деп ойлағанбыз. Қайдан, «баяғы жартас, сол жартас». Ертеңгілік және кешкілік қала тұрғындары автобус салонында бір-бірінің аяғын таптап, тіпті үстіне дейін шығып кетеді. Бұл – автобустың жүріс кестесінің дұрыс ұйымдастырылмауынан немесе қоғамдық көлік кестесіне бақылаудың жоқтығынан.
Жолаушыларға қай аялдамаға келіп қалғаны да уақтылы хабарлана бермейді. Айтыла қалғанның өзінде, қай тілде хабарлап жатқанын салондағы у-шудан түсіну мүмкін емес. Тағы бір мәселе, аялдамалар аты жазылғанымен осы бағытта қандай нөмірлі автобустардың жүретіні туралы кей жерлерде кесте тақта орнатылмаған. Ал енді аялдамалардың аттарына келер болсақ, оны да қалай болса, солай атай салады. Мәселен, №11 бағыттағы аялдамаларды хабарлағанда зер салып тыңдасаң, «Массив», «Молочная» «Химпоселок», «Торговый центр», «Роддом» болып тізіліп кете береді. Билет тексеруші қыз-жігіттерге «неге мемлекеттік тілде хабарламайсыңдар?» десек, шу шығарады. Тіпті, қазақтың дауылпаз ақыны Сәкен Сейфуллин атындағы аялдаманы «Сейфуллина» дейді. Киров көшесі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров есімін иеленгеніне 20 жыл өтсе де әлі күнге «Киров» аталып келеді. Атақты сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов көшесі де «Сулейманов» аталғалы қашан!? Қай бағытта болмасын, әлгі «ақша жинайтындардың» әсіресе, жас жігіттердің дөрекілігі де жолаушылар жүйкесін титықтатып бітті. Автобусқа үлкен мініп жатыр ма, кіші мініп жатыр ма, қарамайды, «тез», «тез» деп жан алқымға алады. Жолақыны салон ішін аралап та жинамай, жұртты алдыңғы есікке телміртіп қояды. Бұл – бір ғана №11 бағыттағы автобустағы жағдай. Қаладағы қай қоғамдық көлікке мінсең де күнде көретінің осы. Осы көліктердің қожайындары бар, тиісті мекеме және қалалық әкімдік басшылары қызметтік көліктерді бір күн қойып, қаланы әр бағыттағы автобустармен араласа ғой...
Байтана ӘЛДИ, тыл ардагері. Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді