Жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді

Жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді
Ақәділ Рысмахан
Тараз қаласында М-1 орталық жылу магистралін қайта жаңғырту құрылыс жұмыстары бір айдан бері жүргізіліп келеді. Оған тартылған жұмыс күші мен ауыр техника қала орталығындағы Төле би көшесі бойында қызу жұмыс үстінде. Жаңғыртуды қажет ететін жылу магистралінің жалпы ұзындығы 6,1 километр. Бұл жобаның жалпы құны 10 миллиард 756 миллион теңгені құрайды. Нысанның құрылысын шымкенттік «Сарыағаш-Аман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.

Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Абылай Тоғайбектің айтуынша, жылу құбырларының пайдалану мерзімі 25 жылды құрауы тиіс екен. Ал, 1990 жылы пайдалануға берілген М-1 орталық магистральді жылу құбыры өзінің пайдалану мерзімінен 9 жыл асып кеткен. Жылу құбырының жарамдылығын тексеруден өткізген тәуелсіз сарапшылар өз қорытындыларында шаһардағы М-1 орталық жылу құбырларының тозуы 80 пайызды құрағандығын көрсеткен. Өткен жылы аталған магистральді қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс-монтаждау жұмысын жүргізуге республикалық бюджеттен 9,6 миллиард, ал облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге қаржы сұралған.

– Бүгінгі таңда М-1 жылу магистралінің жаңғырту құрылыс жұмыстары қаланың орталық көшесі Төле би бойында жүргізілуде. Ол бес бөліктен тұрады. Жалпы, құрылыс алаңында 120 жұмысшы, 40 техника жұмыс істеуде. Жаңғырту жұмыстарының бірінші бағыты «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы мекемесінен «Көне Тараз» тарихи кешеніне дейінгі аумақты қамтиды. Ал, екінші бағыты «Көне Тараз» тарихи кешенінен Байзақ батыр көшесі аралығында жүргізілуде. Үшінші бағыт Байзақ батыр мен Әйтиев, төртінші бағыт Әйтиев пен Жамбыл даңғылы аралығын қамтып отыр. Соңғы бағыт «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы ғимаратының қазандығы мен мекеме ауласында жүргізіліп жатыр, – дейді Абылай Тоғайбек.

Барлық учаскеде жоспарлы жұмыс кестеге сай атқарылуда. Құрылысшылар ең алдымен пайдалану мерзімі өткен М-1 орталық жылу магистраліндегі жылу құбырларын алу үшін жолдың асфальт жабынын бұзып, ені 3,2 метрлік ор қазған. Қазылған ордың тереңдігі 4,2 метр. Ол арадан шығарылған темір құбырлар арнайы құрылыс базасындағы қоймаға жинақталуда. Оның орнына жаңа құбыр желісін салу үшін алдымен ордың табанын тегістеп, арнайы бетон науалар орнатылуда. Содан кейін Ресей мен өз елімізде дайындалған, сырты арнайы жылу өткізбейтін жабынмен қапталған, 600 диаметрлік темір құбырлар науа ішіне орнатылып, темір сымдармен жан жағынан құрсаулануда.

Серіктестік өкілі Дәулет Тұрсынхановтың айтуынша, құрылыс жұмысы тоғыз айға жоспарланған. Бірақ, алдағы жылу маусымына дейін нысанды толық аяқтап, мерзімінен бұрын тапсыруға күш салатындығын жеткізді.

– Бір айдан бері М-1 орталық жылу магистралінің жаңғырту жұмысын жүргізудеміз. Құрылыс жұмысына тартылған құрылысшылардың басым бөлігі облыс тұрғындары. Құрылысқа қажетті барлық техника осында. Әрбір күнді тиімді пайдаланып, өзімізге жүктелген міндетті мерзімінде, әрі сапалы орындауға күш салудамыз. Қазіргі таңда жалпы екі шақырымнан аса алаңға бетон науа және құбыр жүйесіне демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, екі үлкен жылу камерасы (ТК-121, 131) демонтаждалып, бетон құю жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күнге жалпы 800 метр бетон науа төселіп, 550 метр жылу құбыры орнатылды, – дейді серіктестік өкілі.

Орталық алаңдағы құрылыс учаскесінде 17 жұмысшы, 11 техника жұмыс істеуде. Учаске прорабы Теңел Жақсымұраттың айтуынша, құрылыс алаңында жұмыс қызған.

– Біздің учаскеде құрылыс қауіпсіздігі толық сақталған. Жұмысшылар арнайы киіммен, құрал-жабдықтармен, ыстық тамақпен де, жатын орынмен де қамтылған. Маналитшілер бір үлкен жылу камерасын демонтаждау үстінде. Біздің учаскеде қазылған ордың ұзындығы 387 метрді құрайды. Бүгінгі күні ондағы ескі құбырлар толық алынып, бетон науа төсеу, құбыр салу жұмыстары басталып кетті. Құрылысшылар күшімен 176 метрге бетон науа қойылды. Ал, жылу құбыры 144 метрге орналастырылды. Өздеріңіз көріп отырғандай, құрылыс алаңында жұмысқа қажетті барлық шикізат жеткізілген. Жұмысты кестеден кешіктірмей өткіземіз деген ойдамыз, – дейді Теңел Жақсымұрат.

Оның учаскесінде ағайынды Ерлан, Самат, Еламан мен Қайрат Жолдасовтар жұмыс істейді екен. Барлығы да Жуалы ауданынан күнделікті қатынап жүр. «Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Бетон құюмен біраз жылдан бері айналысып келеміз. Бұған дейін де Тараз қаласында құбыр тарту жұмыстарына қатысқанбыз. Жалақымыз істеген жұмысымызға қарай төленеді. Өзіміз арматура тоқимыз, бетон құямыз, басқа да жұмыстарды істейміз. Талай құрылыс жұмыстарына араласып жүрміз, жұмыс істеп жүрген серіктестіктің құрылысшыларға деген көзқарасы дұрыс. Ыстық тамақпен қамтуы да жұмысымызды жеңілдетіп отыр», – дейді Ерлан Жолдасов.

Құрылыс жұмыстарының барысын техникалық және авторлық қадағалаушылар да күнделікті бақылап, тапсырыс беруші қалалық әкімдікке хабарлап отыр екен.

 

Тараз қаласы

Суреттерді түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.

Ұқсас жаңалықтар