
Бостандық ауылы негізінен дәмі тіл үйіретін қарбыздарымен белгілі. Мұндағы диқандар аталған бақша өнімін жүзден астам гектарға егіп, өнім жинап жүр. Қарбыздарының дәмі ерекше. Тараз базарларында Бостандық ауылынан келген қарбызға сұраныс өте жоғары.
Біз бұл жолы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен несие алған шаруашылықтардың жұмысына назар аудардық. Нақты айтқанда, «Жаңалық», «Айтбек», «Малдыбай» шаруа қожалықтары «Бостандық–2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі аясына біріккен. Кооперативтің төрағасы болып Мұрат Айғараев сайланған. Қазіргі таңда кооперативтің 86 гектар егістік жері бар. Үш трактор науқанға сақадай сай болып, дайын тұр. Оның екеуі – жаңа. Атап айтқанда, қытайлық «ЮТО-130» тракторын қосалқы бөлшектерімен, лазермен жер тегістеу құралымен 44 миллион теңгеге сатып алса, «82-1» тракторы үшін 8 миллион теңге төлеген. Қалай дегенде де кооперативке бірігу шаруаларға қолайлы болып тұр. Кооперативтің ашылуына байланысты техника сатып алу үшін 19 миллион 700 мың пайызы төмен несиеге қол жеткізген. Лазермен жерді тегістеу аппараты да талай жұмысты жеңілдететін құрылғы екен. Механизатор тракторды жүргізіп отырса болды, лазер аппараты жерді түп-түзу етіп тегістеп береді. Соған қарай аталған аппараттың бағасы 14 миллион теңге тұрады. Мәселен, кооператив төрағасы Мұрат Айғараев: «Бұрын алқабымызды ағын сумен 3-4 күннің ішінде әрең суарушы едік. Енді осы лазерлік тегістеу қондырғысының арқасында бір тәуліктің ішінде суарып шығармыз деп жоспарлап отырмыз. Егер суару жылдамдығы 4 есеге артса, әзірге осы тәсілді қолдана береміз деген ойымыз бар. Үш шаруа қожалығының бірігуі нәтижелі жұмысқа бастап отыр. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген рас екен», дейді.
Кооператив биыл 10 гектарға дәндік жүгері, 50 гектарға жоңышқа, 5 гектарға қант қызылшасын және қарбыз егуді жоспарлап отыр. Мұнан бөлек, кооперативтің құмда 400 гектар жайылымдық жері бар. Онда мал шаруашылығын дамытуға ден қойылған. Жалпы, аталған кооператив 10 адамды тұрақты жұмыспен, 15 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет етуге дайын
- 24 мамыр, 2025
Барлық бассейннің суы таза екеніне сенімдісіз бе?
- 24 мамыр, 2025
Ақпарат
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді