Ұлт ұрпағымен мәңгі жасайды

Ұлт ұрпағымен мәңгі жасайды
Ашық дереккөзі
Мектеп оқушылары арасындағы бұзақылық әлі тыйылмай тұр. Бұрынғы кездері жастардың көбісі «көше түсінігімен» жүретін еді. Ол уақыттарда қалыптасқан жабайы ұғыммен өмір сүру «жігіттікке тән қасиет» ретінде саналатын.

Қазір де сол ұғымның жетегінде жүргендер аз емес. Әсіресе мектепте жоғары сыныпта оқитындар осындай түсінікпен тәртіп бұзуда. Тіпті, өзінен кішілерге әлімжеттік көрсетіп, «ақша жинаймыз» деп қорқытады. Төменгі сыныпта оқитындарға көше түсінігі туралы насихат жүргізеді. Бүгінде мұндай жағдайлардың қаншалықты орын алып жүргендігі жайында нақты айту қиын. Бірақ, өткендегі Байзақ ауданындағы оқушы өлімі сияқты ауыр оқиғалар бар.

Бүгінгі уақыттың жастарға қойған талабы сапалы білім алып, ел игілігіне қызмет ету. Кешегі көшенің көне түсінігімен емес, өркениетке көшкен, дамыған халықтың жаңа дәстүрімен тыныстау.

Қазіргі ұрпақты заман ағымына қарай жаңаша көзқараспен тәрбиелеп, оларға тың бағытта жол көрсету – басты талап. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алдымызда тұрған құбылмалы заманда жастарымыз еңбекқор болмаса, ешқандай бәсекеге түсе алмайтынын терең түсінуі керек», – деген болатын.

Әрбір үйде өсіп келе жатқан жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуге баса назар аудару міндет. Оларға нағыз ердің ерлігі көшеде емес, көптің ішінен шыққан білімді көсем болғанда көрінеді деп түсінік беру қажет. Әлі күнге әлі жететіндерден ақша жинап, түрмедегілердің түсінігімен жетілгендер түбінде сол темір торға тағы жабылмасына кім кепіл?..

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстық оқиғалардың алдын алуға ата-анадан бастап бүкіл қоғам өкілдері жауапты. Мектеп пен үйдің арасындағы орта жолда оқушының не істейтіндігін, қандай іспен айналысатындығын қатаң бақылауда ұстау керектігін білеміз. Әсіресе білім саласының мамандары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері тәртіпке қатысты өз істерін адал атқаруға тиісті. Білім ошағындағы психологтар мен сол аумақтың тәртібіне жауапты инспекторлар балаларға түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізіп, жоғары сыныпта оқитындардың жасырын әрекеттерін назардан тыс қалдырмауға тырысса дейміз.

Өйткені бүгінде кейбір оқушылардың тәртібі мәселесі жөнінде шағым айтушылар көп. Ғалымжан Исабеков есімді Тараз тұрғыны баласының кейде үйіне киімі жыртылып келетіндігін айтады. Оның біреумен жаға жыртысқаны белгілі. Алайда ол ата-анасынан барлығын жасырады екен. Қанша тергеп, сұраса да ашып, ештеңе айтпайды. Бар-жоғы достарымен ойнап, күрескендігін алға тартады.

Ата-ананың сөзінше, баланың біреумен төбелескендігін жасыруға басты себеп – оның жігіттік намысы екен. Расында, жеткіншектердің сырттағы қылығын әке-шешесі, мұғалімдері көп біле бермейтіні белгілі. Олардың ойындағысын айтқызып, намысына тимейтіндей іс-әрекеттер арқылы тәртіпке шақыру шарт. Бала психологиясы өскен сайын өзгеретіні табиғи заңдылық. Әсіресе ұлдардың жүріс-тұрысына көп көңіл бөлу қажет екенін естен шығармаған дұрыс. Тілдесу барысында бұл туралы психолог маман Мақпал Исмаилова ер баланың жетілу кезеңдері өте тартысты өтетінін айтты.

– Мектеп жасындағы ұл балалардың сырттағы қылығын үнемі қадағалау қиын, әрине. Олардың жынысы ер болған соң алыспай, тартыспай тұрмайды. Онымен әкесі немесе ағалары сөйлесу керек. Сосын оған қол жұмсағандарды алдап анықтап алу керек. Әлімжеттік жасайтындармен жолыққан сәтінде үстінен түсіп, ұлына тиісетіндермен де еркекше сөйлесу керек секілді. Баланың намысына да тимей, бұзақыларды да бейбіт түрде тәртіпке салған дұрыс, – дейді Мақпал Қалмаханқызы.

Сондай-ақ ол, ер баламен үйде әкесі үлкен кісілерше әңгімелесу қажет екенін және ұлының күнде не істеп жүргендігінен хабардар болу керектігін, сондай-ақ оның достары жайлы да біліп жүру керектігін жеткізді.

Шынында, баланы өскенше отбасы, өскен соң ортасы тәрбиелейді. Олардың ақыл-есі толысқанша тәртібін жан-жақты бақылауға тура келетіні рас. Көбіне түнгі уақыттағы іс-әрекеттеріне мұқият болу қажет. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстық оқиғалардың алдын алуға жауапты мамандар қазіргі таңда күні-түні жұмыс істейді.

Меркі ауданы, Аспара ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Ерсін Еділовтің сөзінше, кәмелеттік жасқа толмағандардың түнгі уақытта жалғыз жүруіне заңмен тыйым салынады. Мұндай тәртіп бұзушыларға арнайы бап қарастырылған. Балалардың ата-анасына белгілі мөлшерде әкімшілік айыппұл салынады.

Қазақта «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген сөз бар. Бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі басты міндет – оларға сапалы білім беру және жастардың еркін жетілуіне қауіпсіз жағдай жасау.

 

Нұржан ӘЛІШ

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар