Әлеуметтік дәріханалар

Әлеуметтік дәріханалар
ашық дереккөз
Әлеуметтік дәріханалар

отбасылық бюджетті үнемдеуге үлкен көмек

Нарық заманы өмір салтымызға көптеген өзгерістер енгізді. Қазір бәрі басқаша. Өмірге деген көзқарас та өзгеше. Бүгінде жұрт масылдық психологиядан ада-күде арылып, «қолы қимылдағанның аузы қимылдайтынын» шын түсінгендей. Қарап жатқанның қазаны бос. Ал еңбек еткеннің еңсесі биік. Тұрмысы да түзу. Әрине, айналымдағы ақша бағамы жиі өзгеріп, базар бағасы құбылып тұрған кезеңде бәрі аста-төк төгіліп жатпасы анық. Әйтсе де, бірді-бірге қосып, үнемдей білгендер ұтылмайды. Бұл қағида қазіргі кезде қарапайым отбасының өмірлік ұстанымына айналған.

Үнемдеуді үйренгеннің зияны жоқ

12Жалпы, қаржыны қажетіне қарай тиімді жаратудың жеке отбасының ғана емес, мемлекеттің экономикалық ахуалын жақсартуға ықпалы көп. Әсіресе, жаһанды дағдарыс салқыны шарпып тұрған шақта бұл өте керек-ақ. Елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралған кеңесте Елбасы осыны айтты. Негізі бюджеттің бірқатар өлшемдерін қайта қарау қажеттілігі халықаралық экономикадағы тоқырауға байланысты туындап отырғаны айтпаса да түсінікті. «Біз бюджетке бір рет өзгеріс енгіздік, қажет болған жағдайда мұны тағы да жасау керек. Барлық нәрседе үнемдеуге кіріскенімізді халыққа түсіндіру керек», – деді Мемлекет басшысы. Президент Үкіметке жағдайдың түрліше нұсқада өрбуінің сценарийін әзірлеуді тапсырды. Басты міндет – экономиканың өсім қарқынын төмендетпеу және негізгі әлеуметтік төлемдерді сақтау.

Нарық заманындағы жаңа тіркестер

Дағдарыстың салдары қарапайым тұрғындардың қалтасына салмақ түсірмеуі тиіс. Елбасының тапсырмасы осы. Иә, міндеттеме жеңіл емес. Десе де, қазірдің өзінде елімізде оның алғышарттарының барлығы жасалғанын айта кеткен жөн. Қолға алынған ауқымды жұмыстардың аясында халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік төлемдерді төлеу мәселесі, бәрі-бәрі қамтылған. Тіпті, азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары да жүргізілуде. «Әлеуметтік дүкен», «коммуналдық базар», «әлеуметтік қатар» деген тіркестердің де сөз қолданысымызға енуіне осы жағдайлар тікелей ықпал етіп отыр. Тіпті, бірқатар облыстардың тұрғындары «әлеуметтік дәріханалардың» да пайдасын сезініп үлгерген. Нарық заманындағы жаңа тіркестердің алғашқылары жамбылдықтарға да жақсы таныс. Тек соңғысының игілігін көре қоймаған еді. Міне, енді алғаш Алматы, Астана, Қарағанды, Семей, Өскемен, Ақтөбе секілді қалаларда ашылған «әлеуметтік дәріханалар» жүйесі Жамбыл жеріне де жетіп отыр.

Дәріханаларда баға әркелкі

Мәліметтерге сүйенсек, Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік дәріханалар ашу туралы пилоттық жоба 2009 жылдан бастап әзірленген екен. Алматы қаласында тұрғындарға жеңілдікпен дәрі-дәрмек сататын дәріхана жүйесі осыдан үш жыл бұрын қолға алынған көрінеді. Игі шара осы өңірдегі денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жүзеге асырылыпты. Бір айта кетерлігі, қалалық емханалардың жанынан ашылған 22 сауда нүктесінде де дәрілер басқа дәріханалармен салыстырғанда он пайызға арзан. Бұл шара өз кезегінде дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыруға ықпал ететінін айта кеткен жөн. Дәрі-дәрмектердің көпшілігі импорттық тауарлар болғандықтан, баға да тұрлаусыз. Тіпті, бір қалада орналасқан дәріханаларда бір дәрі әркелкі бағада сатылады. Географиялық аумағына қарай болса бір сәрі. Арасын он қадам бөліп жатқандарының өзінде алшақтық бар. Бұрын тараздықтар, әсіресе, ауыл тұрғындары «Көк базарға» жақын қоныстанған «Жасұлан» дәріханасына көбірек баратын. «Бір оқпен екі қоянды атқандай» болған соң аудандардан келгендер үшін қолжетімді дәрі осы жерде секілді көрінетін. Оның үстіне аудан орталығындағы дәріханалардан «Жасұландағыдай» арзандау сатып ала алмайтыны тағы бар. Қазір ше? Орталық базар көшкен соң, ол да көшкен жұртта қалғандай. Соңғы кезде көпшіліктің «Жасұланның» бағасына да көңілі толмайтын болып жүр. Тараз қаласының орталығында орналасқан үш дәріханада да дәрі-дәрмек бағасы әртүрлі. «Әмір және Д» ЖШС-ның сауда нүктесінде кейбір дәрілер облыстық ауруханаға қарама-қарсы қоныстанған және Қазыбек би көшесіндегі дәріханадан 20-30 теңгедей арзан. Кей кезде керегіңіздің керісінше, әлгі екеуінің бірінде қолжетімді болуы да мүмкін. Үнемдеуді ойлаған жан алдымен үшеуіне де бас сұғып, іздегенінің қаншаға түсерін есептетіп алуы керек. Ал шұғыл жағдай болса, сатушыға сұраған ақшаны амалсыз ұстатып кете бересіз.

Тоғыз пайыз жеңілдік бар

Экологияның әсері, соңғы жылдардағы кейбір ауру түрлерінің жасаруы, тұқым қуалайтын дерт... Осыларды айтпағанда, бүгінде басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам кемде-кем. Дәрігердің алдынан шыққаннан кейін баратынымыз дәріхана. Үй жағдайында толыққанды ем қабылдау үшін рецептте көрсетілген дәрі-дәрмекті түгелдей дерлік сатып алуыңыз керек. Уақтылы емделген жақсы-ақ. Бірақ, кей кезде бәрі ойлағандай бола бермейтіні бар. Дәрі қымбат, ақша жетпейді дегендей. «Әлеуметтік дүкендер» секілді дәріні де қолжетімді бағамен сататын нысан болса, тұрғындарға біршама жеңілдік болары анық. Алғаш Тараз қаласындағы Нұралы базары маңынан ашылған осындай дәріхананы көргенімде, тұтынушыларды көбірек тарту үшін жарнама ретінде жазып қойған шығар деп ойлағанмын. Екінші мәрте қасынан өткенімде «ішіне кіріп, мән-жайды сұрасам, қайтер екен» дедім іштей. Редакцияның шұғыл тапсырмасымен кетіп бара жатқандықтан, оған сол кезде уақыт тар болды. Жуырда бір танысымның «Қ. Сәтбаев көшесінде «әлеуметтік дәріхана» ашылыпты. Ауылға кетіп бара жатқанда керек дәрілерді сол жерден аламын, едәуір арзан екен» деген әңгімесін естіген соң, мұны кейінге ысыра берудің реті жоғын түсіндім. Әдетте, дәріхананың егелерін жұмыс орнынан табу қиын. Сауда-саттыққа байланысты сатушылардан әлденені сұрап біле алмайсың. Сондықтан, алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасына бас сұқтым. Ондағы ойым – жоспардағы мақала бойынша мәлімет алу әрі осы әлеуметтік дәріхана туралы сұрап білу. Басқарма мамандары мұндай дәріханалар желісін қалыптастыру облыс деңгейінде жүйелі түрде қолға алынбағанын айтты. Тәуекел етіп, дәріханаға тарттым. Ойлағанымдай-ақ, сатушы телефон нөмірімді қалдыруымды өтініп, кәсіпкердің өзі хабарласатынын мәлімдеді. Дәріхана егесі өзі телефон шалмайды-ау, дегенмен, бірер күн күте тұруға бел будым. Ешкім хабарласпады. Содан соң әлгі дәріханаға тағы бардым. Екі-үш сағаттай сырттай бақылап, дәріханаға келушілерді сөзге тартып көрмек болдым. Әлеуметтік дәріхана өткен жылдың сәуір айында ашылыпты. Ертеңгі 9.00-ден түнгі 22.00-ге дейін жұмыс істейді екен. Сатушылардың айтуынша, белгілі бір әлеуметтік топтар ғана емес, кез-келген тұрғындар арзандау бағамен дәрі-дәрмек сатып ала алатын көрінеді. Баға басқа дәріханалармен салыстырғанда 9 пайызға арзан. Тұрғындардың пікірі түзу

Байқағанымыз, дәріханадан күні бойы адам аяғы үзілмейді екен. Екі сағаттың өзінде жиырма шақты тұтынушы келіп, керегін сатып алды. Тараздық Ұлбосын апа қалада осындай екі-үш нысан болса, артықтық етпейтінін айтады. «Соңғы кездері дәрі-дәрмекті осы дәріханадан алатын болдым. Біз секілді жандарға едәуір көмек. Жолдасым инсульт алған. Ішетін дәрілерінің бәрі қымбат. Бір дәрісін басқа жақтан 12500 теңгеге алатынмын, бұл жерде 8500 тұрады екен. Есептей беріңіз, қандай жеңілдік?! Біршама үнем де болады», – дейді ол. Байзақтық Нұргүл апа Таразға зейнетақысын алып, несиесін төлеуге келіпті. Жол-жөнекей немересіне керекті дәріні ала салмақ болып бас сұғыпты дәріханаға. «Көп келе бермеймін. Қалаға келгенімде ғана кіремін. Дәл осындай төмен бағамен дәрі-дәрмек сататын дәріхана Ровное ауылында да бар. Баға осы жердегімен бірдей, арзан. Әрі үзіліссіз жұмыс істейді. Түнде барсаң да, іздегеніңді табасың. Әлеуметтік дәріханалар зейнеткерлер үшін аса қажет. Қарт кісілердің денсаулығы көбірек сыр береді емес пе? Дәрі-дәрмектің көмегіне жиі жүгінеміз әрі көп аламыз», – деп ағынан жарылды Көктал ауылынан келген қария. Тұрғындармен пікірлесіп, жөн сұрасып тұрған кезде дәрі-дәрмектердің Алматы қаласынан тасымалданатынын құлағым шалып қалды. Сатушы да кәсіпкердің Алматыға кеткенін айтқан. Соған қарағанда Алматыдағы әлеуметтік дәріханалар жүйесінің тәжірибесімен танысып, білген жан болуы әбден мүмкін. Сатушылардың айтуынша, дәл осындай нысан Теміржол ауруханасының маңындағы Байзақ батыр көшесінде де ашылыпты. Тұтынушылардан Ровное ауылында да әлеуметтік дәріхана бар екенін естідім.

Нарықтық экономикада қатып қалған заң жоқ

Өңірдегі барлық дәріханалардың мемлекеттік лицензиясы бар екенін айтады облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру және лицензиялау бөлімінің басшысы Гүлмайра Момбекова. Дегенмен, тұрғындарға жеңілдікпен дәрі-дәрмек сататын дәріхана туралы қандай да бір мәлімет алу үшін медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыс бойынша департаменті бастығының орынбасары Мадина Шынәлиеваға телефон шалдық. Аталған мекеме әлеуметтік дәріхана жеке кәсіпкердің бастамасы бойынша жұмыс істеп жатқанын, олардың міндеттеріне фармацевтикалық қызметті бақылау кіргенімен, шағын және орта кәсіпкерлік нысанды жөнсіз тексере алмайтындарын айтты. «Әлеуметтік дәріханалар өз жұмысын облыстық денсаулық сақтау басқармасына мәлімдей отырып, жүргізуі керек. Бұл – негізінен, әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарға арналған игі шара. Қазір нарық заманы, сондықтан жеке кәсіпкер тұрғындарға жеңілдікпен дәрі-дәрмек сатамын десе де, өз еркі. Бұрын дәріханалардың орналасуы бойынша географиялық заңдылықтар сақталуы тиіс болатын. Бүгінде бір көшеде бес нысан ашуға да шектеу қойылмайды. Ал тексеру және бақылау мәселесіне келсек, арнайы рұқсатнама алмайынша, кәсіпкерден әлденені талап етуге ешкімнің құқы жоқ. Әлеуметтік дәріханалар жүйесін қалыптастыру мәселесінің көтерілгеніне біраз болды. Алматы, Астана қалаларында ашылып та қойған. Жалпы, біз халыққа қолжетімді баға ұсынатын кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз. Сондықтан, Ровноедағы әлеуметтік дәріхананың жұмысымен арнайы барып, таныстым. Мемлекеттік лицензиясы бар, талапқа сай жұмыс істеп жатыр. Сатушылары фармацевт мамандар. Дәріхананы ашқан алматылық кәсіпкер екен. Тұрғындарға он пайыз жеңілдік бар», – дейді фармацевтикалық қызметті дамытуды қолдау қоғамдық ұйымының облыстағы ассоциациясының төрағасы Мырза Әбдірахманов. Естуімізше, Ровноедағы әлеуметтік дәріхананы ауылдағы бұрынғы дәріхананың қасынан ашты деп наразылық білдіріп жатқандар да бар көрінеді. Бірақ, бұл әлеуметтік дәріхананың жұмысына еш кедергі келтіре алмаса керек-ті. Себебі, нарықтық экономикада қатып қалған заң жоқ дейді мамандар. Мәселен, бұрын бір ауылда жалғыз дәріхана ашуға рұқсат етілсе, қазір бір көшенің бойында екі-үшеуі қатар жұмыс істей береді. Бастысы – тұрғындарға сапалы қызмет көрсету. Бәсекеге төтеп беру.

 Түйін: Нарықтағы дәрі бағасының қымбаттығын ескерсек, әлеуметтік дәріханалар тұрғындар үшін керек-ақ. Тоғыз пайыздық жеңілдіктің өзі тұтынушыларға едәуір көмек болар еді. Сондықтан, тараздықтар облыста осындай нысандар көбейгенін қалайды. Бәлкім, бізге де басқа өңірлердің тәжірибесін пайдалана отырып, арнайы жоба жасау қажет шығар. Алматыдағыдай емдеу мекемелерінің қасынан дәріханалар ашса, тіптен жақсы. Қалай десек те, бұл – отбасылық бюджетті үнемдеудің тағы бір жолы.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар