«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Саяси оқиғаларға толы сәуір айы...

Саяси оқиғаларға толы сәуір айы...
ашық дереккөз
Саяси оқиғаларға толы сәуір айы...
Қазақстанның сыртқы саясаты белсенділігімен, тепе- теңдік сақтауға ұмтылысымен, прагматизмдігімен, сындарлы сұхбат жүргізуге талпынысымен және көпжақты ынтымақтастыққа бағытталғандығымен ерекшеленетіні белгілі. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде сыртқы саясатты тиімді жүргізудің нәтижесінде еліміз халықаралық алаңдарда өз позициясын батыл жеткізіп, үлкен мүдделер тоғысқан алаңдарда өзін абыройлы, сенімді ойыншы ретінде көрсетіп келеді. Мәселен, биыл Қазақстан халықаралық күн тәртібін қалыптастыратын негізгі ел болады. Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс- қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етуі еліміздің өңірде ғана емес, әлемде де бейбітшілік пен амандықты сақтау үшін жауапкершілік деңгейін арттырмақ. Бұл біздің елімізге артылып отырған үлкен сенім екені сөзсіз, әрі осы сенімнің артында Мемлекет басшысының дипломатиялық көрегендігін мойындап жатса керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен бір жылдың ішінде 20 шақты елге ресми және жұмыс сапарымен барғанын, сондай-ақ, Ақордада бірқатар мемлекеттердің басшыларын қабылдағанын, осы сапарлар мен кездесулердің саяси салмағы және экономикаға тигізер әсері зор болғанын атап өткен жөн. Мұндай маңызды шаралар биыл да жалғасын тауып жатыр. Мәселен, өткен сәуір айы еліміз үшін әдеттегідей саяси оқиғаларға толы болды. Біз бүгін солардың негізгілеріне қысқаша тоқталып кеткенді жөн көрдік. Сәуір айының басында Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақт астық ұй ымын а мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесті. Кездесуде Қазақстан Президенті ШЫҰ-ның заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы қолданатын әдіс- тәсілдерін күшейтуі қажет екенін айтты. «Мемлекеттеріміздің шырқын бұзатын терроризм, экстремизм және сепаратизм әрекеттерінің белең алуына жол беруге болмайды», деген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұсынысы бойынша ШЫҰ қызметін жетілдіру үдерісі басталғанын айта келе, аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктің тиімді құралы ретінде ұйымның әлеуетін іске асыру қажеттігін атап өтті. Президент бұған дейін 2025- 2027 жылдарға арналған терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ШЫҰ ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеу, сондай-ақ ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясын қабылдау қажеттігін айтқан болатын. Бұл туралы The Times of Central Asia басылымы: «Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқауіпсіздік сын- қатерлеріне қарсы күрес Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңіндегі ең басты басымдықтардың бірі саналады», деп жазды Қазақстан басшысының сөзіне сілтеме жасай отырып. Еске сала кетсек, 3 сәуірде Астана қаласында Қазақстан тарапының төрағалығымен ШЫҰ мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының он тоғызыншы кездесуі өтті.

БАРЫС-КЕЛІС, АЛЫС-БЕРІС...

5 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапарымен барғаны хабарланған болатын. Сапар барысында президенттер Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Келіссөз барысында мемлекеттер басшылары Орт а лық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау мәселесіне ерекше назар аударды. Осы ретте Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті алтыншы Консультативтік кездесуіне дайындық барысы, сондай-ақ, С5+ форматындағы ықпалдастық перспективалары талқыланды. Екі ел басшылары өңірдегі өзара ынтымақтастықты нығайту үшін Қазақстан мен Өзбекстанның теміржол әкімшіліктері арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы бастамаға қолдау білдірді. Бұл бірле скен кәсіпорынды құрудағы мақсат – Қытай- Қазақстан-Өзбекстан бағытындағы жүк тасымалын ұйымдастыру үшін қазақ-қытай шекарасындағы және Өзбекстандағы жүк терминалдарын өзара тиімді негізде пайдалану. Аталған жоба екіжақты сауданы жандандырып, тауар тасымалының көлемін арттыруға ықпал етеді, сондай- ақ оңтүстік бағыттағы жүк тасымалын ұлғайтуға қолайлы жағдай туғызады. Бірлескен кәсіпорын Трансауған бағытын дамытуға жұмылдырылады. Екі елдің өзара тауар айналымының көрсеткіштері де жаман емес. Өткен жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 4,4 миллиард долларды құраған. Өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларында бірле скен жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Бүгінде портфелімізде инвестиция көлемі 2,5 миллиард доллардан асатын 60 бірлескен жоба бар. Оның аясында 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын салу жобасы да сәтті ілгерілеп келеді», – деді Президент. Ал, өткен айдың бел ортасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияға ресми сапармен барып қайтты. Бұл сапардың Қазақстан үшін қандай маңызы бар десек, Оңтүстік Кавказ – маңызы артып келе жатқан аймақ. Сарапшы Мирас Жиенбаевтың пікірінше, Президент пен басқа да мемлекеттік қайраткерлердің Оңтүстік Кавказ елдеріне сапарлауының қазіргі динамикасы біздің осы аймақпен қарым-қатынасымыздың жаңа, сапалы деңгейге көшкенін көрсетеді. Әсіресе, ең алдымен, қазіргі жаһандық тұрақсыздық кезінде Қазақстанның сыртқы саясаты икемді көпжақтылық форматын дамытуда белсенділігін жалғастырып келеді. «Шындығында, Қазақстан Еуразия кеңістігінде күн тәртібіне дипломатия, диалог пен ынтымақтастықтың маңызын ілгері жылжытып жүрген жетекші елге айналып келеді. Бір жағынан, біз өңіріміздің мемлекеттері бұрын- соңды болмаған жаһандық, аймақтық және елге тән сын-қатерлерге тап болғанын көріп отырмыз. Екінші жағынан, Қазақстанның сындарлы сыртқы саясаты Астанаға өзінің елеулі дипломатиялық әлеуетін дамыту үшін бірегей мүмкіндіктер жасайды», – деп атап өтті М.Жиенбаев. Оңтүстік Кавказ өңірі Қазақстанның сыртқы саясаты мен саудасы үшін маңызы артып отырған аймақ болып саналады. Президенттің Арменияға сапары түрлі саладағы екіжақты қарым-қатынасымыздың дамуы үшін нақты міндет жүктеп қана қоймай, мемлекетке осы аймақтағы істерге белсендірек қатысуға мүмкіндік береді. Сарапшының пікірінше, Президент мемлекетаралық ынтымақтастық үшін екіжақты қарым-қатынасты дамытуда өте маңызды саяси жігер танытып отыр. Іс жүзінде біз Армениямен экономикалық ынтымақтастықта оң динамикаға қол жеткіздік, тек өзара сауда соңғы 5 жылда 3,5 есе өсті. Сонымен бірге, бұл көрсеткіштің алдағы жылдарда өсуі үшін айтарлықтай әлеует бар. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қазақстанның Арменияға экспорттық портфелін 70 тауар түрінен 350 миллион долларға арттыруға, оның ішінде өңдеу деңгейі жоғары дайын өнімді ұлғайтуға әзір екенін атап өтті. Өткен жылдың соңында сауда көлемі 23 пайызға артқан. Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ екі аймақтың көлік-логистикалық әлеуетін өзара арттыра отырып, стратегиялық жақындасуын жалғастырып жатыр. Бүгінде біздің бірегей геостратегиялық жағдайымыз әлемдік сауданың жалпы жүйесінде құрлықтық байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оңтүстік Кавказ мемлекеттері – біздің көлік- логистикалық әлеуетімізді іске асыруда маңызды стратегиялық серіктестер. Президент армениялық «Әлемнің тоғысуы» бастамасын өңірлік логистикалық құрылым кешеніне біріктіруге қызығушылық білдірді. Жалпы, сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстан орта державалар саясатының іс жүзінде сәтті үлгісін көрсете отырып, «әділетті бейбітшілік пен келісім үшін дүниежүзілік бірлік туралы» бастамамыз аясындағы өз идеяларын ілгерілету үшін дипломатиялық әлеуетін пайдаланады. Сонымен қатар, Оңтүстік Кавказ мемлекеттерінің бір- бірімен және Орталық Азия өңірімен диалогы, ынтымақтастығы үшін жаңа мүмкіндіктер жасай отырып, Қазақстан өңіраралық қарым-қатынастар мен бірлесіп дамудың жаңа формуласын құрып жатыр. Арменияға сапары барысында Президент Армения мен Әзербайжан арасындағы қатынасты тезірек реттеуге шақырып, осы орайда Ереван мен Баку арасында тезірек берік әрі ұзақмерзімді бейбітшілік орнағаны маңызды деп атап өтті. Сондай-ақ, келіссөздер үшін Қазақстан өз алаңын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Тараптар Армения мен Әзербайжан арасындағы уағдаластықтарды нақты жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға келісті. 19 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғызстан Президентін қарсы алып, Садыр Жапаров сапарының екі тарап үшін де мән-маңызы айрықша екенін ат ап өтті. Келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзиттік, энергетикалық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттап, Садыр Жапаровтың екіжақты қарым- қатынастарды дамытуға және нығайтуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті. Қазақст ан және Қырғызст ан Президенттері бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасап, екі ел үшін мән-маңызы зор тарихи келісімге қол қойылғанын мәлімдеді. Бұл – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы шарт. Осы құжат өзара байланыстарды одан әрі дамытуға жол ашады. Президенттер бауырлас екі ел арасында шешімін таппаған түйткілді мәселе болмауы керек деген ортақ байламға келді. Сонымен бірге сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән берді. «Қазақстан – Қырғызстанның сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті. Келіссөздер барысында бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге мүдделі екенімізді растадық. Жалпы, өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едәуір арттыруға мүмкіндік бар. Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Қазақстан Қырғызстанға қазірдің өзінде 195 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны – 260 миллион доллар. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес», – деді Президент.

ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ ТІЛДЕСТІ

Өткен айда Президент бірқатар мемлекеттің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті. Ресей Президенті Владимир Путинмен сөйлесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты әрі көпжоспарлы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін және даму перспективасын талқылады. Президенттер шекара маңындағы өңірлерде орын алған су тасқыны жағдайын талқылап, екі ел үкіметтеріне табиғи апатқа қарсы күресте өзара ықпалдастықты нығайтуды тапсырды. Тараптар екі елдің қарым-қатынастары дәстүрлі түрде әрі стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Ал, 6 сәуірде Қырғызстан Президентімен сөйлескен Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты бауырлас елдің көрсеткен көмегі үшін Садыр Жапаров пен Қырғызстан халқына алғыс айтып, бұл гуманитарлық көмек екі ел арасындағы шынайы достықты, тілеулестікті және тығыз одақтастық қарым-қатынасты білдіретінін атап өтті Биылғы Ораза айтымен телефон арқылы бірін бірі құттықтаған Қасым- Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан мен Түркия халықтарына бақ- береке тіледі. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі ахуалға байланысты қолдау көрсеткені үшін Режеп Тайип Ердоғанға алғыс айтып, Түркиямен бауырластық қатынасты, сондай-ақ екі ел халықтары арасындағы тұрақты ынтымақтастық пен өзара тілеуле стікті жоғары бағалайтынын мәлімдеді. Телефон арқылы сөйлесу кезінде Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды да барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Ораза айт мейрамымен құттықтап, Қазақстан мен Тәжікстан халқына бақ- береке тіледі. Тараптар Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі нығайту перспективасын талқылады. Екі елдің үкіметтеріне саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыру тапсырылды. Сәуірде Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен де телефон арқылы сөйлесті. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқынына байланысты тілеулестік танытып, көмек көрсеткені үшін Шавкат Мирзиёевке және бауырлас өзбек халқына алғыс айтты. Президенттер қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту, сондай-ақ бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Тараптар екіжақты қатынастар мен өңірлік деңгейдегі кооперацияның қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Сонымен қатар, мемлекет басшылары аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

МӘРТЕБЕЛІ МЕЙМАНДАР, МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР...

Мемлекет басшысы бірқат ар мемлекеттерден келген маңызды меймандарды қабылдады. Солардың бірі Грузия Парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилиге ілтипат білдіре отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Оңтүстік Кавказ өңіріндегі негізгі серіктестерінің бірі – Грузиямен жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға айрықша мән беретінін атап өтті. Кездесуде екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға баса назар аударылды. Ал, 18 сәуірде Саха республикасының басшысы Айсен Николаевты қабылдаған Президент Қазақстан мен Саха (Якутия) республикасының сан қырлы байланыстары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, кен өндіру өнеркәсібі, цифрландыру және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды. KIA корпорациясының президенті Хо-сунг Сонгпен кездесуде Президент автоиндустрияны дамыту Қазақстанның өнеркәсіп саясатының негізгі бағыттарының бірі саналатынын атап өтті. Хо-сунг Сонг Қасым-Жомарт Тоқаевқа автомобиль шығаратын толық циклді зауыт құрылысының барысы туралы мәлімет берді. Зауыт 2025 жылы Қостанайда салынбақ. Жобаны жүзеге асыру үшін 90 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. 1,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасының Қорғаныс министрі Дун Цзюньді қабылдап, оның тату көршілік, достық қатынастарды және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы Ақордада Сингапур парламентінің спикері Сеа Киань Пенді де қабылдады. Кездесуде экономикалық және инвестициялық ықпалдастық перспективаларына баса назар аударылды. Сонымен қатар, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. Жақында Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның Қазақст анға келуі шетел саясаткерлерінің жіті назарын елімізге аударғаны сөзсіз. 2010-2016 жылдары Ұлыбританияның Премьер- министрі лауазымын атқарған британ саясаткері 11 жылға созылған үзілістен кейін алғаш рет Астанаға Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі ретінде келді. Дэвид Кэмерон екі күнге созылған сапарында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кезде сті. Әңгімеле су барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету, әсіресе, білім беру саласы мен жастарды қолдау ісіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дэвид Кэмерон өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Кездесудің маңызды қорытындысы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы болды. Айта кетерлігі, бұл құжаттың қорытындысын жасау жұмысына шамамен 6 жылдай уақыт кеткен.

АРМЕНИЯ МЕН ӘЗЕРБАЙЖАН КЕЛІССӨЗІН ҚҰПТАДЫ

Таяуда Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері Алматыда кездесіп, олар бейбіт келісімге қатысты келіссөздерді жалғастыратыны белгілі болды. Бұл туралы 28 сәуірде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Блинкенмен телефон арқылы сөйлескен кезде айтқан. Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті сәуірде екі елге барып, Әзербайжан мен Арменияны бейбіт келіссөзге шақырған, сондай-ақ келіссөздер үшін Қазақстан өз алаңын ұсынуға дайын екенін мәлімдеген болатын. Ал, 1 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан мен Армения арасындағы Алматыда өтетін келіссөздер процесіне қатысты мәлімдеме жасады. «Бұл маңызды шараның Алматыда ұйымдастырылуының символдық мәні бар. Өйткені, 1991 жылы желтоқсан айында ТМД елдерінің тәуелсіз дамуына негіз қалаған және мемлекетаралық шекараны анықтау қағидаларын бекіткен тарихи құжатқа – Алматы декларациясына қол қойылған еді. Алдағы кездесу әзербайжан-армян уағдаластығының нақты іске асуына жол ашып, жуық арада Оңтүстік Кавказда тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшіліктің орнауына ықпал етеді», – делінген мәлімдемеде. Түсіндіре кетсек, Әзербайжан мен Армения 1980 жылдың соңынан бері қақтығысып келді. Екі ел арасындағы қақтығыс 1994 жылы аяқталғанымен, шекара мен Таулы Қарабақ мәселесі шешілмей қалған. Әзербайжан аумағындағы Таулы Қарабақта көбіне армяндар тұрған, соғыс кезінде бұл аймақ Бакуден тәуелсіздігін жариялап алған. Бұл аймақ үшін екі ел арасында 1994 жылдан кейін де бірнеше рет қақтығыс болды. 2020 жылы күздегі әскери қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтың бір бөлігін қайтарып алған. Ал, 2023 жылы толық бағындырған соң, Қарабақта тұратын 100 мыңнан аса армян Арменияға көшкен. Түйіндей келгенде айтарымыз, әлемдегі түрлі саяси ареналарда батыл бастамалар көтеріп, көптеген маңызды форум, жиындардың өтуіне мұрындық болып жүрген елімізде биылғы Астана халықаралық форумы өтпейтін болды. 13 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жойқын су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін басқа шараларға жұмсалатын қаржыны барынша үнемдеу қажет екенін ескере отырып, 13-14 маусымға жоспарланған Астана халықаралық форумын өткізбеу туралы шешім қабылдады. Президент форумға шақырылған қонақтар бұл шешімге түсіністікпен қарайды деп сенетінін жеткізді. Астана халықаралық форумы өз жұмысын 2025 жылы жалғастыратын болады.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

Ұқсас жаңалықтар