«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аппақ қар, ақ сезім...

Аппақ қар, ақ сезім...
ашық дереккөз
Аппақ қар, ақ сезім...

Аспан мен жер тұтасып кеткендей. Аппақ әлем. Аппақ қар.

6

5Ақша қар жапалақтап жауып жатыр. Қара жерге жеткенше жалбаң қағып, жаны қалар емес. Тегі бөлек болғанымен, түпкі мекені екенін сезе ме деймін. Елпеңдеп келіп, Жер-Ананы өбуде. Қай-қайсысы да бұрынырақ жеткісі келеді. Қайта қауышуға асығады. Ата қонысына ертерек оралғандары – қарайған қырқа-қыраттардың кең қойнауында. Албырт сезім, алғаусыз табысқан көңіл. Шеті де, шегі де көрінбейтін дархан далада ақ сағым жүзіп жүргендей. Жаныңды бір тәтті мұң тербейді. Бойыңды буып, буырқанған алапат сағыныш жүрегіңді тырналап, маза бермейді. Дегбіріңді алған белгісіз мазаң күй. Алабұртып, тағат тауысады. Егер ұлпа қарға тіл бітсе, ол өзінің ішкі сезімін осылай ақтарар ма еді, кім білсін. Бәлкім, көктем шыққанда неліктен ебіл-дебілі шығып, егіле жылайтынын да айтатын болар. Әттең, тілі жоқ. Сондықтан, оның сырын жаныңмен сезініп, үнсіз ұқ. Сайын даланы ақ мамыққа ораған ісмерлігі мен шеберлігіне тамсан. Тартылыс заңы. Әуеге лақтырылған тас та қара жер қонысын қайта табады. Сынық қанат ақ көбелек сияқты қалбалақтаған ақша қар, қиыршық қар, ұлпа қар да солай. Сағыныш зары. Сезімнің шарболат бұрауы босап, қыстың қыспағына шыдас бермеген сыңайлы. Қылаулаған қар жерге қарай асығуда. Ақ толқындар ақ желкенді кемеңді қақпақылдап, алыс жағалауға бұрып әкететін секілді. Жер-Анамен сағына қауышқан ақ қардың демі де жылы. Үлп-үлп етеді. Жұп-жұмсақ ақ мамық. Бірақ, сартап болған сағыныштың, сергелдеңге салған сезімнің зардабын көп тартқаннан болар, ұлпа қардың ертеңінде-ақ, қасат қарға айналып, қатайып шыға келетіні бар.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар