«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ерназар» емес, «Ақша батыр» болуы керек

«Ерназар» емес,   «Ақша батыр» болуы керек
ашық дереккөз
«Ерназар» емес, «Ақша батыр» болуы керек

Жамбыл ауданында Ерназар деген ауыл бар. 1954-55 жылдары ұсақ колхоздар («Кеңестөбе», «Майтөбе», «Ерназар» және «Қызыл Октябрь») біріккенде, бұл ауыл «Қызыл Октябрь» аталған еді. Кеңес Одағы ыдыраған соң Ерназар болып қалды. Ал Ерназар деген кім?

Ерназар – 1927-34 жылдары Қазақстанды Мәскеуден жіберілген, қазақтар «қужақ» деп атаған қандықол қарақшы Ф.И. Голощекин басқарған кезде ҚА КСР Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Елтай Тышқанбаевтың фамилиясы болып қалған есім. Бұл фамилияны оған Орталық атқару комитетінің төрағасына Тышқанбаев деген фамилия жараспайды деп Голощекин ұсынған. Ал оның бұл есімді қайдан немесе кімнен алғаны белгісіз. Өйткені, бұл жайында еш жерде жазылмаған. Сөйтіп, Елтай Тышқанбаев бір сәтте Елтай Ерназаров болып шыға келді. Ол – қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданының тумасы, яғни Жамбыл облысының Жамбыл ауданына ешқандай қатысы жоқ адам. Ал енді Елтай Ерназаровтың атқарған қызметіне, оның еліне, туған халқына сіңірген еңбегіне келейік. Оның ең басты «қызметі» мынадай: 1928 жылы байлардың мал-мүлкін тәркілеу жөніндегі комиссия төрағалығына сайланған Е. Ерназаров 1931-1932 жылдардағы қолдан ұйымдастырылған нәубет кезінде өз халқына жаны ашымаған. Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде «Елтайларды есіркеп, ел болмаспыз» деген мақалада мынадай деректер келтірілген: Қарағанды облысындағы Алашқа аты әйгілі ақын, әнші, шешен әрі сазгер ұлт перзенті Доскей ауылы бар. «Менің мазамды алып, санамды соғып, ойымды ойран еткен – осы ауыл мектебіне танылған Елтай Ерназаров есімі. Әңгіме сонда. Көзіқарақты кейінгі жұртқа Е.Ерназаров есімі таныс. Ф. Голощекинмен Қазақстанда «кіші қазан төңкерісін» ұйымдастырып, қолдан аштық жасаушы тақыршекенің (Ф.Г.) қолшоқпары. Шала сауатты оны Ресей 1927-1934 жылдары ҚА КСР Орталық атқару комитетінің төрағасы етіп қойғандықтан, ел арасында «Елтай ағам оқымай-ақ ел басқарған» деген кекесін сөз бар. Басқасын айтпағанда, Оңтүстік Қазақстан облыстық мұрағатындағы тәркілеуге қатысты құжаттың бәрінде осы Елтайдың қолы бар. Қ.Мұхаметханов «Шәкәрім» атты мақаласында ақын мен Елтайдың Шыңғыстаудағы кездесуін көзімен көрген Аюбай Кенесариннің (1906 жылы туған) мынадай естелігін айтады. «Осы ауданға Қазақ үкіметінің басшысы Елтай Ерназаров келгенде (1931) Шәкәрім сол кісіге кіріп, әңгімелесіп, шығып тұрғанда көрдім. Жаздыгүні болатын. Елтайға арналып, Қарауыл өзенінің жағасына бірнеше үй тігілген-ді. Елтай отырған үйді милиция адамдары күзетіп тұрды. Арыз айта келгендер өте көп еді. Бірқатары кіруге рұқсат ала алмай күнұзақ тосумен болды. Сол күні атақты өнер иесі, әнші Ағашаяқ ретін тауып кіріп, сиырымды қайтарып беретін болды деп қуанып шықты. Басқалары арызымыз шешілмеді деп ренжіп шығып жатты. Бір кезде Елтай отырған үйден Шәкәрім де шығып келіп, тұрған халыққа: «Малдан айырылған елдің ашыға бастағанын айтып, тәуір-ақ сөйлестім. Көнбеді. Мәселе шешетін басшыға ұқсамайды. Босқа әуре боп кірмей-ақ қойыңдар», – деп атына мініп, жүріп кетті...» деп жазады Жәнібек Әлиман. Еліміз тәуелсіздік алған соң тарихи тұлғалардың есімдері туып-өскен жерлеріндегі ауыл-аймақтарға беріле бастады. Бұл – тарихи әділеттік. Сондай қаһармандардың бірі – қолбасшы Қойгелдінің туған бауыры, осы өңірден шыққан Ақша батыр Сартұлы. Ол 1730 жылдың көктемінде жоңғар басқыншыларымен болған шешуші Аңырақай шайқасына мыңбасы дәрежесінде қатысқан. Солбір жаугершілік замандағы дәстүр бойынша батыр атағы жекпе-жекте жаудың кемінде бір батырын өлтірген сарбазға беріледі екен. Ал Ақша Сартұлы жекпе-жекте қалмақ батыры Дәржіні жер жастандырған. Кейін осы қиян-кескі шайқастардың бірінде жау қолының ортасына түсіп қалып ауыр жараланып, ерлікпен қаза тапқан. Қазір Ақша батыр ұрпағының дені осы Ерназар ауылында тұрып жатыр. Өскен, өнген ұрпақ. Сондықтан да, осы жәйттерді ескере келіп және де Ерназар ауылдық округі әкімі аппаратының бастамасын қолдай отырып, Ерназар ауылының атауын «Ақша батыр ауылы» деп өзгерту тарихи әділеттілік болар еді деп ойлаймыз.

Сайлаубек ТӘУКЕЙҰЛЫ, Профилактикалық медицина академиясының толық мүшесі, академик. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері.

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар