Темір тордың ар жағындағы таланттар

Темір тордың ар жағындағы таланттар
ашық дереккөз
Темір тордың ар жағындағы таланттар
БІРДЕ ӘЛДЕБІР ГАЗЕТТІҢ БЕТІНЕН АБАҚТЫДА ӨМІР СҮРІП ЖАТҚАН ТҮРЛІ ӨНЕРЛІ АДАМДАР ТУРАЛЫ МАҚАЛА ОҚЫДЫМ. «СҮРІНІП КЕТІП, БҮЛІНІП КЕТКЕН ТАҒДЫРЛАРДЫҢ» ЕГЕЛЕРІНЕ БІР ЖАҒЫНАН ЖАНЫҢ АШИДЫ. ЕКІНШІ ЖАҒЫНАН ЖЫНЫҢ КЕЛЕДІ... «Түрмеде мұндайлардың мыңы отыр. Ал олардың әлдеқайда пайдалы іс жасайтын уақыты босқа өтіп жатыр. Оның сыртында кемел ой, керемет қабілетке ие осы адамдар ертең түрмеден қандай адам болып оралады деген сұрақ тағы туындайды» делінген мақалада. Білім саласында қызмет етіп жүрген кезімде Берiк деген оқушының үстiнен шағым айтып Тұрғынбек деген қария келіпті. Немере қызы сол баланың мазақтап, күн бермейтінінің кесірінен бiрнеше рет үйiне жылап барған екен. «Тыныштық бере ме, жоқ па? Қай сабақта отыр өзi? Келемеж қылғанның көкесiн көрсетейiн мен оған. «Әкесiнiң байлығына – байпағым!» – деп кіжінген, қабағы қатулы қарияның тiптi жұдырығы да түйiлiп кеткен. Бұл жер бiлiм шаңырағы, ашу – дұшпан, ақыл – дос екендiгiн еске түсiрiп, қалшылдаған қартты педагогтар ұжымы әзер сабырға шақырды. Әлгі бұзық баламен де тәрбиелік жұмыс жүргізілді. Не керек, кейін бір сыныптағы сол оқушы қыз бен ұл тіл табысып, татуласып, тіпті бір-бірімен сыралғы дос болып кетті. Мұндай жайт мектеп өмiрiнде жиi болып тұрады. Қазір «Соңғы кезде жастар бұзылып кеттi. Оқушыларда мүлде тәртiп жоқ» деп байбалам салушылар көп. Бүгiнгiнiң балаларының маңдайында мүйiзi бардай, бұрынғының елгезек, тілалғыш, момақан балаларын сағынышпен еске алады. «Баяғыда өзiмiз мұғалiм көрсек көзiне түспеуге тырысатынбыз», деп тамсанады. Үйдегi өз баласына «бұрын оқушы деген тәртiп бұзбайтын» деп ақыл айтады. Бірақ, бала қай кезде де бала. Әр кезеңнiң де «балалық жасап қоятын» тентегi кездесiп отырған. Тек, сол тентекке кезiнде қатесiз дұрыс бағыт берiлдi ме, әңгiме, мiне, сонда!.. Менiмен бiрге мектепте Қалбай деген бала оқыды. Көпбалалы, өскен-өнген, өнегелi жанұядан шыққан Қалбай озық ойлы, өзгеше өнерлiлердiң қатарына жататын. Кластағы түгiлi, мектептегi қыздардың қаншасы ынтық едi оған. Тұңғиық көздерi тым әдемi едi. Үндi киножұлдыздары Амитабх Баччан, Дхармендра, Риши Капур, Шаши Капурлардың сұлулығы оның қасында жiп есе алмайтын. Оның жалт етiп бiр қарағанына мәз болған талай қыздың терең сырын тыңдап, нәзiк сезiмiнiң талай куәсi болып едім. Қалбайдың мен қадiрлейтiн тамаша қасиеттерi көп едi. Керемет талантты болатын, ашық таза даусымен ән шырқай жөнелгенде жұрт сiлтiдей тынатын. Оқушылардың аудандық әншiлер байқауында атақты «Маралдым» әнiн орындап бiрiншi жүлде алып бергенi есiмде. Қуана құттықтап, қолын алған маған: – Менiң Ақжан деген сүйiктi жеңгем бар. Әншi деп соны айт. Даусын естiсең, шiркiн! – деп жымиған. Ол сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылданып, күрес секциясына қатысты. Шымыр бiлектi бойшаң бозбаланың аяқалысы да жаман болған жоқ. Талай жарыстарда жоғары көрсеткiштерге жетiп жүрдi. Аудандық газеттiң 1980 жылғы 25 сәуiр күнгi санында Қалбайдың палуандығы туралы мақала да жарияланды. Бiрақ, айтып-айтпай не керек, жоғары сыныпқа көшiп, есейген сайын Қалбайдың жақсы атынан гөрi жаман аты жиi шыға бастады. Сабақтан көп қалатын болды. Сынып жиналысына, ата-аналар жиналысына жиi түсiп, мұғалiмдерден жиi сөз еститiн болды. Үлкендерден ықса да, жас мұғалiмдi «мұғалiм» демейтiн мiнезi пайда болды. Әсiресе, Бұралқиев деген жас ұстазбен екеуi қатты ұстасты. Бұл күнде марқұм болып кеткен Бұралқиевтiң орыс тiлi сабағы Қалбай қатысқан күнi мақсатына жетпейтiн. Қаймықпаған Қалбайдың мысын жұдырықпен басу үшiн Бұралқиев сабаққа арнайы былғары қолғап (перчатка) киiп келетiн болды. Бiрақ, оның ұрғаны Қалбайды одан сайын ерегiстiрмесе, қойдырған жоқ. Бiр таңқаларлығы, Бұралқиевке бой бермеген Қалбай бiздiң «қойсаңшы» деген бiр ауыз сөзiмiзге тоқтайтын. Сондықтан, Қалбайдың «жасының толқымалы кезеңнен» сүрiнбей өтуiне жақсы ықпал етуге мұғалiмдер бiздi – Қалбайдың достарын тиiмдi пайдаланды. Олары нәтижесiз де болған жоқ. Бұралқиевтiң сабағын ауыстырған ширақ мұғалім Мира әкпейге де ұнамағанмен, Қалбайдың бұзықтығы бiз үшiн Бердiбек Соқпақбаевтың Қожасының қылығындай ғана көрiнетiн. Жетекшiмiз биолог Құттыгүл әкпей де онымен тiл табысуға тырысты. Қоғамдық жұмысқа тартты. Соның арқасында, Қалбайдың әдемі шрифтерiмен жазылып, әсем безендiрiлген «Бионика – табиғат перзентi» атты сынып газетiне химия-биология апталығында бiрiншi орын берiлдi. Екiншi наурыз күнгi апталықтың қорытынды кешiнде тағы да бiздiң сыныптың басқалардан оқ бойы озық бағаланғанын естiгендегi Қалбайдың қуанғаны-ай! Қас қарайып қалғандықтан, ауылдың екiншi шетiнде тұратын Манаткүл құрбым екеумiздi Қалбай өзінің достары Сейiтқасым, Сәкен, Дәулендермен бiрге шығарып салды. Көтеріңкi көңілiмiз қиялымызды шарықтатты. Ақтарыла сөйлестік. Сырластық. Сейiтқасым мен Сәкен Алматыға оқуға түсетiндерiн айтты. Менiң де аңсағаным – Алматы. – Бәрiң Алматыға аттанғанда мен қалам ба? – деп әзiлмен бiр қағытқан Қалбай өзiн өнер жолында сынап көргiсi келетiнiн бiлдiрдi. Иә, оның арманы Алатаудай еді... Өмiрдiң арнасы әрқайсысымызды әрқалай ағызып әкеттi. Ару Алматы құшағын Сейiтқасымға ғана ашыпты. Шымкентте оқып жүрген маған Читада әскери борышын өтеп жүрген Қалбайдан үзбей хат келiп тұрды. «Кеше бұрынғы декабристердiң жұмыс iстеген жерiне барып тамашалап қайттық» деп алған әсерiн жазған соңғы хатынан кейiн, ауыл жақтағы әлдекiмдерден Қалбайдың әскерден қашқанын, сөйтіп ұсталып, қамалып қалғанын естiдiм. Одан құтылып келіп, елге аман-есен қайтқан соң ол, он төрт жасар қызды зорлады деген айып тағылып, түрмеге тағы түсті. Бұл кезде мен мұғалімдік диплом алып, ауылға оралып, өзім оқыған мектебімде қызметте жүргенмін. Қалбайды бәрібір жамандыққа қимадым. Оның туған күнiнiң 22 сәуiр екенiн де ұмытпаппын. Кiшкентай кезiнде Қалбайдан үлкендер: – Өскенде кiм боласың ? – деп сұраса, – Ленин боламын, – деп жауап беретiн көрiнедi. Мiне, сөйткен Қалбайдан, арманшыл Қалбайдан осындай адам шығады деп кiм ойлапты. Жұмыстан келiп, жаңа газеттердi ақтара бергенiмде облыстық газеттiң бетiндегi қазанамаға көзiм түстi: «…С. Әлиевке iнiсi Қалбайдың мезгiлсiз қайтыс болғанына қайғырып көңiл айтамыз». …Қалбай, қайран Қалбай кластасым – отыз бес жыл ғана ғұмыр кешіп түрменi жайлаған туберкулез дертiнен көз жұмыпты…

Ұқсас жаңалықтар