
дүкен мен шаштараз есігінде суреттері ілулі тұрған тәртіп сақшылары ұрыларды неге ұстамайды?
Тараздың оңтүстік-батыс жағында «Көктем» алқабы бар. Ондағы тұрғындар жылқы жылында мамыражай күнінен, тыныш ұйқысынан айырылды. Кірпіктері айқасса қорадағы малдары ізім-қайым жоғалады, үйге тыққан алтын, ақша ұрланады, сарайдың құлпы бұзылып, қант, ұн және ет сұғанақтардың қолында кетеді. Жергілікті тұрғындардың уәжіне құлақ түрсең, ұрыларға «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» табылмай отыр деп кіжінеді. Біз осы мәселені анықтау үшін көше жағалап, үйме-үй кіріп араладық. Біз қоңырауын басқан, қожайыны шыққан үйдің иелеріне аман-саулықтан соң «үйіңізге ұры түсті ме?» десек, «әнеу күні...» деп бастайды да әңгімелерін айтып берді. Тоналған үйді іздеп әуре-сарсаңға түспейсің. Жандарына әбден батқан болуы керек, қасымызға өздері келді.
Сондай бір тұрғын есімін жария етпеуді талап етті. Қош. «Ауылымыз қаптаған ұры, қақпаның есігі шалқайып ашық тұратын заман келмеске кетті. Есігімізді күзетіп жатамыз. Қорада тұяқ болған соң, ит үрсе жалма-жан сыртқа жүгіреміз. Ұзап кеткен ұрыны итпен іздеп таба алмайсың. Ұрылардың дәніккені соншалық – шаңқай түсте түседі. Күндіз үйде немере бар, бағып отырған кемпір бар дегендей. Кемпір «өй, жүгермек» деп алдынан шықса, ұры қол жұмсаса зәресі ұшады ғой. Бала шошиды. Ұрлық-қарлықтың алдын алатын полиция белсенділік танытпай дәл осылай қол қусырып қарап отыра берсе, арты жақсылыққа апармайды. Айтпақшы, ел естісе күлетін шығар, ұрылар түріктің алтындарын менсінбей тастап кетіп жүр, тек таза алтынды ғана жымқыратынды шығарыпты...» дейді. Бейресми мәлімет бойынша, өткен жылы «Көктемде» отыздан аса үй тоналыпты. Түріктің алтынын алтын құрлы көрмей жүрсе ол ұрылар, шын мәнінде, әбден тойынған екен. Әлде жергілікті учаскелік полиция қызметкерінен сескенбей ме?
«14 қараша күні үйімізге ұры түсті...»
— Есімім Жомарт Қобыландыұлы, мекен-жайым Фресно көшесі, №205 үй. 14 қараша күні сағат 17.00-дер шамасында үйімізге ұры түсті. Ақшалай – жүз елу мың теңге, заттай – алтындар ұрланды. Барлық шығын алты жүз мың теңгені құрайды. Ұрылар терезеден кірген. Тергеу жүріп жатыр ма, жүріп жатқан жоқ па білмейміз. Ешкімнен хабар жоқ, жоғалған зат та жоқ, – деді аты-жөнін жасырмай нақты айғақты алдыға тартқан бір тұрғын. Көршісі де болған жайды баяндай бастады: — Аты-жөнім Мара Шыназбекқызы, Фресно көшесі, № 203 үйде тұрамыз. Есік, тереземіз темір тормен қапталғанын көріп тұрсың. Дүниемізді сол аман алып қалды. Қонақтан келсек, есіктің тұтқасы салбырап қалған. Жүрегім зырқ ете қалды. Әбүйір болғанда дүниеміз түгел. Кіре алмаған ғой. Анау тұрған дүкеніміздің бұрандаларын да ағытып үлгермепті. Ұрыларды үркіткен – көршілеріміз. Біздің үйде жоғымызды біліп, тасыр-тұсыр дыбысты естіген соң, көше жақтан тұрып айқайлаған ғой. Ауылдастарға рахмет! Үшінші қыркүйек күні маған ота жасалды. Ал ұрылар осы айдың алтысы күні біздің үйге «қонаққа» келіпті. «Қонаққа» дегенім ауылдың жаңалығын естіп-біліп жүрміз ғой. Сол күні кешкі сегіз бен тоғыздың шамасында балам мен келінім маған ыстық тамақ әкелуге шығыпты. Ұрылар үйде ешкім жоқ деп ойлап қалса керек, терезеден кіре бергенде, қызымның даусын естіп тұра қашқан ғой. Қызым балама хабарлаған, ол жол-жөнекей полиция шақырған. Әңгіме осы, – дейді Айша бибі көшесі №204 үйде тұратын Ұлбосын Ахметова.
«Жарты қап құмшекерімді алып кетті...»
Есікті ашқан мектеп жасындағы баладан «үйде үлкен кісі бар ма?» деп сұрадық. «Қазір жеңгемді шақырып келейін» деп жүгіріп кетті. Жеңгесі өзін Баубекова Баянмын деп таныстырды да полиция құрықтай алмаған ұрыны газет тәубесіне келтірер деймісіз деп сенімсіздік танытты. Газет ықпалының мән-жайын түсіндіріп берген соң, Әбішев көшесіндегі №183 үйдің тұрғыны болған оқиғаны әңгімелеп беруге келісімін берді. Ұрының түскеніне екі аптадан асыпты. Таңғы төрт-бестерде жаздық асханадан жарты қап құмшекер, бес литрлік ас майының төртеуі және тоқпен жұмыс істейтін ет турағышты ұрлап кетіпті. — Балам-ау, не айтам саған? – дейді келесі жәбірленуші. – Есімнен де шығып қалыпты. Өткен жылдың қараша-желтоқсан айында таңғы сағат төрт-бестер шамасында қорадан тай ұрланды. Милицияға айттық. Бірақ ұсталған жоқ. Әбішев көшесі, № 213 үйдің тұрғыны Гүлмира Төленова әпкеміздің айтқаны осы. Қора жақта тұруға ынғайсызданды ма, ауладан шыға бере әңгімесін бастады. «2013 жылдың 16 желтоқсанында қорамыздан құлынды бие жоғалды. Полицияға хабар бердік. Бір жылдан асты әлі ешқандай жаңалықтары жоқ. Соңғы рет сөйлескенімізде «іздестіріп жатырмыз» деген болатын». Осыны айтқа Фресно көшесіндегі № 176 үйдің тұрғыны өзін Ербол Естаевпын деп таныстырды. — Тойдан келсек, үйімізді тонамақ түгілі, астан-кестеңін шығарып, шашып кеткен ғой. Ұмытпасам, қарашаның 15-і болуы керек, – деді Райкүл Масалимова есімді азаматша. Ол да Фресно көшесі, № 143 үйде тұрады екен. — Барлық бөлме шашылып жатыр, ақтарылмаған суырма қалмапты. «3D» теледидар мен тымақтарымызды, ноутбук, ақша және тағылмаған алтындарымды «сыпырып» әкетті. Шырылдап полицияны шақырдық, сөйтсек, олар біздің алдымызда ғана тоналған Фресно 205-тен келді. Ұрылар тамның артындағы балалардың бөлмесінен кіріпті. Не айтам басқа? Ұрылардың бұрауышы қалып кетіпті. Бұрауышты полицияның қолына тапсырдық. Бізге келген шығын сегіз жүз мың теңгеден асып отыр.
«Сейфті өзіміздің балтамен ашыпты...»
— Сегіз болмаса тоғыз алтын ұрлаттық. Сейфтен бес жүз елу мың теңге жоғалды. Барлық шығынды есептеп көргенімізде, тоғыз жүз қырық мың теңгені құрады. Сол жақтағы пластик терезеден кіріпті. Бұл – желтоқсан айының жиырма сегізі күні болған ұрлық. Полицияға хабарладық, олар келді де, он жеті саусақ ізін тапты. Арасында өзіміздікі де бар. Сейфте қолғаптың ізі қалыпты. Айша бибі көшесіндегі № 266 үйдің егесі Қажымұхан Сартаев бізге там алдындағы қызмет бөлмесіндегі аузы бұзылған сейфін көрсетті. Екеуміз екі жақтап көтеріп көрмек едік, орнынан қозғай алмадық. Зіл батпан темірдің аузын осы үйдің қорасынан балта әкеліп бұзыпты.
Күдіктілері бар болып шықты. Оқиғадан үш күн бұрын бөтен кісі кеңседегі Салтанат деген қыздан «Әлия деген кісі маған ақша қарыз, қайда тұратынын білесіз бе?» депті. Күнқағарын басып киген сол бейтаныс осы үйдегі жеңгемізден де жөн сұраған болып шығыпты. Амандасу үшін қолына жұққан майды сүртіп тазалаған Қайрат Изембаев есімді азамат «КамАЗ айдаймын» деп бастады. Қақпасындағы тақтайшада «Абишева 175» деп жазулы тұр. Былтыр және бұрнағы жылы да КамАЗ-ыма ұры түсті. Көліктің бөлшектері қолды болған. Ағамыз учаскелік полицияға хабарлағанымен жоғалған бөлшектер табылмады. Көлік жүргізіп, отбасын қамтамасыз етіп отырған ағамыздан кеткен шығын шамамен бес жүз мың теңгені құрайды.
* * * Алғашқыда жергілікті тұрғындар айтқан отыздан аса үйдің бәріне кіріп шықпақшы болғам. Кейіннен ойланып қалдым. Өйткені бәрі бір сурет... ұрылар терезеден кіріп алтын, ақша және қолтығына қысқан бағалы затты алып тайып тұрады екен. Шақырылған полиция болса бұзылған есік-терезеден саусақ ізін алады да, ұрының ізіне ит салады. Ақырында ұры да жоқ, жоғалған зат та жоқ. Үй сайын тоналып жатқан аймақты полиция неге торуылдамайды? Торуылдаса, ұрылар неге құрыққа ілінбейді? Әлде қоғамдық тәртіпті сақтаушы учаскелік полициялардың дүкен мен шаштараздың есігіне өз суреттерін ілуден қолдары босай алмай жүр ме? Ең соңында «Бәйтерек» шағын ауданындағы полиция бөлімшесіне барып, учаскелік инспектор, майор Гольц Владимир Николаевичке жолықтым. Ол: «Облыстық ІІД баспасөз хатшысынан қажетті мәліметіңді сұрастырып ала бер» деп шығарып салды. Айтайын дегеніміз, «Көктем» алқабында ұрлық өршіп тұр. Тіпті, тұрғындардың аңқаулығы мен тәртіп сақшыларының немқұрайдылығы баукеспелерді еркетотайлардай еркінсітіп жіберген секілді...
Қанат ТІЛЕПБЕРГЕН, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықты ашаршылықтан аман алып қалған Аманов
- 29 мамыр, 2025
Батырдың ұрпағы болу - мақтаныш әрі жауапкершілік
- 29 мамыр, 2025
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді