Бірлік мерекесі 6 ақпанда жалауын көтереді
Қой жылы еліміз үшін көптеген мерейлі мерекелерді өткеретін той жылы болғалы тұр шындығында. Бұлай мерекелі де берекелі күн кешіп келе жатқанымыз халқымыздың бірлігі мен достығының арқасы. Осы орайда, еліміздегі түрлі ұлт өкілдерін бір арнаға ұйыстырып отырған теңдесі жоқ институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны айрықша екендігін айту ләзім. Құрылғанына жиырма жыл болған іргелі ұйымның құрметіне орай барша қазақстандықтар Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын тойлағалы отырмыз. Бүгінде елімізде Ассамблея жылын өз деңгейінде атап өту мақсатында көптеген кешенді шаралар қолға алынды. Арнайы Тұжырымдама жасалды. Өткен жылдың соңында облыста Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі комиссия құрылған болатын. Комиссия төрағасы облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов.
Облыс әкімдігінің мәжіліс залында Ерқанат Нұрбапаұлының төрағалық етуімен комиссияның отырысы өтті. Онда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Лариса Лысова Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына арналған іс-шараларды өткізуге дайындық барысы туралы хабарлады. Оның айтуынша, мерекенің басы 6-шы ақпан күні «Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының бастау алуы» атты синхронды акциямен басталады екен. Бұл іс-шара Астана, Алматы қалаларымен бірге еліміздің барлық облыстарында ұйымдастырылады. Сонымен қатар аталмыш акция аясында «ҚХА – 20 жақсы іс» эстафетасын бастауға старт беріледі. Эстафетаның мақсаты – «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» жобасының екінші кезеңіне бастама болу. Эстафета шеңберінде үш ай бойы аймақтарда Ассамблеяның жиырма жылдығына арналған түрлі әлеуметтік маңызы бар акциялар өтеді. Эстафета сәуір айында өтетін ҚХА Сессиясында қорытындыланады деп болжануда. Сондай-ақ, хабарламашы облыс әкімінің қаулысымен бекітілген жоспар бойынша жыл бойы өңірде Ассамблея жылын және ел Конституциясының жиырма жылдығын ұйымдастыруда көптеген іс-шаралар өткізілетінін тілге тиек етті.
Жиында Конституцияның жиырма жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шаралардың барысы да пысықталды. Жалпы 2015 жылғы іс-шаралар жоспарларын іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру және жұмысын үйлестіру, оларды ақпараттық қолдау туралы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Д.Бейсенқұлов баяндады. Комиссия төрағасы Ерқанат Манжуов басқосуды қорытындылай келе, тиісті мекеме басшыларына қолдағы кешенді жоспар бойынша жұмыс жасап, мерейлі мерейтойларды өз деңгейінде атап өтуге жұмыла атсалысу керектігін айтты.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді