«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

БИЛІК ПЕН БАҚ БІРІГІП...

БИЛІК ПЕН БАҚ БІРІГІП...
ашық дереккөз
БИЛІК ПЕН БАҚ БІРІГІП...

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасамақ

Жылдың басы. Барлық мекемеде 12 айға қажетті қаржыны есептеп, мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражатқа қам жасап жатқан шақ. Бастысы, сол қаржыны қажетті мақсатқа жұмсайтын тұлғалар мемлекет алдындағы анттарына адалдық танытса болғаны. Әйтпесе, онсыз да дендеп тұрған дерт – жемқорлықтың жайлап кетуіне «үлес» қосып жатқандар қаншама?! Ал бұл дертпен қоғам болып күресу баршаға ортақ борыш болғанымен, қорытындысы аса қуантарлық еместігі тағы бар. Мұндайда не істемек керек? Бәлкім, бірлік бар жерде болатын тірлік оң нәтиже бермек. Осыны мақсат еткен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшылығы облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің басын қосып, кеңес өткізді. 

Қоғамның айнасы болып табылатын БАҚ десек, ендеше, журналистер биліктегі кейбір «былықтарды» әшкере етумен қатар, қоғамдық сана қалыптастыруға оң ықпал ете алатын күш. Мұны жете түсінген департамент басшылары бастаманың баянды болатынына сенімді. Жиынды ашып, жүргізіп отырған департамент басшысы М. Қожабаев Елбасының Жарлығымен бекітілген 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегияның негізгі бағыттарын түсіндіріп, оны жүзеге асыруда жүргізіліп жатқан жұмыстарымен таныстырды. Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары К. Қабылбеков және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы С. Сейдазимов те осы төңіректе ой өрбітті. Облыс журналистерінің басын біріктіретін «ҚР Журналистер одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Ақ жол» газетінің Директор-Бас редакторы К. Сәттібайұлы да жемқорлыққа қарсы тұру бағытында бұқаралық ақпарат құралдарының ұстану керекті басты бағыттарын атап өтті. «Айтулы мерекелерге толы биылғы жылы облысымызға республикалық бюджеттен бұрынғыдан анағұрлым қомақты қаржы бөлінгелі тұр. Өйткені, басты мереке – Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы бізде атап өтілмек. Ал жемқорлыққа жол беріп, осы дертке шалдыққандар үшін бұл үлкен «олжа». Қазірден алақандарын ысқылап, сол қаржыдан қарпып қалсақ деп отырғаны кәдік. Сондықтан қадағалаушы орган өкілдері осы секілді мәселені қырағы көзбен қарап, бастысы, өздері де «бармақ басты, көз қысты» әрекетке бармай әрекет етсе, Елбасының тапсырмасы адал атқарылған болар еді. Тиісті қаржының өз мақсатында, қажет жеріне шашау шықпай жетуі назардан бір сәт те тыс қалмауы керек. Сондай-ақ, жыл басында жүргізілетін тендер мәселесі де солай... Қадағалаушы органдарға біздің тарапымыздан барынша қолдау көрсетіле береді. Осы күнге дейін де газет бетінде жемқорлыққа қатысты мақалалар тізбегі үзілмей беріліп келеді» деді К. Сәттібайұлы. Ал «Қазақстан» РТРК АҚ облыстық филиалының директоры М. Төлепберген жемқорлыққа жол берудің басты себептерін сөз етіп, оны халық санасын түзету арқылы ғана жеңуге болатынын атап өтті. Жиында қоғамда жемқорлыққа қарсы тұру түсінігін қалыптастыру үшін өзара ынтымақтастық туралы меморандумның жобасы талқыланып, оған бірқатар толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы ұсыныстар жасалды.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар