Зорлық-зомбылық пен зиянды әдеттерге жол жоқ
Бүгінде елімізде отбасының берекесін кетіріп отырған жайлар жеткілікті. Соның бастысы – ажырасу. Айрандай ұйып отырған отбасында түрлі себептерге байланысты кикілжің, ұрыс- керіс, күш көрсету және тағы да басқа зорлық- зомбылық белең алуда. «Отбасылық кикілжің, ұрыс-керістің, ажырасудың себебі неде?» – деген сұрақ әркімді толғандырып келеді. Оның себебі әртүрлі: жұмыссыздық, жартымсыз табыс, ішкілікке салыну, алған кредитті қайтаруға деген үмітсіздік, баспана мәселесі және тағы да басқалар.
Адам өмірі құнсызданғанда, өмірден мән кетеді. Түрлі депрессияға берілу, түңілу, торығу кезеңдерін бастан кешеді.
Адам өмірі мен бостандығы – ең басты құндылық екендігін естен шығаруға болмайды.
«Қазір Қазақстан сауаттылық рейтингісі бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Тұрғындарының 99,8 пайызы хат таниды. Алайда, азғындық рейтингісі бойынша да сол ондықтың айналасында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша Қазақстан суицид бойынша әлем елдерінің алғашқы ондығына кіреді. Жасөспірімдер арасындағы суицидтен алғашқы үштікте, ерте жүктіліктен алғашқы үштікте. Жемқорлық деңгейі Орталық Азия елдерінің көш басында тұр».
(С.Мырзабай «Балалықтан даналыққа» кітабынан.)
Ел арасында іріткі салып, шынайы дін мен салт-дәстүрді жоққа шығара отырып, теріс үгіт-насихат жүргізіп жатқан бөгде дін өкілдері өздерін емін-еркін сезінуде. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағандықтан, әлі түсінігі қалыптаспаған жастарды, орта жастағыларды өздеріне қосып, қатарларын көбейту үстінде. Бөгде дін серкелері шет елдерден келіп жатқан қисапсыз қаржының арқасында алшаң басып жүр.
Елдің болашағы бүлінбесін десек, оларға тосқауыл қоятын мезгіл жеткен сияқты. Осындай жүгенсіз кеткендерге Парламент депутаттары шара қолдану керектігін үнемі айтып келеді. Нәтижесі болар деп үміттенеміз.
«Бала – біздің болашағымыз», – деп айтып жүрміз. Бірақ бос сөзбен ешнәрсені өзгерте алмаймыз. Мысалы, электронды темекіні ересектерді былай қойғанда, мектеп оқушылары мен жастар күнделікті тұтынып келеді. Синтетикалық зиянды өнімдер, зиянды энергетикалық сусындар дүкендерде тоқтаусыз сатылуда. Осындай өнімдердің әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарады.
Мұндай зиянды өнімдер туралы арнайы заң қабылданып, тосқауыл қойылуы керек.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе», деп ғұлама Мұхтар Әуезов айтқандай, енді кешігудің жөні жоқ. Жастарға берілетін тәрбие – ел болашағының кепілі.
«Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» демекші, Парламент депутаттары халық үніне құлақ асып, елге қажетті заңдар әзірлеуі тиіс.
Талас ауданы Билер кеңесінің ұйымдастыруымен, тікелей атсалысуымен талай өзекті мәселелер шешімін тауып келеді. Түрлі кикілжің, ұрыс-керіс, отбасындағы жанжалдар, ажырасу сияқты жағдайлар медиация тәртібімен реттеліп, талай бұзақылықтың алдын алу, отбасын татуластыру сияқты көптеген жұмыстар жыл бойы жүргізіліп келеді. Осындай сауапты жұмыстардың басы-қасында аудандық Билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы бастаған билер кеңесі, ауылдық билер кеңесінің төрағалары алдағы уақытта да белсенді жұмыс атқара береді.
Қуатбек ЖОЛМҰХАМБЕТҰЛЫ,
Қараой ауылдық билер кеңесінің төрағасы.
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді