Жасөспірімдер мәселесі – басты назарда
Ел ертеңі дені сау, зерек те қабілетті ұрпақ. Бұл қашан да басты мәселе. Облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында да жас буынның тәрбиесі сөз болды. Отырысты облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров ашып, жүргізді. Жиын барысында білім мекемелерінде бала денсаулығы құқығын іске асыру ретінде, мектеп оқушылары арасында сырқаттану, ерте жүктіліктің алдын алу туралы мәселелер зерделенді. Сонымен қатар, облыстық медициналық-әлеуметтік база құру, есепке алынған отбасылар мен кәмелетке толмағандармен жұмыс барысы, ата-аналарымен бірге тұрмайтын балаларды отбасына қайтару туралы да әңгіме қозғалды.
Отырысқа қатысқандар арасында облыс әкімдігі жанындағы комиссия хатшысы Бахыт Жақсылықова, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев пен білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаев сөз алып, баяндама жасады.
Былтыр 6 жастан 17 жасқа дейінгі 109 434 балаға профилактикалық тексеру жоспарланып, 107 354 бала, яғни оның 98 пайызы қамтылған. 16 681 балада, яғни 15,5 пайызында ауытқу анықталған екен. Ал оның ішінде 5 596 бала профилактикалық тексерумен қамтылған, балалардың 5 пайызы диспансерлік есепке алынған.
Тәрбиеленушілер мен мектеп оқушыларының денсаулығын сақтау мақсатында оқу орындарында, оның ішінде мамандардың көшпелі бригадаларын тарта отырып, профилактикалық-медициналық қарап- тексерулер жүргізіліп тұрады. Сондай- ақ, аурулардың профилактикасын, ұтымды тамақтану қағидаттарын ендіру және суицидтік мінез-құлық пен тәуелділіктің профилактикасын жүргізу, вакцина егу, санитариялық қағидалардың талаптарын сақтау және басқа да іс-шараларды іске асыру тиісті мамандар тарапынан іске асады.
– Жалпы, балаларды скринингтен өткізу жұмыстары денсаулық сақтау басқармасы тарапынан бақылауға алынбаған және дұрыс жүйелендірілмеген. Мысалы, жергілікті емханаларға қарасты мектептегі медициналық пункттерде құжаттар айналымын реттейтін номенклатура бекітілмеген. Нәтижесінде «Дамумед» жүйесінде қажетті мәліметтерді енгізуге мүмкіндіктер қарастырылмаған, қағаз жүзінде жүргізілетін құжаттардың тізімі бекітілмеген. Мысалы, №5 мемлекеттік емханаға қарасты №53 мектептің медициналық пунктінде оқушы баланы тиісті мамандарға жолдау қағаздары еш жерде көрсетілмеген, тіркеу журналдары тіркелмеген. Сондай-ақ, 2023 жылдың наурыз айында №53 орта мектептің медициналық кабинетінде жалпы қан, зәр талдаулары алынған, бірақ тізімде оның қай күні алынғаны көрсетілмеген. Ал, қорытындысы тек баланың туған күнінде тіркеледі екен. Яғни, наурыз айында алынған талдау, қазан айында баланың «Дамумед» жүйесіндегі карточкасында көрінеді. Осы уақытқа дейін баланың талдауы дұрыс болмаса, оған көңіл бөлінбейді екен. Сонымен қатар, «Дамумед» жүйесінде тек сол мектептің бекітілген аумағына емхананың қызмет көрсететін аумағындағы оқушылар ғана енгізіледі, басқа емханаларға тіркелген балалар жүйеден көрінбейді.
«Дамумед» жүйесінің әлі де болса, толық сұраныстарға жауап бермейтін жерлері бары айтылып, оқушыларды оқитын білім мекемелеріне тіркеуді заңдастыру қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар, мектептегі медициналық қызмет көрсету пунктінде басқа емханаларға тіркелген балаларға қатысты бақылау жүргізілмейді және олар бойынша еш жерде есеп берілмейді. Мектептегі бала санының қаншасы басқа емханаларға тіркелген, олармен байланыс бар ма, оны көре алмадық. Бұл жағдай көптеген баланың медициналық қызметтен тыс қалып отырғандығын көрсетеді және тексеріп отыратын қызмет жоқ, – деді Бахыт Жақсылықова.
Сондай-ақ, зерделеу барысында мектеп оқушыларының денсаулығын бақылайтын медициналық қызметтердің сапасына, медициналық қызметкерлердің штаттық кестесіне байланысты бірнеше мәселе анықталған. Соның ішінде соңғы жылдары бірінші кезекте балалардың денсаулығының төмендеуі, әсіресе көз аурулары мен омыртқаның қисаюы көбейген. Мектептердегі бала санының өсуіне байланысты медициналық қызметкерлердің штаттық санының жетіспеушілігі, медициналық кабинеттердің талаптарға сәйкес келмеуі, дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етілмеуі туралы және басқа да шешілмеген проблемалық мәселелер турасында сөз болды.
Жасөспірімдер мен жастардың қазіргі заманғы контрацепция құралдарын білмеуі түрлі салғырттыққа алып келетіндіктен, 15-19 жас аралығындағы жастардың жыныстық жағдайы да өте маңызды. Бұл мәселе де өз актуалдығын жоймағандықтан бүгінде жастар арасында түрлі қылмыстың орын алуына алып келуде. Бүгінгі таңда жасөспірімдердің жыныстық сауатсыздығы бір жасты қылмысқа итермелесе, бір жас ана жаңа туған нәрестесін қоқысқа тастап, енді бірі ата-ана, туыстарының қаһарынан қорқып суицидке барып жатыр.
Мәселен, Байзақ ауданында үйде оқытылатын қыздың жүктілігі уақтылы анықталмаған. Босанған уақытында бір-ақ белгілі болған. Сондықтан қажетсіз жүктіліктің алдын алу, одан сақтанудың жолдары, түсік түсірудің, инфекциялардың салдары туралы жасөспірімдердің сауаттылығын арттыру бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отыр.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы аса маңызды әлеуметтік проблема – суицидтің таралуы. Жас ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін психикалық, мінез- құлық бұзылыстарының, оның ішінде психоактивті заттарды қолданумен байланысты, сондай-ақ жастар арасында суицидтік әрекеттердің алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешенін жүйелі түрде жүргізу қажеттілігі баса айтылды. Бұл бағытта жұмысты толық жүйелендіріп, айтылған мәселерді жою бойынша арнайы іс-шара жоспарын дайындау қажеттігі ескерілді.
Бүгінгі таңда жастар қылмысы да белең алып тұр. Облыс бойынша 310, соның ішінде Байзақ ауданында – 11, Жамбылда – 8, Жуалыда – 7, Қордайда – 10, Т.Рысқұловта – 31, Меркіде – 42, Мойынқұмда – 1, Сарысуда – 15, Таласта – 5, Шуда – 14, Тараз қаласында – 166 кәмелетке толмаған бала полиция бөлімдерінің профилактикалық есебінің тізімінен орын алған.
Облыстық полиция департаменті мен жергілікті полиция қызметі басқармасы бірлескен жоспарға сәйкес, ай сайын полиция бөлімдерінің есебінде тұрған кәмелетке толмағандар мен тұрмысы қолайсыз отбасыларының тізімдерін білім басқармасына жолдайды. Білім басқармасы өз кезегінде аталған тізімдерді кәмелетке толмағандарды қызығушылықтары бойынша түрлі үйірмелермен қамту үшін білім бөлімдеріне жолдап, орындалуын бақылайды.
Полиция бөлімдерінің есебінде тұрған 310 кәмелетке толмағандардың 93-і мектеп оқушылары болса, 93-і колледж студенті, 64-і тұрмысы қолайсыз отбасынан шыққан колледж студенттері, 60-ы оқымайтын жастар екен.
– Полиция бөлімдерінің есебінде тұрған 93 оқушының 43-і спорт секцияларына, 6-ы спорт мектептеріне, 4-і сурет, 16-сы шығармашылық, 3-і жаратылыстану, 2-і қоғамдық-гуманитарлық, 1-і әлеуметтік педагогикалық, 1-і тілдік, 3-і өлкетану, 8-і техникалық, 6-ы патриоттық бағыттағы үйірмелерге қамтылды. 150 тұрмысы қолайсыз отбасыларында тәрбиеленіп жатқан оқушылар да түрлі бағыттағы үйірмелерге қамтылып отыр. Облыс әкімдігінің білім басқармасы мен облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы арасында 2023-2024 оқу жылына арналған облыс аумағында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық профилактикасы, олардың құқықтарын қорғау, балалар мен жасөспірімдер суицидінің алдын алу, сонымен қатар балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алу бойынша бірлескен жоспары бекітіліп, білім бөлімдері мен білім мекемелеріне орындауға жолданды. 2023 жылдың басында жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде ата- аналары, ата-әжелері мен жақын туыстарына сенімхат арқылы «тәрбиелеуге» берілген 1805 бала болса, жыл қорытындысымен ата- аналарымен бірге тұрмайтын 162 бала ата-аналарына қайтарылды. Алайда, бүгінгі күні осы санаттағы балалардың өсу динамикасы бар, ол бүгінгі күні 1998 баланы құрап отыр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады, – деді облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаев.
Жиын соңында жас ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін психикалық, мінез-құлық бұзылыстарының, сондай-ақ жастар арасында суицидтік әрекеттердің алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешенін жүйелі түрде жүргізу қажеттігі баса айтылды. Интернет жүйесінде дәрігерлердің кеңесін көбейтіп, жастарға арналған видеороликтер мен жарнамалар туралы ұсыныстарды да көптеп жолдау алдағы уақытта жолға қойылмақ.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді