Өмірдің мәні – ұлы мәртебелі еңбекте

Өмірдің мәні – ұлы мәртебелі еңбекте
ашық дереккөз
Өмірдің мәні – ұлы мәртебелі еңбекте
Кезінде ұлы суреткер Ғабит Мүсірепов «Өзің аспанда, ойың төменде жүргенше, ойың аспанда жүрсін. Биік деген немене, төмен деген немене, сонда түсінерсің», деп айтқан екен. Осы өміршең қағиданың қыр-сырына қанықсаң, қандай жақсы болар еді. Алайда, қазір еркіндік пен жеке жауапкершілік түрлі жағдайлардың әсер ету себептерінен өзімбілермендікке ұласып, жүдеңкіреп, рухани сезімталдық төмендеп кеткенін еш жасыра алмайсың. Ең ақыры, өзіміз өмір сүріп отырған ортамызды, қоғамды сынау емес, жамандау жақсы емес, жата қалып барлығын жамандауға келгенде тіптен ақылынан алжасқандай тартынбайтындар төбе көрсете бастады. Мұндайда «Елдің кемшілігі көп, Отан жалғыз! Барлығын жамандағанша соны түзетуге атсалыс. Өзгені түзете алмасаң, өзіңді, ұрпағыңды тәрбиеле. Еңбек ет, қимылда!» дейді ақылды адамдар. Адамды бақытты ететін ақша емес, денсаулық, қоғамдағы адами қарым-қатынастар, адал еңбек. Жұрттың бәрі қазір бірдеңені күтіп жүрген сияқты көрінеді. Қызық, ә?! Жаңа жыл басынан бері жаңа үміт оты жанған бастамалар мен талаптар жиі естіледі. Аспаннан шұға жауған күнді көргісі келіп жүргендер де бар. Әлде әркім аяқ астынан алтын көмбе тауып, байлыққа кенеліп шыға келетіндей ме? Алтын тауды түсінде көріп, ал, өңінде диванда қисайып жатып «Әлем таңғажайыптарын» тамашалайтын жағдайда ма? Бұдан басқалай тағы не бар? Заман өзгерісі ме? Біреудің жеке өмірі қызық па, әлде? Қазақстанда тек өздері ғана тұратындай ең ақыры ұшаққа отырған сәтіне дейін инстаграм, фейсбукқа салып, әбден байлыққа малынғанын көрсетуден шаршамайтын, той- думанды ерлі-зайыпты екі кісінің (қартайғанда қылық шығарып) еріккендігіндей теңіз бен құм жағалауындағы «қызықтары» ғана қалды ма? Сол кез келген дастарқан басында айтылатын, үлгі ететін әңгіме ме? Бұл қандай деңгейді аңғартады? Жоға, алтыннан сарай тұрғызса да қоғамға көк тиын пайдасы жоқ пенделерден халыққа келіп-кетер ештеңе жоқ. Үйренетін жағын да көріп тұрғанымыз жоқ. Құдай жарылқап, ойын-сауыққа құлай беріліп, ұшақтан-ұшаққа мініп, той тойлап, мейрамханаларды босатпаудан түсетін және мейманасы тасыған, тасығаны болмаса, көрсеқызар тыраштанғандардың ессіздігінен есебі түгел топтың дәурені жүріп тұрғаны. Жүре берсін… менің балам «көкпар додасынікі» деп аузын айға білеген әсіреқызғаншақтықтан, тойдың ақшасына ортақтасатын танымалдығы асып кететін талантты біреу болмаса екен деген ойсыздықтан ұялатын олар емес. Олар үшін «Қоғамда не болып жатыр, халық не дейді, билік не дейді?» деп күндізгі қалың ұйқысынан оянып, ойлануынан гөрі жеңілтек, мақтанға масаттану, сайқымазақтау өмір жақын болар. Өкінішті. Жарнамамен өмір сүру қашанға дейін созылар дейсің… Жаңа заманауи Қазақстанды жасау Димаш Құдайберген секілді ұлт намысына от боп жанған, шырқау биіккке көтерілген, табиғи таза өнері арқылы қазақ халқын әлемге танытқан тәрбиесімен, таңдау жолының үлгісімен қалыптасады деп ойлаймыз. Біздің қоғамда адам қадіріне жетіп, сыйлау, адал еңбекті қасиет тұту кері кетіп, жақсылардың өнегелі жолы ұмытыла бастағандай болып көрінуде. Мұны да ой-сананың сапалық өлшемінен іздегеніміз жөн болар. Бәлкім, ескі жүйенің тигізген кесірінен арыла алмай жатқанымыздан шығар. Арам байлықтан азғындаудың да ұшқынды салдарынан болар. Сол себепті ұлттық намысқа қайта оралудың және оралтудың барлық амалдары қажетті әрекеттерін қолға алуымыз қажет. Бұдан әрі кеш болады. Жалындаған жастық пен қариялық қасиетте де ұлттық сезім мен өзара сенім атойлап тұрмаса, біз кімбіз? Ұлттық намыс әрбір ісімізде шынайы әрі бойға қанмен дарыған мінез-құлқымызда қарапайым қалпында-ақ көрініп, сезіліп тұруы керек. Ең бастысы – ұлттық ұстанымдар мен құндылықтарға бас иіп, барлық уақытта, барлық жағдайда, қайда жүрсе де бір-бірімізге жанашыр, қорған бола білу. Бұл мақсатта қоғамдық ой-санада рухани серпіліс пен ірі өзгеріс керек. Мимырт тірлік пен енжарлық, құр бос күйбең мақсатқа жеткізбейді. Жә, бүгінгі мәдени-көпшілік ортада ұсақталып кете барған жағдай тек ақша-дүние жарысының дүрмегінен аспай, дүмшелердің жаттанды уағызынан құлақ тұнған құлықтан ұрпақтың ой-өрісі өспейді, жетілмейді, олардың өмір сүре білуге деген ұмтылыстары да күш алмайды. Жақсы өмір жасайтын және оны жасай алатын адамдардан құралатын қоғамның құндылықтары түптеп келгенде, адал еңбек пен елдік, ұлттық мүддеге тікелей қатысты. Адал еңбек қана азғындаудан сақтайды. Жеке адамдар мен жеке батырлардың ұлттық және мемлекеттік деңгейде атқарған жанкешті, табысты, «Әп, бәрекелді» дейтін қызметімен де, дарқан мінезімен де бағалы. Ашық айтайық, біздің қоғамда кез келген нәрсеге күдік-күмәнмен қарау бой алдырып отыр. Ескі жүйеде етек-жеңіне дейін былғанған сыбайлас жемқорлық пен заңды белден басып, белшесіне дейін батқан парақорлықтың залалы мен ауыр зардабынан жұрт есін әлі жия алмай келеді. Қай ойшылдың айтқаны белгісіздеу, бір ойлы кісіден «Адал адам бай болмайды, бай адам адал болмайды» деген сөз қалыпты. Бұған келісесіз бе, жоқ па, оны өзіңіз білерсіз. Бірақ бір емес, көп шындық бар. Адал болса, бір кезеңде, «қазаннан қақпақ кетіп, иттен ұят кеткен» жылдары қоғамға тиеселі қазына-байлықты түрлі зымиян жолмен, билік қызметін қарақан басына, ұяластарының баюына өле-өлгенінше пайдаланған адамдар енді қоғамды тазартайық, әділетті мемлекет құрайық деп жатқан жұртына дем беріп, мол қаржы салып, кеш болса да халқынан кешірім сұрап, шетел асырған заңсыз активтерді қайтаруға неге өз еркімен үн қосып, қолдамай жатыр? Обал, сауап, ұятты білмеген адамнан сатқындық та, опасыздық та шығады. Оны ұрпақтар әлі талай айыптайды. Заузатына дейін зауал келеді. Бұл өте өзекті мәселеде қоғам Үкімет жанынан құрылған комиссия мен Бас Прокуратура жанындағы арнайы комитеттің жұмысына қатты назар аударып отырғаны анық. Ел осы құқықтық негізі тиянақталған шешімнің нәтижесі қашан, қалай болатынын күтіп отыр. Бұл ел тәуелсіздігінің отыз екі жылдан асқан белесінде алғаш батыл және әділ қолға алынып отырғанына айрықша мән беруіміз керек. Бұл үдеріс оңай емес және оның жүзеге асырылатын мерзімін кесіп айту да бар, негізінде уақыттың еншісіндегі іс. Біз бұл ерекше қажетті қадамның, әділетті, әлі талай ұрпақ айта жүретін тарихи шешімнің орындалатынына сеніммен қараймыз. Елімізде және қоғамда нақ осы мәселе басты тақырыпқа айналды. Солай болуының өзін уақыт және қоғамдық ахуал туғызды. Күдік-күмән демекші, кейбір депутаттар мен экономист-ғалымдар арасында газ-мұнай саласындағы ірі кәсіпорындардың салық түсіміне қоғамдық тексеру жүргізуді де айтуда. Бұған ұқсас ұсыныстар түптеп келгенде, сыбайлас жемқорлық пен тойымсыздыққа сазайын тартқызып, қоғамдық күшпен тосқауыл қою. Алдағы уақытта ел наразылығын туғызатын теріс құбылыстардың қайталанбауы үшін ащы сабақ болуы тиіс. Жалпы, қиын кезеңдерде қоғамның ең түйінді көкейкесті тақырыптар төңірегінде қоғамшыл, мемлекетшіл көзқарастары мен табанды ұстанымының жолында жанын аямай күрескен жеке батырлар ойға оралады. Айбары мен үні еске түседі. Қазақ тілі үшін кешегі кеңестік қасаң кезеңде басын бәйгеге тігіп, бүкіл Алматыны жаяу аралап, балаларыңды қазақ мектебіне беріңдер деп тілеулес азаматтармен бірге насихат жүргізіп, тынбай еңбек етіп, қым-қиғаш айтыс-тартыстан тартынбай, ақиқатқа жүгінген, қоғам қолдауын тапқан ақын Шона Смаханұлы мен қартайған шағында өз қаражатына «Казахская правда» деген газет шығарып, қазақ ұлтының ар-намысын қорғап, ел тарихын қопарып жазып, ел мен жердің бай мұрасын жұртқа жеткізуде орасан еңбек сіңірген Алдан Айымбетовтей ғалым- оқымыстыны «жеке батыр» (Ш.Мұртаза) деп мақтаныш және үлгі етуге тиіспіз. Тіптен Шона ағамыз өз балаларын қазақ мектебіне оқуға бермеген қаламгерлердің кітаптарын шығармау туралы мәселені де күн тәртібіне қойып та көрген. «Ана тілі тамырынан айырылғанда не болмақ?» деп сұрақты тікесінен қойған. Қазір сол марғасқалардың мемлекетшіл, зиялы ізбасарлары неге көрінбейді? Қайда кетті? Жаңа есімдер неге шықпайды? Бұл бұқаралық, идеологиялық, тәрбиелік іспен кім айналысады? Саяси партиялар ма? Сан мың саны бар қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар ме? Әлі де сол бұрынғы қайраткерлердің орнын лайықты алмастыра алатын тұлғаларға зәрулік әр өңірде күйіп тұрғаны қалай? «Жақсы болу үшін депутат болудың қажеті жоқ, депутат болу үшін жақсы болу керек», деп Алаш қайраткерлері айтқан сөз тура сол қалпында өміршең. Жоғарыда келтіргеніміздей, қарапайым ғана және қоғамды оятатын қазақ тұлғалары да қазаққа көп керек екен. Саясатта жаңа тұрпаттағы, адуынды, алғыр, ойлы азаматтар әлі де өз сөздерін айта алмай келе жатқаны да рас. Мақаламыздың бас жағында жақсы өмір сүрудің бір ағымдағы көрінісін айтқан едік. Соған орай тағы бір мысал бізді басқа қырынан тәнті етті. Ал, енді ешкім тани қоймайтын, кімдер екенін білмейтін еркек пен әйел қол ұстасып осы егемендіктің 32 жылында Жер шарының 110 еліне (ТМД елдерін қоспағанда) саяхаттап барып қайтқанын қалай қабылдар едіңіз? Бұл қызықтау, елеңдете қоятын мәні бар жағдай сияқты. Қазақтың «Атың барда жер таны» деген мақалына дәл келеді. Көзі ашық, көкірегі ояу бұл екі ерлі-зайыпты кісінің арманы не дейсіз ғой? Біріншіден, әлемде қазақ баласының табаны тимеген жері жоқ, деген ойға жету, адамзаттық барлық жаратылыс- игіліктерді тамашалап, шамасы келгенінше тану, екіншіден, әр сапардан оралған сайын өзіңнің туған Отаныңнан, қазақ халқы мен байтақ жеріңнен артық ештеңе жоқ екеніне көз жеткізген сайын, барыңды бағалаудың мән-мағынасын аша түсу, дейді олар. «Біз өйттік, бүйттік, көп шығын шығардық» демей, зейнеткерліктің жасына жеткеннен кейін егемен еліміздің арқасында, бала-шағаның қызығын осылай көруді тағдыр сыйлапты. «Дүние аласапыран, қым-қиғаш, дүрбелең. Таңғажайыптар да жетерлік. Анау аралдағы шағын мемлекеттерде, Африка мен Латын Америкада «Қайдан келдіңдер?» деп сұрайды, ал біз Қазақстан туралы айтамыз. Олар аң- таң. Таныстырамыз, географиялық картадан көрсетеміз. Сосын қызығады, әлемде қандай халық, қандай мемлекет екенімізді білгісі келеді. Шынын айту керек, біздің қазақ халқындай көзі ашық, пейілі кең, дарқан ел, жер байлығы мол, жомарт жұрт жоқ» деп әсері шексіз тағылымды әңгімеге бейіл. Мақтангерлік, думанды, тойшыл, даңғаза атаққұмарлықтан мүлдем аулақ, жаңа заман лебін сезінген мәдениетті кісілер. Жаңа өмірдің тағылымды, сабақ боларлық осы көріністері биік астаудан таңдаған тамақ ішіп, жеп жүргендерге тән. Ал, кедейшілік қол байлаған, жұмыссыздық алаңдатқан әлеуметтік топтың әңгімесі мүлдем бөлек. Мемлекеттің шапағатына сеніп өскен адамдар психологиясы әлі де дәметумен өтіп жатқандай. Енді қандай түсінік болуы керек? Жасыратын нәрсе емес, көштен қалмай, ел қатарлы өмір сүрудің мағынасын біреуден артық, біреуден кем дегендей, тіленбей, сұрамсақтанбай, барды қанағат тұтып, отбасы, әулетіңнің жақсы дәстүр, қасиеттерін медет тұтып, ардақтауды жоғары қойып, мақсат ететін жандарды біз де ерекше құрметтеп, қатты сыйлаймыз. Бірақ адамдардың бәрі бірдей емес қой. Қазір екінің бірі «Қоғам өзгермей, ештеңе өзгермейді. Сондықтан, сіз бен біздің айтып отырған әңгімеміздің де біреуге керегі бар екеніне күмәнім бар» деп сөйлейді. Қолдайсыз ба, жоқ па? Одан да жалған жарнама мен жеке басына қажетті пиар жасасаң, жақсы атануың бек мүмкін. Әнеукүні ауа райы аяқ астынан қатты суып кетіп, сақылдаған қалың қар, саршұнақ аязда қыстың қысымынан облыс орталығының маңында газ құбыры жарылды. Апатты жағдайды естіп аттандап, тайлы- тұяғы қалмай жұмылған газ отынымен қамтамасыз етуге міндетті мекемелердің арқасында тесілгені бітелді, жарылғаны бүтінделді. Газ құбыры толық жұмыс істеп тұрды. Дәл осы уақытты қала жақтан шенеунік қасына ерткен бес-алты блогері және телеоператорларымен бірге жетіп келіп, қысқаша жағдаймен танысқан болады да сол арада «Апатты жағдайды жөндеп, басы-қасында тұрып қалпына келтірдік» деп рапорт беріп тұрған сұхбатын естіген жұмысшылар «Мә..ә.. мынау неткен керемет пиар, келгені жаңа ғана емес пе?» деп таңғалады ғой. Бұл не? Жасанды, жалған жарнама дегеніңіз осылай көпірте сөйлеп, жоқ жерден өзін көрсетуде көпшілікті алдарқата салады ма? Билік бір жақта, ақын бір жақта дейтіндей, ә?! Бұл жергілікті жерде мемлекеттік басқару ісінде жариялылықтан гөрі әкімдерді дәмсіз, нәрсіз жарнамалау біркелкі сипат ала бастағанын аңғартады. Тұрғындар бәрін көріп, сезіп отыр. Ал, бұдан  билік не ұтады? Жергілікті билік тізгінін ұстаған жаңа әкімдер шынын айтқанда, шамшырақ басшы, алымдылығы мен батыл қасиеттері атойлап тұрған тұлға дейтіндей деңгейге көтеріле қойған жоқ. Сөз бен іс бірлігінде саяси жүйелі, ал ауыл шаруашылықта екі қолды сыбанып, төңірегін үйіріп жапырып жұмыс істейтіні, турасында серпіліс әкелетін, жаңа ізденістерге бағыт- бағдар беретін идеялық көшбасшылығы әзірге жұмбақтау жағдайда ма? Бұлай деуімізге өңірлерде бірсыдырғы тірліктердің бірізділігі ғана себеп емес… Нені күтіп отыр? Ал, халық жаңа Қазақстанның әр таңынан әділеттілік пен жаңғыруға негізделген нақты өзгерістерді әр сала бойынша күтіп отыр. Мәселен, қай облыстың әкімі жұрт алдына ширығып шығып, әділетті Қазақстан құруға стратегиялық жоспар жасады екен? Бар болса, айтпайды ма? Жаттанды цифрлар мен есептік көрсеткіштердің ар жағында толып жатқан мәселелерді ашып неге көрсетпейді? Нені күтіп жүргені белгісіз. Біздіңше, әр облыстың әкімі бұрынғыдай ескі жүйенің елесінде жүріп, ел басқаруға болмайтынын енді анық түсінуі керек. Онсыз ойға алған жоспарларымыз ойдағыдай орындалмайды. Қағаз жүзінде қатқан боп тұруы мүмкін… Сол үшін де министрлер мен барлық деңгейдегі әкімдер Мемлекет басшысының белгілеп берген және алға қойып отырған ерекше міндеттерінің мәнісін іс жүзінде түсінуі және нақты жұмыстармен айналысуы тиіс. Шынайы жаңаруға бет бұрған Қазақстанның саяси-рухани, әлеуметтік- экономикалық дамуының ерекшеліктеріне сай қызмет етуі ең әуелі жемқорлықтан ада, құрғақ уәдешіл, сөзбұйдалық атаулыдан таза, қала мен ауылда бірдей ауқымды тірліктерімен, тұлғалық деңгейімен анық және ашық көрінуі тиіс. Мансапқорлыққа емес, әр басшының бітім-болмысы әділетті қоғам құрудың түпкі идеясына тәуелді, әрбір лауазымдық қызметі жанкештілік, табандылық және тынымсыз күрескерліктен тұруы аса қажет. Әр ауыл, аудан, облыс жұртшылығы өз басшысын тапқан деген ел болуына терең мән бергеніміз абзал. Жолдасын таппаған жігіт те азады. Бұл бүгінгі уақытта тіптен зор мемлекеттік, бұқаралық талап болып тұр. Соңғы уақытта мемлекетті басқаруға келіп жатқан жоғарыдағы саяси элитаның жаңа толқынының бетбұрысты іскерлігі мен мейлінше алғырлығы, тағдыршешті міндеттерді орындауға икемділігі халық риза болатын игіліктермен көрінеді деген сенімдеміз. Мемлекет басшысы ұдайы атап көрсеткеніндей, халық сеніммен құптап, қолдап отырған Әділетті Қазақстанды адал адамдар құрады. Саясаты да, әлеуметтік-рухани сыр-сипаты да жүрекке жақын естілетін – ұлы мәртебелі адал еңбектің елдік құндылығы осында!  

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

 

Ұқсас жаңалықтар