Орындалмаған уәде, шарқ ұрған шаруалар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамыту негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс», – деп атап өткен болатын. Былтырғы жылы Әулиеата аймағында судың тапшылығынан диқандар зардап шеккені белгілі. Нәтижесінде 6 ауданда төтенше жағдай жарияланып, зардап шеккен бірқатар ірі шаруа қожалықтарға мемлекеттен қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл – диқандарды ең қажетті және сапалы өнімдерді өндіруге ынталандыру, қарлығаштың қанатымен су сепкендей демеу. Бірақ, мұндай қамқорлықтан тыс қалған ірі шаруашылықтар да бар екен. Бүгін сол шығынға ұшыраған шаруа қожалықтар туралы сөз қозғамақпыз.
Жақында Сарысу ауданы, Түркістан ауылдық округіне қарасты Әшір Бүркітбаев ауылына барғанымызда осы жағдаймен бетпе-бет кездестік. «Болашақ» шаруа қожалығы төрағасының міндетін атқарушы Марат Ыстыбаев бірқатар мәселені атап өтті.
– Жылда егінімізді егіп жүрміз. Жалпы, дәл қазіргі таңда ауыл шаруашылығынан пайда көру мүмкін емес екені белгілі. Соған қарамастан жыл сайын мыңға жуық гектарға егіс егеміз. Былтыр да осы көлемдегі алқапта тер төктік. Ауданның ауыл шаруашылығына жауапты басшылары: «Қазіргі талап етіп отырған дақылдарды егіңіз. Қолдаймыз, субсидиясын төлейміз», – деді. Осы сөзден кейін 450 гектарға мақсары септік. Бірақ, уақытында су тапшы болып, өнім оруға келмей қалды. Шымкенттен төрт комбайн алдырып едік, жұмысы соған жұмсаған жанармайды да ақтамайтын болды. Амал жоқ, орғызбадық. Көктемде көп көлемде алған несиеміз бар еді. Күзгі жиын-терінге, субсидияға сеніп едік. Шығынға белшемізден баттық. Мұндай халге түскен жалғыз менің шаруашылығым емес. Ауылымыздағы «Бауыржан және К», «Ұшқын» және басқа да ірі шаруа қожалықтар еңбектері еш болып, шарасыз күй кешіп отыр.
Былтыр жазда Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов Игілік ауылында шаруа қожалық жетекшілерімен жиын өткізген болатын. Ол жерде де айтарымызды айттық. Алты-жеті шаруа қожалық төрағалары бірігіп, Ерболат Саурықовтың атына хат та жолдадық. Еш нәтиже жоқ. Жоғарыдан ешкім Әшір Бүркітбаев ауылына өз аяғымен келіп, бізбен сөйлескен жоқ, жағдайды түсіндірген жоқ. Мәселен, 6 ауданда төтенше жағдай жарияланды. Ол ауданның шаруалары қолдау көрді, көмек қаражаттарын алды. Біздің аудан неге сондай жеңілдігі бар тарапқа кірмеді? Жазығымыз тәуекел етіп, тапсырған өнімдерін егіп бергеніміз бе? – дейді.
Ал, осы ауылдағы «Бауыржан және К» шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Керімбаев: «Біз де сала басшылары уәдені үйіп төккен соң, 150 гектарға мақсары егіп едік. Бастапқыда 30 гектар жерді орғызып, өнімділігі өте төмен болған соң тоқтаттық. 120 гектар жерімнің мақсарысы орылмай қалды. Ал, бидай мен арпа өнімдерінен де пайда көрмедік. Өзімен өзі болды. Сонда былтыр жұмсаған шығынымыз көбейіп кетті. Жауапсыздық осылай жалғаса берсе, алдағы уақытта егіс егуге ниеттілер қатары күрт азайып кете ме деп қауіптенемін», – дейді.
Бір қызығы, осы ауылдағы «Мұрат» шаруа қожалығының төрағасы Есенқұл Дүтбаевтың ешкімге ешқандай өкпесі жоқ екен. «Жасым алпыстан асты. Шамамен 25 жылдан астам уақыттан бері диқандықпен айналысып келемін. Менің жалпы егістік жерімнің көлемі – 1500 гектар. Былтыр 500 гектарға мақсары ектік. Біз еккен Үшбас аумағы жақта топырақтың құнарлылығы жоғары, ал кейбір шаруа қожалықтар топырақтың құнарлылығы төмен жерге егіп, зиян шегіп қалды. Дегенмен, жоғарыға өткізілген құжатта 200 гектар деп көрсетілген екен. Бірақ, субсидияның төленуі гектарға емес, өткізген өнімге байланысты. Мен, мысалы, 200 тонна мақсары өткізіп отырмын. Алла қаласа, наурыз айында 4 миллион теңге көлемінде субсидия аламыз деп отырмыз. Ешкімге өкпем жоқ. Бір жылы өнім болады, бір жылы нашар шығады. Бізде көптеген шаруа қожалықтар сақтандырылмаған. Сақтандырылған шаруа қожалықтың дауысы еркін шығады. Ең өзекті мәселе, өнімімізді өткере алмаймыз. Ресейден арзан өнімдер келуіне байланысты біздің егістеріміздің бағасы тиын болып қалды. Міне, осы жағы қиын. Жалпы, осы ауыл шаруашылығынан нәсібімізді айырып, тіршілігімізді жасап отырмыз. Сондықтан, түсіністік танытқанымыз жөн, – дейді.
Біз осы орайда жауаптылардың да пікірін алған едік. Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Амановтың пікірін білдік.
– Бұл мәселені мен жақсы білемін. Былтырғы құрғақшылықтың салдары ғой. Рас, біздің ауданда да құрғақшылық болды. Бірақ, төтенше жағдайға тек суармалы аудандар ғана кірді. Қырғызға суға тәуелді екеніміз жасырын емес. Бізде ондай суармалы егіс жоқ. Тәлімді (богарный) егістік бар. Ол ауа райына байланысты болатын жағдай. Аталған шаруа қожалық төрағаларын тегіс білемін. Олардың көктемгі, күзгі дала жұмыстарына алған несиелері бар. Ерте көктемнен бастап мен оларға жолығып, ескертіп айттым. Олар «Саудакент» несие серіктестігінен несие алған, сосын «Қазагрофинанс» акционерлік қоғамынан лизингке техника алған. Екі мекеменің де басшылары әрбір шаруаны жеке қараймыз, құжаттарын әкеліп, өнім шынымен шықпай қалғанын дәлелдесін деді. Оның бәрі айтылған, бірнеше рет жиналыс өткізгенмін. Құжатын өткізбесе, несиесін ешкім кешірмейді де, кейінге шегермейді де. Бұл мәселе әр шаруаның жеке әкеліп өткізген құжатына байланысты реттеледі. Бұл азаматтар сол жеңілдіктен кешігіп қалып отыр. Ешкім ол кісілерге қарсы болған жоқ. Орылмай қалған жердің бар екені рас. Аудан бойынша өткен жылы 1800 гектар жер орылмай қалды. Суармалы егіс болмағандықтан, бұған мемлекет тарапынан жеңілдік болған жоқ. Бұл азаматтар егістіктерін сақтандыру керек еді. Күйгенін дәлелдейтін сақтандыруы жоқ. Сондықтан, бұл жұмыстар шаруаларға сабақ болды деп ойлаймын. Қазірден бастап биылғы жылға сақтандыру шараларын жүргізгендері дұрыс. Түркістанның аумағы өте қуаң ауылдық округ. Бұл мәселенің жағдайы осылай. Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов ауданға келіп, шаруалармен кездесу өткізген. Ол кезде де Түркістан ауылдық округінің шаруа қожалықтарына да мәселелерін айтуға мүмкіндік бердік. Мәжіліс депутаты да құжатты жылдам өткізсе, көмек беруге күш салатынын айтты. Бұл азаматтар дер кезінде қайырыла алмаса, кінәні өздерінен көргендері дұрыс. Бұл мәселенің жай-жапсары осылай, – деді.
Аудан әкімінің орынбасары осылай жауап берді. Бір байқағанымыз, екі тараптың сөздері бір-бірімен үйлеспейді.
Қалай дегенде де біз барған шаруа қожалықтың 450 гектар мақсарысы құрғақшылық салдарынан күйіп кеткені айдай ақиқат.
Біз осы орайда төтенше жағдай жарияланған аудандар тізіміне кірмеген Талас, Мойынқұм аудандары әкімдіктерімен де хабарласқан едік. Талас ауданы әкімінің орынбасары Медет Үрістенов: «Біздің ауданда шығынға тап болған 19 шаруашылық бар. Барлығы сақтандырылған шаруа қожалықтар. Былтырғы жылы барлығына қажетті төлемдер төленді» десе, Мойынқұм ауданы, Биназар ауылдық округінің әкімі Қамбар Атаев: «Біз ерте көктемде қызыл сумен барлық алқапты бір суарып алған едік. Сондықтан, шығынға ұшыраған шаруа қожалықтар болған жоқ», –деп жауап берді.
Есет ДОСАЛЫ
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді