Құқықтық сауаттылық: не өзгерді?
Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтында «Құқықтық сауаттылық – уақыт талабы» тақырыбында жиын өтіп, оған облыстың құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараның мақсаты – сыбайлас жемқорлық және алаяқтық сияқты өзекті мәселелердің алдын алу, институттың оқытушылар құрамы мен студенттер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру болды. Мәселен, елімізде соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өндірісінде алаяқтыққа қатысты 600-ден астам қылмыс тіркелген. Ал, құқықтық сауаттылығының аздығынан тұрғындар алаяқтарға 17 миллиард теңгеден астам қаражатын беріп, алданып қалған.
Жиында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір азаматтың міндеті» тақырыбында баяндама жасаған департаменттің превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Бақтықожаев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» мен кейбір заң актілеріне енгізілген өзгерістер туралы ақпарат берді.
– «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң мемлекеттік қызметтің «мансаптық» моделіне көшуді қамтамасыз етіп, ашық конкурстық іріктеу, қызметті негізде ілгерілету тетіктері арқылы меритократия қағидаттары енгізілді. Командалық ауысулар үшін жасалатын жағдайлар азайтылып, мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін бағалау жүйесі түбегейлі қайта қаралды. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген, оларға теңестірілген адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты сыйлықтарды алуға және сыйға тартуға толық тыйым салу көзделген. Аталған адамдардың жақын туыстарымен, жұбайларымен және жекжаттарымен бірге қызмет (жұмыс) істеуіне жол бермеу туралы нормалар күшейтілді. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдемдесетін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі енгізілді. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдар үшін мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуға өмір бойына тыйым салу қолданылуда. Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін сотталғандарға мерзімінен бұрын шартты түрде босату мүмкіндігі алып тасталды. Парақорлық үшін жазаны бірден қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеуге тыйым салынды. Сонымен қатар, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы нормаларына өзгерістер енгізілген.
Азаматтар күнделікті өмірде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерімен өзара іс-қимыл жасауына байланысты «тұрмыстық» сыбайлас жемқорлық іс жүзінде көптеген салаларда сақталып отыр. «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры жүргізген соңғы жылғы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық тұрғысынан сезімтал органдар ретінде мемлекеттік емханалар мен ауруханалар, полиция, жер қатынастары басқармалары, мемлекеттік балабақшалар мен жоғары оқу орындары танылған. Мәселен, соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлық қылмыскерлік құрылымының едәуір бөлігін, яғни 50 пайыздан астамын парақорлық фактілері алып отыр. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әзірленген шаралар сыбайлас жемқорлықтың, әсіресе, «тұрмыстық» сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын кешенді түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тартуға бағытталатын болады. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір азаматтың міндеті екенін білгеніміз жөн, – деді Ербол Жұмақадырұлы.
Кездесуде полиция департаменті криминалистикалық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Шоқан Әлжанов қоғамдағы алаяқтық мәселелері және оның алдын алу, Тараз қаласы 1-ші полиция басқармасы криминалистикалық полиция бөлімінің жедел уәкілі Айбек Диханбаев интернет алаяқтық мәселелері, Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің психологі Ғалия Әбдісаттар алаяқтар қандай психологиялық әдістерді қолданады және олардан қорғану жолдары туралы жан-жақты ақпараттармен бөлісіп, қатысушылардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді