
Бірде ұзақ сапардан оралып келе жатып, түн ортасына таяу Тараз қаласына аялдадық. Қала шамдары күлімдеп, қуана қарсы алғандай әп-сәтте ұйқым ашылып сала берді. Мұндайда рульдегі кісінің көңіл-күйі де сізге анық сезіледі. Міне, қазір машина қай көшеге бұрылатынын алдын-ала өзі сезіп, біліп келе жатқандай «қамшы салдырмайды». Өйткені, оның тізгіні осы Тараз қаласында туып-өскен азамат Мәлік Отарбаев мырзаның қолында. Және біз бет алған үй де Мәліктің әке-шешесінің үйі – ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған үлкен әулеттің қара шаңырағы.
Әлгінде, қалаға жақындап қалған кезде ол қалта телефонымен қайта-қайта сөйлесіп, «папам бізді күтіп отыр екен» деп еді. Ұзақ жолдан келе жатқандай емес, Мәліктің де үні сергек, ширақ естілген-ді. Әйтсе де, менің басыма «Түн ортасы болды ғой. Үй иесін бекер мазалаған жоқпыз ба?» дегендей бір дүдамал ой келіп, іштей біртүрлі ыңғайсыздана бастадым. Аулада шам жанып тұр екен. Машина қақпаның алдына келіп тоқтаған кезде, манадан бері бізді күтіп, есік алдында елеңдеп жүрген отағасы – орта бойлы, жылы жүзді, шып-шымыр кісі Нұржан Түкешұлы аяғын жылдам басып, бері қарай жүрді. Сонсоң, ата салты бойынша әуелі менімен, яғни қонақпен амандасып болған соң ғана баласына бұрылып, маңдайынан иіскеді. (Шіркін, енді естелік қана болып қалған сол бір қимас сәт еске түскен сайын жүректі ып-ыстық сағыныш баурайды...) Біз ішке кірдік. Қазір осы қара шаңырақтың иесі болып отырған Нұрекеңнің екінші ұлы Марат пен Нигора келін құрақ ұшып, қол шайыңыздар деп аппақ сүлгі ұсынып жатты. Бүгін олар ұйқыны мүлде ұмытқан секілді. Үй ішіндегі арқа-жарқа қуаныш қою түннің түндігіне терезеден күліп қарайды. Алыста жүрген ұлдың, бауырдың міне, осылайша ұзақ жолдан бұрылып, бір күнге, тіпті, бір-ақ сәтке болса да келіп, маңдайынан иіскетіп, қара шаңырақтың ақ дастарханынан дәм татқаны қандай қуаныш десеңізші. Енді мен де әлгі бір ыңғайсыздықтан құтылып, туған үйіме келгендей өзімді-өзім еркін сезіне бастадым. Дәмді ас, ыстық шайдың үстіндегі жарасымды да көңілді әңгімеден соң ұйқым мүлде ашылып кетті.
* * * Түннің бір уағы. Үлкен бөлмедегі жұмсақ креслоларға жайғасып алып, Нұржан Түкешұлы екеуміз жайбарақат сөйлесіп отырмыз. – Үйді жақсы жерден салған екенсіз, – деймін мен әңгімеге тамызық болсын дегендей ниетпен. – Көше тыныш. Тараздың ауасы таза. – Зауыттар баяғыдай түтіндетпейтін болды ғой, – дейді ол басын изеп. – Қазір жұрттың тынысы ашылып қалды. Ал мына үйді біз бала-шағамызбен жабылып жүріп, өзіміз салғанбыз. Ол кезде Мәлік жас бала еді. Кірпіш көтеріп, лай тасып, кәдімгідей қолғабыс жасады. Енді міне... өздеріңмен бірге қызмет істеп жүр. – Ой, ол біздің бастығымыз ғой, – деймін мен күліп. Өйткені, Мәлік сол кезде Жазушылар одағы төрағасының шетел әдебиетімен байланыс жөніндегі орынбасары еді. – «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса, сақа қыл, Жасы кіші демеңіз, ақылы асса, аға қыл» деген осы. Нұрекең ойланып, әлденеге келіспегендей басын шайқап: – Бастық деп, қызметіне қарай құрметтегеніміз болмаса, жалпы, адам баласы бір-бірін адамгершілігіне қарап сыйлайды ғой, – деді. – Мысалы, мен өмір бойы қалалық ішкі істер бөлімінде қызмет істедім. Жиырма жасымда, әскерден келген бойда сержант болып орналасып едім, кейін сол сержант қалпымда, қырық екі жасымда зейнетке шықтым. Құдайға шүкір, ешкімнің алдына өз қадірімді түсіріп, жағымпазданып барған емеспін. Қолымнан келгенінше елге қызмет істеуге тырыстым. Менің есіме Мәлік айтқан бір әңгіме түсті: «Бала кезімде әкем көшеде мас болып жатқан кісілерді салып алып, айықтырғышқа таситын машинамен жүретін, – деген еді ол. – Кей күндері түс әлетінде үйдің жанына келіп тоқтап, қақпаны тез ашады да, аулаға кіреді. Сонсоң әлгі төрт бұрышты қорап секілді машинаның арт жағынан екі-үш адамды түсіріп: «Болды енді, барыңдар! Ешкімнің көзіне түспеңдер» деп есігін қайта жабады. Ал жаңағы мас кісілер болса, біразға дейін қайда барарын білмей, мең-зең болып тұрады. Содан соң, аяқтарын әзер басып, сыртқа беттейді. Сонда ойлайтынмын: «Папам неге бұл кісілерді үйге әкеледі?» деп. Сөйтсем, бастықтарына: «Үйден түскі ас ішіп шықтым» дейді екен ғой. Ал әлгі машинадан түскендер негізінен бізге жақын көшеде тұратын жүзтаныс кісілер болатын...» Мен енді, осыны айтып, Нұрекеңе қарадым. – Рас, – деді ол басын шұлғып. – «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» деген емес пе?! Кей кісілерді айықтырғышқа ала жөнелмей, жолда қалдырып кететінбіз. Өйткені, олардың көбі сол кезде әжептәуір қызмет істейтін, әрқайсысы бір-бір отбасын асырап отырған азматтар-тұғын. Жұмыс орнына хабарласақ, ертеңгі күні шиеттей бала-шағасының обалына қалмаймыз ба? Ондай-ондай нәрселерді бастықтарға байқатпай жасаушы едік қой. Өмірде, өзің білесің, әр түрлі жағдайлар болады. Олар да қайбір жетіскеннен ішеді дейсің... – Жалпы... адам баласының тіршілігі өте баяу өзгереді екен. Қазір де тек техника ғана көз ілеспейтін жылдамдықпен қарыштап дамып бара жатқан секілді. – Дегенмен, бүгінгі жастар ішімдіктен аулақ жүреді. – Оныңыз рас. – Оларға терең білім қажет. Мысалы, біз, Гүлназ екеуміз қанша қиналсақ та осы балаларды оқытуға тырыстық. Орта мектептен шығарып алып, ақылы мектепке бердік. Дүние-мүлік жиғанымыз жоқ. Бар тапқан-таянғанымызды балалардың оқуына жұмсадық. «Рас-ау, – деген ой келді маған. – Бірнеше тілді жақсы меңгерген, әлемдік кеңістікте өзін еркін ұстай білетін, қай елдің азаматымен болса тез тіл табысып кететін Мәлік сияқты жігіттер осы Нұржандай қарапайым, адамгершілігі мол, алдағы күндерге үмітпен, сеніммен қарайтын азаматтардың арқасында білім алды емес пе?!» Содан соң мен қабырғада ілулі тұрған үлкен портретке қарадым. Өзі бір көркем дүние екен. Авторы – Алмас Сырғабаев. Талантты суретші. Бұл портретті ол Нұржан мен Гүлназдың жас күнінде түскен суретіне қарап салған секілді. Екеуі қатар отыр. Жаңа қосылған жас жұбайлардың ең бір бақытты күндері болар-ау, сірә. Гүлназдың көзі мөлдіреп, алдағы болашаққа үмітпен қарайды. Ал Нұрекең болса, өзіне-өзі сенімді, жігерлі жігіт. Гүлназ – Мәліктің анасы. Осыдан бірер жыл бұрын дүниеден озды. Ол ауырып, төсек тартып жатқан кезде: «Мамам бізді өсіріп, жетілдіремін деп көп азап көрді. Ең бір қиын кезеңде, тоқсаныншы жылдардың басында базарда тұрып сауда жасады. Жаздағы аптап ыстықта басынан күн өтті, қыстағы қақаған суықта табанынан сыз өтті», – деп қамығып еді Мәлік. Ал мен сол кезде не деп жұбатарымды білмей, оған: «Сенің анаң текті әулеттің қызы. Олар қуанышты да, қиындықты да байыпты, салмақты күйде қабылдайды», – деп едім. Өйткені, Гүлназ – ұлттық әдебиетіміздің классигі Шерхан Мұртазаның автобиографиялық «Ай мен Айша» романындағы ерекше бір ілтипатпен, құрметпен еске алатын татар жеңгесі Рәзияның қызы. Ал Рәзия өз өмірінде қиындық пен қиянатты қанша көп көрсе де мойымай, еңсесін тік ұстап өткен жан. Бірақ... Гүлназ екінші ұлы Маратты үйлендіріп, той өткізіп, құда-құдағиларды риза қылып шығарып салған соң, «Тәуба, тәуба!.. Осы күнді көрсеткеніңе шүкір» деп жатып көз жұмды. – Жалғыздық жанға қатты батады екен, – деді Нұржан енді маған мұңын шаққандай болып. – Балалар бар емес пе? – дедім мен оның жанындағы жараға тимей, жеңіл-желпі тыңдай салғандай сыңай танытып. – Иә, – деп ол ақырын басын шұлғыды. – Балалар бар, немерелер бар. Құдайға шүкір, дәтке қуат. Кейде өзімнің баяғы, бала кездегі достарымды іздеп, ауылға барып қайтамын. Бірақ, Гүлназдың жөні бөлек екен... Мен үндемедім. Сәлден соң Нұржан: «Қой, жол соғып, шаршаған шығарсың. Жатып, демал», – деп орнынан тұрды. * * * Одан кейінгі есімде қалған кездесу, келер жылы көктем айында Мәлік екеуміз Таразға тағы да бірге бардық. Сол баяғы аулада бізді күтіп, көше жаққа жиі-жиі қарап жүрген Нұрекең қуанып: «Қалай, бұл жолы шаршаған жоқсыңдар ма?» – деп жымиып қарсы алды. – Жо-оқ. Қайдағы шаршаған. Бұл күнде Алматы мен Таразды жалғап жатқан жаңа жол әйбат. Даңғырап жатыр. Небары бес сағатқа жетер-жетпес уақытта машинамен зымырап жетіп келдік. Түркияның астанасы Анкара қаласында орналасқан ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі болып тағайындалған Мәлік алыс сапарға жүрердің алдында ата-баба әруағына тағзым етіп, Құран оқытып қайтсам деп еді. Біз Нұржанның үлкен әпкесі Күләш апайды ертіп Байзақ ауданындағы Ақжар аулына қарай бет түзедік. Күн ашық. Көк шөп жаңа тебіндеп келе жатқан шақ еді. Ауыл шетіндегі зиратқа бұрылып, Мәліктің атасы Түкеш пен әжесі Күлжамиланың қабірінің басында тізе бүгіп, Құран бағыштадық. «Әкеміз өмір бойы бастауыш мектепте мұғалім болып істеді, – деді Нұржан ақырын ғана үн қатып. – Өте ұқыпты, зиялы кісі еді.» Содан соң қалаға қайта оралып, Мәліктің анасы жерленген зиратқа бұрылдық. Тып-тыныш, мүлгіп жатқан әлем. Біз үшін әзірге беймағлұм, жұмбақ дүние...
* * * Уақыт шіркін, зымырап өтіп жатты. Қоңыр күзде Мәлік екеуміз Алматыда, Қазақстан Жазушылар одағының сексен жылдығына арналған салтанатты кеште кездестік. Ол мені түріктің белгілі ақыны, Авторлық құқық қорғау ұйымы төрағасының орынбасары Илтер Йешылай ханыммен және халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымынан келген аудармашы, француз тілінің маманы Жасминмен таныстырды. Кешкілік қадірлі қонақтар қазақтың дәстүрлі тойын көрсін деп, анасының алпыс жасқа толуына арналған той дастарханына шақыру қағазын ұсынған журналист, қазақ радиосында көркем әңгімелерді нәшіне келтіре оқитын ізетті қарындасымыз Гүлнұр Омарханқызы күтіп отырған тойханаға қарай тарттық. Той тамаша өтті. Түркиядан келген қонақтар қазақтың салт-дәстүрін, мол дастарханын көріп, қонақжай пейілімізге қатты риза болды. Түнгі сағат онда оларды «АйСер» қонақ үйіне жеткізіп салып, көңілді қоштастық. Ал содан соң... Тараздан суыт хабар жетті. Мәліктің әкесі Нұржан Түкешұлы дүние салыпты. Апыр-ай, мына жарық дүниедегі бес күндік тіршілік дегеніңіз тап осылай, көзді ашып-жұмғанша болмай, бір-ақ күнде өте шығады екен-ау!.. Кейін естідім, әкесі Тараздағы ауруханада қатты ауырып жатқан кезде Мәлік барып, көңілін сұрап қайтқан екен. Сол кезде Нұржан оны көзімен аймалап, айналып-толғанып жатып, «Қалайсыңдар, балам? Анкарадағы немере қызым Айша мен келінім Луиза түрік елінің тіршілігіне үйреніп, бауыр басып кетті ме?» дегендей үнсіз тіл қатыпты. Содан соң: «Бізде бәрі жақсы, папа» деген Мәліктің даусын естіп, «Түсіндім, балам» деп ақырын кірпігін қағыпты. Кейде ойлаймын, адам баласы ақтық сапарға аттанған сәтте көңіліне осындай бір үміт пен сенім ұялап бара жатса, жақсы-ау, шіркін!..
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Жамбылда жазасын өтеушілер Алғыс айту күнін атап өтті
- 1 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді