«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әңгіме тақырыбы... автоорындық

Әңгіме тақырыбы... автоорындық
ашық дереккөз
Әңгіме тақырыбы... автоорындық

балабақшалар бақылау алаңына айналып кетпесін!

Жол ережесі туралы жаңа заң бойынша, салмағы 36 келіден, бойы 1 метр 35 сантиметрден аспайтын 12 жасқа дейінгі балалар көлікте автоорындық  деп аталатын арнайы орындықта отыруы тиіс. Олай болмаса, он мың теңге көлеміндегі айыппұлды төлеуге дайындала беріңіз. Қазіргі уақытта осы жаңа талап қоғамда қызу талқылануда. Бірі - бұл дұрыс емес десе, керісінше, екіншілері – қолдап-қоштауда. Алайда алғашқылардың саны басымдау болып тұрған сияқты. Мәселен, М.Ілиясова 5, 9, 12 жас аралығындағы үш баласының бәріне бірдей автоорындық  қалай аламын дейді. Оның үстіне, елімізде осы заң күшіне енер-енбестен автоорындық бағалары да 15 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін бірден шарықтап кетті. 

4 3Көлік орындығының үстіне киілетін орындық машина салонын тарылтып жібереді, әрі оны қайтадан шешіп жүк салғышқа салып қойсаң да әжептәуір орынды алады. Арнайы орындықта отырған он жастан асқан баланың бойы да төбеге тіреліп қалмай ма? Егер орындыққа бекітілген балалар орындығы көлік кілт тоқтағанда жұлынып шығып кетсе ше? Қауіпсіз қыламыз деп, қолдан қауіп жасап алмаймыз ба? Жол полициясы баланың 12 жасқа толған-толмағанын қалай анықтайды? Баланың туу туралы куәлігін алып жүруге міндеттіміз бе? Әлеуметті алаңдатқан осындай сауалдар әлеуметтік желіге көптеп шықты. Блогер әрі суретші Аңса Мұстафа «Автоорындық дейсіз бе?» атты суретіне мынадай жазба қалдырыпты: «Тоқта, балам, әкең Жанарды мектепке апарып тастап келсін, қайтып келіп сені мектепке апарады, сосын ініңді... Аптокресло деген бәле біздің ауылда біреу ғой...».

Еуропада тұрып жатқан белгілі журналист Ғалым Боқаш халықтың жаңа ережеге сонша шулағанына таң: «Бұл – ең әуелі баланың қауіпсіздігі үшін керек құрал ғой, денесін көтеріп белдікті тартқанда дәл кіндік асты мен кеудеге келтіретін. Көлігімде үлкен қызыма арналған жай ғана отырғыш, кішісіне арналған арқалы орындық бар. Балалар жоқта жүк салғышта жатады. Бағасы Еуропада сонша қымбат емес, отырғышты 10 долларға, арқалысын 50 долларға алуға болады. Мына заңнан соң бұл отырғыштар Қазақстанда бір-екі айдай дүкенде қымбаттап, дефицитке айналуы мүмкін, бірақ сосын әр жерде арзан бағамен тұрады - көресіздер. Батыс елдерінде такси шақырсаңыз, «Бала бар ма?» деп сұрайды, баламен жүрсеңіз, таксиіне автоорындық қойып жібереді. Еуропа елдерінде балаға арналған арқалы автоорындыққа көбіне 5 жасқа дейінгі балдырғандарды отырғызады. Көп орын алуы мүмкін тек сол ғана. Ал 5-12 жас арасындағы балаларға кішкентай отырғыш болса жетеді. Ол отырғыш қатар-қатар қойсаңыз, көп орын алмайды. Егер балаңыз үшеуден көп болса немесе мүмкіндігі шектеулі балаңыз бар болса, еріксіз «Фольксваген-Мультивен» сияқты үлкендеу көлік алуға тура келеді. Оған бәрі сыяды. Еуразия Одағына кіргелі Қазақстанда мұндай отбасылық сапалы көліктер қымбаттап кетті, рас. Ал Еуропада мұндай көлікті несиеге рәсімдеу арзан, ұсталған көліктер базарында одан да арзанға түседі. «Бала артқы орындықтағы үлкеннің алдында отырса, ештеңе етпейді» деу – жауапкершілігі аз адамның сөзі. Ең бастысы – баланың қауіпсіздігі. 50 км/сағат жылдамдықпен келе жатып кілт тоқтасаңыз, өз орындығында отырмаған бала кем дегенде алдыңғы орындыққа басын соғып алады. Кішкентай баланың мойны әлсіз екенін ұмытпау керек. Тағы бір жайт: «балам жеке орындыққа отырмайды, жылайды» деген де негізсіз сөз екен. Өз басымнан өтті. «Осы еуропалықтар баласына не беріп тәртіпті қып қояды екен?» деп ойлайтынмын. Үлкен қызым сол дисциплинаға басында қыңқылдағанымен, соңында тез үйренді. Әрбірден соң белдігін бекітпей жатып, көлікті орнынан қозғалтпай тұрғызып қоятын болды». Астана қаласында жаңа заң бойынша жүргізушілер бірден жазаланбайды. Алдымен көпшілікке ережелерді түсіндіріп, соған үйренулеріне біршама уақыт беріліп отыр. Ал біздің Тараз қаласында қалай? Аталған заң жетінші қаңтар күні күшіне енді, тоғызыншы қаңтар күні құлқын сәріден №35 балалар бақшасының алдында әмбебап полицейлер тұр. «МАИ қызметкерлері» көлік ішінде отырып алып сырттай бақылауға көшкен бе?» деген күңкілді де естіп қалдық. Ендеше, енді балабақша, мектеп маңында тұрған жол сақшыларын көрсеңіз, таң қалмаңыз.

Шынар САҒИЕВА, 

«Ақ жол». Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар