Қараусыз мал қылмысқа жол ашады
Мал шаруашылығы – ел экономикасының жетекші салаларының бірі. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген ауыл халқы үшін әсіресе, төрт түліктің маңызы орасан. Алайда, шаруаның адал еңбегімен тапқан несібесіне сұғанақ көздің де үйір болатыны анық. Сондықтан да мал ұрлығы бүгінде ел аумағында ең көп таралған қылмыс түрі саналып отыр. Мұның алдын алу мақсатында Ішкі істер министрлігі малды бақылаусыз қалдыруға тыйым салған болатын. Жауаптылардың айтуынша, облыстық полиция қызметкерлерімен жол бойында, жайылымдарда малдардың егесiз жүруiне қатысты рейдтiк iс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Қыс мезгілi келсе де төрт түлік малдың қараусыз жүруiне шектеу қойылмай отыр. Малдардың иесiз, бос жүруi түрлі қайғылы жағдайларға себеп болуда.
– Мал иелері өз мүлкіне немқұрайлы қарау ұрлыққа әкелуі мүмкін екенін түсінуі керек. Ұрылар далада қараусыз қалған малды оңай айдап әкетуі мүмкін. Бұдан басқа, қараусыз малдың жол-көлік оқиғаларының себепкері болу ықтималдығы да жоғары. Өткен жылдың 11 айы бойынша жүргізiлген талдау нәтижесіне сәйкес, үй жануарларымен соқтығысқан 21 жол-көлік оқиғасы тiркелген. Соның салдарынан 8 адам қаза тауып, 30 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Малдарын бақылаусыз қалдырған 2221 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды,–дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Ержан Мананбаев.
Бұл ретте облыстық Полиция департаменті азаматтарға малды қараусыз қалдырмауды, әсіресе автомобиль жолдарына жақын аумақтарда оларды малшылардың бағуын ұйымдастыру мәселесіне көңіл бөлуді сұрайды. Себебі, қараусыз жайылып жүрген мал орны толмас салдарларға әкеп соқтыратын жол-көлік оқиғаларының себепкері болмауы үшін тиiстi қадағалау жүргізудi ескертеді.
Сондай-ақ, соңғы жылдары мал ұрлығының басым көпшілігі осыған байланысты орын алған. Өткен жылдың көрсеткіштеріне ойыссақ, жыл басында мал ұрлығы бойынша 19 дерек тіркеліп, оның 16-сы ашылған. Соның ішінде ұрланған мал басының басым көпшілігі қараусыз бағуға жатпайтын ірі қара мен уақ мал басы болып отыр. Жаңа ережеге сәйкес, ендігі жылқы, сиыр мен қой-ешкісін бақылаусыз қалдырғандар 10 мың теңгеден 40 мың теңгеге дейін айыппұл төлеп, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал, мал ұрлығы үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Мұндай бастаманың заңмен шегенделгені тұрғындардың да көңілінен шығып отыр. Көбіне жайылым тапшылығы туындап отырған автомагистраль маңындағы елді мекен тұрғындары үшін төрт түлікті қараусыз қалдыру көп мәселеге себепкер болуда. Т.Рысқұлов ауданындағы Ақыртөбе ауылының тұрғыны Мейрамбек Оспанов жаңа заң ауыл-аймақтарда қалыптасқан біршама мәселенің алдын алар еді дейді.
– Мал басын қараусыз қалдыру көп мәселеге себеп болып отыр. Әсіресе, күрежолдың бойында орналасқан елді мекендерде жайылым тапшылығы бар. Бірақ соған қарамастан, тұрғындардың малдарын қараусыз қалдыруы салдарынан түрлі оқиғалар орын алып жатады. Мәселен, көрші ауылдарда осындай жайттардан кейін мал ұрлығы деректері тіркелген. Абырой болғанда, ұрланған мал арнайы орналастырылған чиппен табылып, құзырлы органдар қылмыстың алдын алды. Бұдан бөлек, қараусыз қалған түліктің көше кезіп, әркімнің бақшасына түсетін кездер де болады. Бұл олқылықтардың алдын алуда жаңа заңның қабылданғаны көңіл қуантады,–дейді ауыл тұрғыны.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін шаруалар үй жануарларының егістіктерді, маяларды таптап, алқаптағы астықты бүлдіргені үшін ғана жауапқа тартылды. Енді оларға арнайы заңдық тұрғыдан, атап айтқанда, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзуды көздейтін 408-бабы аясында шара қолданылатын болады.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді