«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жүзеге асқан жемісті жобалар

Жүзеге асқан жемісті жобалар
ашық дереккөз
Жүзеге асқан жемісті жобалар
Өңірге инвестиция тарту – жергілікті экономикаға үлкен үлес. Өткен жылы облысымызда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 517,2 миллиард теңгені құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 17,3 пайызға артқанын көрсетеді. Сонымен қатар, 2023 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша 98,2 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Өткен жылы өңірде жалпы құны 75 миллиард теңгені құрайтын 13 жаңа өндіріс іске қосылды. Атап айтар болсақ, «Алатау сүт өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүт өңдеу цехын кеңейтуді қолға алды. Бұл Жуалы ауданындағы Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Кәріқорған ауылында орналасқан. Жобаның құны – 2 миллиард теңге. Қуаттылығы – жылына 200 мың тонна. 15 адам жұмыспен қамтылған. Тараз қаласынан 29 адамға жұмыс көзін ұсынған «Алашпром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі автоклавты газбетон өндірісін бастады. Жобаның құны – 2,4 миллиард теңге, қуаты – жылына 50 мың текше метр. Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылында «Супер Фарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шприц өндірісін бастап, 160 жұмыс орнын ашты. Құны 1,6 миллиард теңгені құраған жобамен жылына 250 миллион дана шприц шығаруға болады. Тараз қаласындағы «Тараз арматура зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 2 миллиард теңгеге жылына 200 мың тонна өнім беретін құрылыс арматурасын өндіру жобасын іске қосты. Сондай-ақ, қаладан «Джон Бан МеталлПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 10 миллиард теңге болатын жобамен мырыш оксиді өндірісін бастап, 10 адамға жұмыс орнын ашты. Байзақ ауданының Ботамойнақ ауылдық округіне қарасты Үшбұлақ ауылынан «Алель Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 3 миллиард теңгеге «Кешенді жем зауыты» жобасын іске қосты. Мұнда жылына 54 мың тонна өнім шығарылады. Нәтижесінде 30 жұмыс орны ашылды. Байзақ ауданының Қостөбе ауылында «KazStonebox» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гофрленген картоннан жасалған қаптама өндіруді қолға алды. Жобаның құны – 1,7 миллиард теңге. Жылына 10 мың тонна өнім шығаруға қуатты. Бұл өндіріс орнында 20 жұмыс орны ашылды. Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылында «Құлан профнастил» жеке кәсіпкерлігі гофрленген плитка цехын іске қосып, 4 жұмыс орнын ашты. Жобаның құны – 18,2 миллион теңге. Осы ауданның Ақбұлақ ауылында «Парус-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 200 миллион теңгеге минералды су зауытын салып, сағатына 3000 литр минералды су шығаруды қолға алды. Нәтижесінде 15 жұмыс орны ашылды. Талас ауданының Көктал ауылында «Новотекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «ЖЭС» жобасын іске қосып, 12 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Жобаның құны – 1,8 миллиард теңге. Жылына 4,5 мВт өнім береді. Тағы да осы ауылда «Asia NST Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәрмәр ұнтағы өндірісін бастады. Құны 476 миллион теңгенің жобасымен жылына 100 мың тонна өнім алады. Сол арқылы 35 жұмыс орны ашылды. Байзақ ауданындағы Ботамойнақ ауылдық округіне қарасты Үшбұлақ ауылында «Мұхиев Есей» жеке кәсіпкерлігі 500 миллион теңгеге «темірбетон конструкцияларын өндіру» жобасын ашып, 100 адамға жұмыс ұсынып отыр. Жылына 62400 текше метр өнім өндіруге қауқарлы. Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында «Шоқпар ЖЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жел электр станциясын 50 миллиард теңге құнымен іске қосты. Жылына 100 мВт электр қуатын өндіреді. Бұл жобада 30 жұмыс орны ашылды. Қажетті өнімдерді шығарып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға септігі мол инвестициялық жобаларды жүзеге асыру биыл да жалғасын табады.  

Әлішер СҰРАНШЫ,

облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы Инвестиция және индустриалды-инновациялық дамыту бөлімінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар