«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ҚАРАТАУДА ҚОНАҚ ҮЙ АШЫЛДЫ

ҚАРАТАУДА  ҚОНАҚ ҮЙ АШЫЛДЫ
ашық дереккөз
ҚАРАТАУДА ҚОНАҚ ҮЙ АШЫЛДЫ

Қонақ үйдің өңір экономикасы үшін пайдасы зор. Ең алдымен инвесторлар тарту үшін қызмет көрсету деңгейі жоғары қонақ үй керек. Оның үстіне ол қалаға көрік беріп тұратыны және бар. 

Жуырда Қаратау қаласының Қонаев көшесі бойынан сондай қонақ үйлердің бірі есігін айқара ашты. «Талас» деп аталған қонақ үй кезінде иесіз қалған ғимараттың орнынан «дүниеге келді». Күрделі жөндеуден өткен нысан қазір жаңа келбетке ие болған. Бұл бастаманы жергілікті жеке кәсіпкер Кенжехан Байтықова «DAMU» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы «Сбербанктен» төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алу арқылы жүзеге асырды. Жаңа нысанның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Серік Дадабаев халыққа қызмет көрсететін мұндай нысанның аудан үшін маңызы зор екеніне тоқталды. – Елбасының тапсырмаларымен Моноқалаларды жаңғыртудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес қалада кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдайлар туғызылуда. Соның бір айғағы, міне, жеке кәсіпкер К.Байтықованың несие алып, қонақ үй ашуы, – деді. Екі қабаттан тұратын қонақ үй 16 адамға арналған. Люкс, екі және төрт орындық бөлмелер жаңа жиһаздармен жабдықталған. Бірінші қабатта асхана жұмыс істейді. Қысқасы, қалалықтар бұған дейін жайлы да әсем осындай жайға мұқтаж еді. Қаратаулықтар Жаңа жыл қарсаңында тағы бір қызмет көрсету орталығына қол жеткізді.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, «Ақ жол».

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар