Батыр есімі берілсе игі
Биыл Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына – 35 жыл. Осы соғысқа облысымыздан 2236 жауынгер қатысты. Солардың қатарында жерлесіміз, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев та бар. Есімдері алты Алашқа, бүкіл қазақ еліне ұран болған батыр бабаларымыздың өнегелі істерін, ел қорғаудағы ерен ерліктерін жұртшылыққа жеткізу, оларға тарих төрінен орын беру – қазіргі ұрпақтың асыл парызы.
Жуалы өлкесі батырлардан кенде емес. Жуалының аты аталғанда әуелі ойға Бауыржан Момышұлының есімі оралады. Өйткені, бұл екеуі – егіз ұғым. Ал, бүгінде жуалылық батырлар шоғыры бір кезде Ауған соғысында шыңдалып, ерліктің, табандылықтың үлгісін көрсеткен батырымыз, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевпен толығып отыр.
Еліміз Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарда Бақытжан Ертаевтың Тәуелсіз қазақ елінің әскерін құруға қосқан үлесі зор. Ол өзіне жүктелген жауапты басшылық қызметті абыроймен атқара жүріп, еліміздің Қарулы Күштерін нығайтуға, әлеуметтік-экономикалық дамуына, Қазақстанның жаңа астанасын көркейтуге қосқан өлшеусіз үлесі жоғары. Ауған соғысында көрсеткен ерлігі өз алдына бір шежіре іспетті. Бақытжан Ертаевтың 65 жасқа толған мерейтойында Кеңес Одағының Батыры Омар Паша «Нағыз батыр мен емес, нағыз батыр – Бақытжан Ертаев» деп оған әділ бағасын берген болатын.
Жерлесіміз Бақытжан Ертаев негізгі қызметінен бөлек, Ауған соғысы ардагерлері ұйымының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы болды. Ол Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде де еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосты.
Жалпы, Бақытжан Ертаевтың туған жеріне сіңірген еңбегі де зор. Өзі туып-өскен ауылға мектеп, мешіт салып берді. Аудандағы газдандыру жұмысын жандандыруға үлес қосты. Көрші қырғыз елімен шекарада қалған Көксай каналын тартуға да көп көмегі тиді. Сонымен бірге, 2000 жылы аудандағы 91678 әскери бөлімінің ашылуына себепші болды. Аталған бөлімнің Жуалы жеріне орналасуына тікелей мұрындық болып, оның көрші жатқан қырғыз елімен тау белдеулері арқылы шектесіп жатқанын Елбасына дұрыс жеткізе білді. Содан бері 91678 әскери бөлімі ауданымызда елдің тыныштығы мен шекара шебін мығым күзетіп келеді.
Осы орайда, Бақытжан Ертаевтың есімі осы аталған әскери бөлімге берілсе, орынды болар еді деген ой келеді.
Бүгінгі күні ол бөлім полк болды. 100-ден астам жуалылық азамат жұмысқа орналасты. Полк қасынан бес тұрғын үй кешені соғылып, 120 пәтер осындағы офицерлер мен келісімшартпен жүрген сарбаздарға берілді. 2018 жылы ондағы офицерлер қоныс тойын тойлаған болатын.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді