«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Азаматтардан түскен өтініштер қаралды

Азаматтардан түскен өтініштер қаралды
ашық дереккөз
Азаматтардан түскен өтініштер қаралды
Amanat партиясы облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Басқосуда облыстық білім басқармасы мен оған қарасты мекемелерге азаматтардан түскен өтініштердің барысы талқыланды. Ол бойынша алдымен партия облыстық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үмітбала Ибраймова баяндама жасап, 2023 жылғы атқарылған жұмыстардың есебін берді. Оның айтуынша, қабылдауларда көтерілген басты мәселелердің 43 пайызы әлеуметтік көмекке мұқтаждық бойынша болса, 13 пайызы білім саласына қатысты екен. Жалпы, барлық мәселенің тиісті құзырлы орган тарапынан шешімін табуға болады. Алайда, құзырлы орган тарапынан шешімін таппаған соң, азаматтар партияға келіп көмек сұрауға мәжбүр. Оған мысал да жетерлік. Атап айтар болсақ, Тараз қаласының тұрғыны Күлмираш Байшонованың немересін Б.Момышұлы атындағы №45 классикалық мектеп-гимназиясына тұрғылықты жері бойынша ауыстыра алмай жүргеніне 5 жыл болған. Білім басқармасы, білім бөлімі мен мектеп басшылығында бірнеше рет болып, өтініш білдіргенімен, оған түрлі себептер айтып, немересін қабылдамаған. Құзырлы орган тарапынан шешім табылмаған соң партияға жанайқайымен келген. Өтініш иесінің мәселесі бойынша білім басқармасымен байланыс орнатып, баланың аталған оқу орнына ауысуына еш кедергі жоқ екені түсіндіріліп, нәтижесінде ол аталған гимназияға ауыстырылды. – Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне түскен даулы істерді мейлінше медиация, яғни бітімгершілік жолмен шешуге тырысамыз. Мәселен, партияға Тараз қаласының тұрғыны, №2 балабақшаның тәрбиешісі Гүлнар Ералиева келіп, балабақша меңгерушісі өзін жұмыста болмады деп ҚР Заңнамасына сәйкес жұмыстан шығарып жібергенін жеткізді. Балабақша меңгерушісі мен білім бөлімі өкілдерімен бірнеше рет байланысып, өтініш иесінің көпбалалы әрі жалғызбасты ана екенін, ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқаны, сол жылдары жұмысында бірде бір рет кемшілік пен тәртіп бұзушылық болмағанын, істі насырға шаптырмай, сотқа жеткізбей, бірігіп қарап, оң шешімін табайық деген ұсынысымызға қарамай, бірбеткейлікті ұстанып құзырлы органдар өтінішін қанағаттандырмады. Өкінішке қарай, өтініш иесі балабақша меңгерушісін сотқа беріп, іс заң аясында қаралып, нәтижесінде азаматша ақталып, қызметіне қайта оралды. Мұнымен нені айтпақ едім? Істі ушықтырмай, құзырлы органдар өз құзыреті шеңберінде қарап, бітімгершілікке салып, жалғызбасты ананың жанайқайын тыңдап, оң шешімін тапқанда іс насырға шаппас еді. Алдағы уақытта осындай фактілерге жол бермей, мүмкіндігінше медиация жолымен шешуге талпынсақ деген ұсыныс білдіргім келеді, – деген Үмітбала Серікқызы мұндай мысалдар жетіп- артылатынын атап өтті. Келесі кезекте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаев баяндама жасады. Ол Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес, 2023 жылы басқармаға және оған қарасты мекемелерге жалпы 10 765 жолданым түскенін жеткізіп, бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 6,4 пайызға көбейгенін тілге тиек етті. Олардың көпшілігі оқушылардың оқу процесіне, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, құрылыс саласына, мемлекеттік қызмет көрсету стандартына шағым, мекеме басшыларының, қызметкерлердің іс-әрекеттеріне байланысты екен. – Басқарма тарапынан тіркелген арыз-шағымдар бойынша зерделеу комиссиялары тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, анықталған фактілер бойынша құзырлы органдарға хаттар жолданды. Тиісті азаматтар жасаған іс-әрекеттеріне байланысты қатаң жазаларын алды. Қазақстан Республикасы бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыс бойынша басқармасының, облыс әкімі аппаратының және басқарманың ішкі бақылауы нәтижесінде жалпы 73 бұзушылықтар анықталып, 64 лауазымды тұлғаға тәртіптік шаралар қолданылды, – дейді Мұхит Аманқұлұлы. Ал, Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов қазіргі таңда облыстағы 59 мектеп директорының орны бос тұрғанын жеткізіп, шешу жолдарын сұрады. Оның ішінде, 2-3 жыл басшысыз отырған білім нысандары бар екен. Басшысы болмаған балаларды білім нәрімен сусындатып отырған мектептерде түрлі мәселелердің туындайтыны жасырын емес. Дегенмен, облыстық білім басқармасы басшылығының сөзіне сенсек, алдағы ақпан айында мектеп директорлығына үміткер азаматтар үшін тест жүргізіле бастайды. Ол үшін жақын күндері конкурстар жарияланбақ.  

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ,

Amanat партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Ұқсас жаңалықтар