Ішкі істер қызметі із кесе ме, жоғалғанды іздесе ме?..
Дастарқан басындағылар полицейлер туралы түрлі әңгіме айтып отыр. –Үш жыл болды, бір үйір жылқым сол күйі ізім-қайым жоқ болды. – Ұсақ малды бордақылап, сатып, күн көріп отырған бизнесімді шығынға батырды. Ұрланған бір қора қойымды әлі таппай жатыр. – Бір танысымның фазендасындағы бір отар қойы бір-ақ түнде жоқ болып, қойшысы асылып тұрған жерінен өлі табылыпты. – Былтыр көршіміздің үйін тонап кетті. Биыл біздің үйге ұры түсті... Соңғы әңгімені құлағым шалып қалғанда, өзімнің де 2010 жылы басымнан кешкенім көз алдымда қылаң берді. Жиен қызым тұрмысқа шығып, соның құдалығынан келген болатынбыз. Қарасақ, пәтеріміздің сыртқы есігі ашық. Құлпы бұзылған. Жатын бөлмедегі балконға шығар есік шалқасынан жатыр. Үйге ұрланып кіргендер шағын үш бөлменің астаң-кестеңін шығарған. Баспалдақтан естілген біздің абыр-дабырымыздан құлақтанып, жаңа ғана секіріп, қашып кеткен секілді. Студент баламның бірінің партмонесі, менің тығып кеткен асыл тасты моншағым мен алтын сырғам жоқ. Жазу үстелінде тұрған ноутбук сау. Басқа дүние-мүлік орнында сықылды.
Дереу құқық қорғау орындарына хабар бердік. Сүт пісірім уақытта шенді екі азамат келді. Бірі есік-терезенің, өзіміздің саусақтарымыздың ізін алды. Екіншісі біздің айтқандарымызды жазып, хаттама толтырды. «Тек алтын мен ақша ұрлайтындар ғой, оларға ноутбук, тағы басқа техника немесе қымбат киім-кешек керек емес» деп ұрылардың әдісін түсіндірген ол маған сырға ғана емес, бірталай алтыным мен ақшам жоғалды деп арызға қосып жаздырды. «Жоғалғаны осы ғана» десем, «Сіздің бұл нәрсеңізге бола қылмыстық іс ашылмайды» деген сияқты уәждерді айтты. Екі жарым, үш сағаттай уақытымызды алып, өзімізді сұрақ-жауаппен «әбден тергеген» екі жігіт табылып жатса хабар беретіндерін айтып, таңды атырып, шығып кетті. Сол кеткеннен мол кетті.
Балаларым бір-екі рет барып, телефон да соғып, сұрастырып көрген екен, мардымды жауап ала алмапты. Сосын біз де «шығын шықпай кіріс кірмес, бастан құлақ садақа» деп қойдық. Кейінірек, бірнеше ай өткенде, әлгі көпқабатты үйіміздің бесінші қабатындағы көршіміздің үйіне де ұрылар түсіпті деп естідік.
Тағы бір жиенім Алматыда жолаушылар таситын маршруттық автобуста кондуктор болып жұмыс істей бастағанына көп болмаған. Мегаполисте мал табарлық болмаса да, жан бағарлық жұмыс тапқанына ата-анасы қуанулы еді. Автобустың шопыры екеуі кешкі үзілісте дәмханаға тамақтануға кіріп, әлдебір жігіттердің төбелесінің үстінен түсіпті. Патрульдік полиция асхана ішіндегілерінің бәрін бөлімшеге әкетеді. Төбелеске қатысы бары да, қатысы жоғы да, куәсі де, куә емесі де топырлап кете барады. Автобус шопыры ересектеу еді, «әке-көкелеп» жүріп, беретінін беріп, құтылып кетіпті. Бұған да сол ақылын айтқан екен. Не орысша тілі жоқ, не бере салар пұлы жоқ, шарасыз жиенімізге «ұялы телефон ұрлады» деген айып тағылады. Абақтыда көзі бозарып, тергеу амалдарынан теперіш көріп, аптасына екі рет болатын сот отырысы сағыздай созылып, ата-анасы, жақын-жуықтарымызды да алты айдан астам сандалтты. Әуел баста өзге ұлтты адамдардың бір-бірімен ерегісіп, айқай-шуына ұласқан төбелестерінің кесірінен темір торға тоғытылған баланың енді неліктен «телефон ұрлаушы» болып шыға келгенін түсінбеген біздер әділеттілік іздеп, бармаған жеріміз, басар тауымыз қалмаған.
Сол кезде еліміздегі сот үдерісіне алқабилердің құрылымдық жүйесі жаңадан енгізіліп жатқан болатын. Алқабилерге шағымымызды жеткіземіз дегенше, әкпемнің ұлына жаза кесіліп, көгенделген қозыдай, Құсмұрындағы түрмеден бір-ақ шығатын болды. «Жыртық үйдің құдайы бар» дейді қазақ. Сол шын. Бұл жақта жылап-еңіреп біздер қалып, ол жақта пойызбен бірнеше күн жүріп, Құсмұрынға жете бергенде сот шешімінің бұзылғаны, оның ақталғаны жөнінде шешім шығады. Іле-шала жауапты азаматтар баланы бірден кері қайтарады.
Жақында жан құрбымның ұялы телефоны ұрланды. Жанқалтасындағы телефонының жоқ екенін аялдамадан түсіп, автобус жүріп кеткенде бір-ақ білген. Тәртіп сақшыларына барып, арызын қалдырып кетті. «Күтіңіз, хабарын береміз»депті ондағылар. Күтіп жүргеніне екі аптадан асып барады...
Осы орайда, «құқық қорғау орындары із кесумен дұрыс айналыса ма?» деген орынды сауал туындайды. Жоқтаушылардың жоғын расымен іздей ме?!. Детектив-жазушылар Кемел Тоқаев, Кәрім Баялиевтердің милиционер кейіпкерлеріндей өз істеріне қаншалықты адал? Өз мамандықтарына қаншалықты жауапкершілікпен қарайды? Жәбірленушілерге қаншалықты жанашырлық танытады? Табылған ұрылар, ұсталған басбұзарлар, ашылған қылмыстар қаншалықты дәйекті?
Әлде олардың да дені ең басында төбелеске куә болып, соңында телефон ұрлаушыға айналғандар ма?..
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді