Шекарашылармен ой бөлісті
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің облыс бойынша департаменті «Жазу – өмірімнің бір бөлшегі» тақырыбында әдеби кеш өткізді. Оған қаламгерлер Қамар Қарасаева мен Марал Хантөреқызы шақырылып, шығармалары таныстырылды. Кешті ұйымдастырған Шекара қызметінің кітапханашысы Камила Абсеметова бұл кездесу әскери қызметкерлерді қауырт жұмыстан серпіліп, кітап оқуға шақыру мақсатында өткізілгенін айтты. Кездесуді тәрбие бөлімінің аға офицері, капитан Нұрдос Ынтызарбек жүргізіп, қаламгерлермен кездесуге департаментке қарасты Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының әскери қызметкерлері де келгенін жеткізді. Қаламгерлер қазіргі қоғамдағы мәселелер төңірегінде сөз қозғап, отбасы құндылығы, әке тәрбиесінің әлсіреп бара жатқанының салдарынан түрлі келеңсіз әрекеттердің көрініс беретініне тоқталды. Осы тақырыптарда жазған өз туындыларын оқыды.
Кездесуге қатысушылар да өз ойларын ортаға салып, кітапхана ашық сұхбаттасу алаңына айналды. Олардың айтуынша, мұндағы кітапханаға бірнеше жылдан бері жаңа кітаптар түспеген. Жұмыстан босаған уақыттарында кітапханаға келгенде бұрыннан бар кітаптарды ғана оқитындарын айтады. Осыны ескерген қаламгер меймандар өз кітаптарын сыйға тартты.
Кеш соңында тәрбие, идеологиялық және кадрлар жұмысы бөлімінің бастығы, подполковник Данияр Сарымсақов кеш қонақтары Қамар Қарасаева мен Марал Хантөреқызына әдеби құндылықты сақтап, насихаттап жеткізу мақсатында әскери қызметшілермен ағарту жұмыстарын өткізуге сүбелі үлес қосқандары үшін департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы, полковник Д.Абсаматовтың Алғыс хатын тапсырды.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді