«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ит баққан Ирина

Ит баққан Ирина
ашық дереккөз
Ит баққан Ирина

Интернет сайттарының бірінде өңірімізде бір азаматшаның иесіз жануарларға арналған тұңғыш пана ашқаны жөніндегі ақпараттың пайда болғанына да біраз болды. Қазекең төрт аяқтыны әуелден-ақ досына, серігіне балап, тіпті жеті қазынасының біріне де қосқан. Бүгінде көше-көшеде (әсіресе, қалалы жерде) иесіз жануарлардың тым көбейіп кетуімен байланысты қордалана түскен мәселені шешуге ілуде біреудің ықылас танытқанына біртүрлі ішіміз жылып та қалған.

13Сұрастырып білдік, «жануарлар үйі» Байзақ ауданы, Байзақ ауылының батыс жақ шетіне орын тепкен екен. Бұл аумақ осыдан төрт жыл бұрын ашылған «Ақтөс» иесіз жануарларды қорғау жөніндегі қоғамдық қордың жеке меншік иелігінде болып шықты. Құрылым жетекшісі Ирина Келлер осынау екі гектар көлеміндегі жерді бұрын ірі қара бордақылаумен айналысқан кәсіпкер азаматтан үй, қора-жайымен қоса сатып алыпты. Бардық, көрдік. «Итқораның» айналасы сым-тормен қоршалыпты. Қақпа алдына кілең бір бәкене иттерді (арасында бірен-саран сүйектілері де бар) соңына шұбата ілестіре жеткен Надежда есімді ит күтуші келіншек бізді біраз мән-жайға қанықтырды. Иринаның «төрт аяқтыларға» жанашырлық танытуы «қызылжұлдыздық» бір азаматтың осындай істі бастамай жатып тастауына байланысты қараусыз қалған жетпіс итті бағып-қағуды өз мойнына алуынан басталыпты. Бірқатар волонтерлерге күтім жасау үшін үлестіріліп берілгені бар, аз уақыт ішінде екі жүздей ит «Ақтөстің» қамқорлығын көріп те үлгерген. Ауыл-ауылдан иттерін осында өткізіп кететіндер де бар екен. Арам өлген мал еті, мерзімі өткен азық-түлік өнімдері, ас қалдықтары, сүйек-саяқтар ауылдардан, сауда орындарынан, дәмханалардан, шұжық цехтарынан тұрақты жеткізілетіндіктен, «жануарлар пансионатындағылар» қысы-жазы аш бола қоймайды. Бұл мәселе біржола шешілген десе де болады. Паналау орны күнкестесінде иттерді бір мезгіл қоршау ішіне шығарып, қыдырту да қарастырылған. «Оларды түнде тор-қораға қамап тастаймыз. Маңайдағы тұрғындардың талап-тілегіне орай бұл аумақ алдағы уақытта биік тас дуалмен қоршалатын болады» дейді Надежда.

Иринаның өзі Тараз қаласында тұрғанмен, күнбе-күн дерлік хабарласып, сөйлесіп отыратындықтан, мұндағы жағдайға да әбден қанық болып шықты. Біздің қоршау ішіне кіріп, тордағы жануарлармен жақынырақ «танысуымызға» да мұрсатын берді. Телефон арқылы. Вольер ішінде төрт аяқтының біраз түрі бар екен. Ірі сүйектісі бірен-саран ғана. Басым дені бәкене иттер. Дейтұрғанмен, сол тұрықтарына қарамай, тордан босанса, талап жердей шәуілдей үріп, доқ көрсетумен тұр... Айтпақшы, бұл орын Ирина Келлердің өзі жасап, әзірлеген қалалы жердегі бақылаусыз, иесі жоқ иттер санын реттеу тұрғысындағы жеке әдістемесін нақты іс жүзіне асыруға арналған «тәжірибе алаңы» десе де болғандай. Оның бұл ісі басқа да бірқатар шет мемлекеттер талаптарынан шығуда. Ол Ұлыбритания, Италия қалалары үшін әзірленген осындай жоба-бағдарламалардың да авторы екен. – Алда-жалда Таразда да осылай иесіз иттер мен мысықтарды залалсыздандыру мен тарттыруды жүйелі жолға қоятын болсақ, жеті жыл ішінде қаңғыбас ит пен мысықтың көбеюін тоқтатуға да болады. Олардың басын оққа байлаумен бұл мәселені шеше алмаймыз. Бұл тұрғыдағы күллі үдерісті дұрыс реттеу жөн. Біздің паналау орнымызға иесіз жануарлар күнбе-күн дерлік келіп түсуде. «Айболит» емханасының дәрігерлері осында келіп, залалсыздандыру және піштіру бойынша елу пайыз жеңілдікпен ота жасайды. Егер осы үдеріске бірнеше клиника күшін жұмылдырар болсақ, бұл соншалықты қымбатқа да түспес еді. Бұл «адамның достарын» қынадай қырғаннан гөрі, ізгіліктілеу іс емес пе? Қазіргі таңда жеңілдіксіз залалсыздандыруға кететін шығын мысық үшін 3,5-4 мың, ит үшін жеті мың теңге көлемінде. Пішпе ақысы одан екі есе арзан. Осылай ота жасау мейлінше ізгіліктірек емес пе? Ендеше жазықсыз жануарларды атуға несіне сонша көп ақы төлейміз? – дейді ол. Өз жобасын өзі ешкімнің көмегінсіз жеке қаражаты есебінен жүзеге асырып та отыр. Оның бұл жұмыстарды ұйымдастыруы барысында қандай да бір қиындықтар туындай қалса қайта жергілікті атқарушы органдар көмек қолын созып, қамқорлық көрсетуі тиіс емес пе?! Ал қоғамдық қор өз үлгісімен өңірімізде жануарларға ізгілікті көзқарас қалыптастыру ісіне іргенегіз қалап та отыр ғой!

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар