халық ішіндегі дарынды жандардың біразы алыс аудан мен ауылдарда жүр. Олардың қатарына мүсінші-суретші Қойшыбай Төремұратұлы мен оның ұлы Бауыржан Тәжімұратовты қоссақ әбден болады.
Қойшыбай аға қазіргі таңда Жуалы аудандық халық театрының қоюшы-суретшісі. Қылқалам шебері ретінде бұған дейін жеткен жетістіктері де аз емес. Ол Қарақалпақстан Республикасының Шоманай ауданындағы қазақ орта мектебінде сызу-сурет пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен жылдары «Халық тәлімгері» төсбелгісімен марапатталған. 2000 жылдары Өзбекстан суретшілер одағының мүшелігіне де қабылданған. Оның Өзбекстан мен Қарақалпақстандағы суретшілер музейінде «Әжійнияз бен қыз Меңещтің айтысы», «Арал тағдыры», «Әке», «Ауылым», «Ымырт», «Күз нығметтері», «Алтын күз», «Жұмабай жырау», «Ана» атты дүниелері айрықша орын алған.
2004 жылы жанұясымен атажұртқа ат басын бұрып, туған елдің мейіріміне сусап, біржола көшіп келген Қойшыбай аға алғаш Герцен атындағы мектепте мамандығы бойынша жұмыс істейді. 2006 жылы «Жуалы» халық театрының қоюшы-суретшісі болып ауысады. Бұл оның шығармашылықпен біржола айналысуына сеп болады. Талант – тасада бұғып жатпайды десек, содан бастап Қ.Төремұратұлының елдегі өнерінің өрлеу кезеңі қылаң береді. Көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көріне бастайды. Атап айтсақ, 2008 жылы халық театрларының облыстық қылқалам шеберлерінің байқауында «Ең үздік қоюшы суретші» аталымын жеңіп алса, Түркістанда өткен халықаралық «Түркістанды аңсау» атты оралмандардың мәдени-этнографиялық фестивалінде жүлделі үшінші орын биігінен көрінеді. Қылқалам шеберінің жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры, данқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арнап салған «Батырдың өшпес бейнесі» атты шығармасы да республикалық байқауда екінші орынды иеленген. Бұдан өзге де ірілі-ұсақты сан байқаулардың жеңімпазы. Сонымен қоса, облыс әкімдігі мәдениет басқармасының қолдауымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында жарық көрген «Жамбыл облысының суретшілері» атты альбомға суретшінің жүрекжарды шығармалары да енген. Бүгінгі таңда Қойшыбай ағаның онға тарта шығармасы Тараз қаласындағы суретшілер көрме залында тұр. ...«Әке көрген – оқ жонар» демекші, Қойшыбай ағаның ұлы Бауыржан Тәжімұратов та суретшілікпен қатар тың кәсіп – мүсіншілікті де тәуір-ақ меңгеріп келеді. Бұған әкелі-балалы мүсіншілердің шеберханасынан жақында өздері сомдап шыққан жолбарыстың мүсінін көргенде көз жеткіздік. Олар бұл туындыны әкелі-балалы болып, ақылдаса отырып жасағандарын айтады. Бір жағынан бұл шеберлігі шыңдалып қалған әкенің бойындағы өнерді бала болмысына сіңіруде үлкен тәжірибе болары белгілі. Бізді қуантатыны – Төремұратовтардың шығармаларында ұлттық нақыш басым. Суретші осынысымен ерекшеленеді. – Бізге өнер ананың сүтімен, әкенің қанымен дарыған. Өзге елде жүріп те өз ұлтымыздың болмысын бейнелеуге тырысқанымыз да содан шығар. Ұлымның бойынан да таланттың ұшқынын байқаған соң, барынша білгенімді үйретіп, баулып жүрмін. Бауыржаннан кейінгі екінші ұлым да қолынан қылқаламын тастамай келеді. Ұлдарым менен төмен емес, биік болулары қажет. Әйтпесе, менің көп нәрсеге мүмкіндігім бола қойған жоқ еді, – дейді Қойшыбай аға ағынан жарылып. Ал біз әкелі-балалы мүсінші-суретшілердің қиялынан әлі талай ғажап дүниелердің туатынына сенім арттық...
Жуалы ауданы.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді