«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алаяқтардан айла артылмайды

Алаяқтардан айла артылмайды
ашық дереккөз
Алаяқтардан айла артылмайды
Қоғам қазір сәт сайын өркендеп келеді. Ол әрине, жақсы. Бұрынғыдан гөрі тиімді технологияларды қолданамыз, уақытты үнемдейміз. Дегенмен, таяқтың екі ұшы бар дегендей, сол технологияңыз дамыған сайын қауіп-қатер деген көбейіп барады. Жақында бір сұмдық ақпаратты естіп, көңіліміз бұзылды. Дамыған шет мемлекеттің бірінде болған жағдай. Әлгі бейнежазбада кәдімгі алаяқ мектептегі сабағынан үйіне қайтып келе жатқан баланы алдап тұр. Шетелде ата-аналар балаларын көбінесе мектептен жеке көлікпен немесе таксимен алдырады ғой. Анау оқушы балаға бейтаныс біреу қоңырау шалып: «Ата-анаң сені сабақтан ала сал деді», – деп өтірікті соғып жіберген. Бұл жерде баланы ұрлап кету қылмыстық оқиғасы орын алайын деп тұр. Оқушы бала да күдіктеніп, «Ата -анаммен сөйлесіп алайын» дейтіні анық. Сол кезде алаяқ: «Жарайды, сөйлесе ғой» дейді. Бірақ, баланың әке-шешесінің дауысын зерттеп алған. Бала әкесіне қоңырау шалғанда, арғы жақтан әкесі болып екінші алаяқ сөйлесе қояды. «Балам, ол кісі менің сенімді досым. Еш алаңдамай көлігіне міне бер. Үйге әкеліп тастайды», деп балаға жауап бере қояды. Сол сәтте алаяқтың дауысы баланың әкесінің дауысынан еш айырмасы болмай, дәл ұқсап тұрады. Бұған, әрине, оқушы бала сенеді, әлгі дауысқа алданады. Міне, осындай тәсілмен дамыған кейбір шетелдерде оқушы баланы ұрлап кету фактілері орын алып жатыр екен. Бұл шетелде орын алған жағдай болғанымен, біздің елге өте жылдам келіп қалуы ғажап емес. Сонда қымбат ұялы телефоныңыздың ішінде алаяқтық жасауға қолайлы неше түрлі функциялар бар болып тұр. Бұл өте қауіпті. Осы бейнежазба бірнеше чаттарда жүрді. Шын мәнісінде де өте алаңдайтын мәселе. Бұл жерде баланы ұрлаушы топ өте әдісі мол тәжірибелі деуге болады. Олар әлгі баланы ұрлау үшін бірнеше күндер бойы зерттеу жүргізген. Баланың ата-анасын, оның ұялы телефон нөмірін бәрін тауып алған. Оқушының да сабаққа қай кезде барып, қай кезде қайтатынына дейін зерттеп алғаны байқалып тұр. Баланы сендіру үшін. Ол алаяққа баланы ұрлау не үшін керек? Мүмкін, ата-анасымен жеке бас араздығы бар шығар. Мүмкін, баланың әкесі ірі кәсіпкер ме екен. Бопсалап миллиондаған қаражатты өндіріп алғысы келген болар. Баласы ұрланған ата-ананың перзентін тауып алу үшін ештеңеден аянып қалмайтыны белгілі. Баласы табылғанша түнде ұйқы, күндіз күлкіден қалатыны анық. Құдай басқа салмасын, баласы жоғалған қай ата-ананың да басынан кешетін уайымы мен қасіреті бір ғой. Сондықтан, бұл жерде ата-ананың жауапкершілігі өте жоғары болуы керек. Мүмкін болса баласын мектептен үнемі өзі алып кетуі керек. Ал, ондай болмаса қайтарда ешкімге сенбеуді, бейтаныс адамның көлігіне мүлдем отырмауды, сақтанып жүруді өте қатты ескертуі керек. Сонда, қоғамда мұндай алаңдатарлық мәселе орын алмайды. Технологияның, әлеуметтік желінің дамығаны өте жақсы. Ал, екінші жағынан осындай алаяқтыққа апаратын, кейбір отбасыларды уайым мен қасіретке ұшырататын жаман жағы да көбейіп барады. Алаяқтық, қарақшылық – жақсы қасиет емес. Біреудің отбасына қиянат жасау, біреудің көз жасына қалу қайдан жақсы болсын. Қазіргі таңда көпқабатты үйлерден пәтер алуға түрлі мүмкіндіктер бар. Осы жерде де алаяқтық орын алып жатыр. Пәтер әперемін деп кейбіреудің жиған-терген қомақты ақшасын алып, әлгіні алдап, сан соқтырып жүргендер де бар. Мәселен, бір бөлмелі жайлы пәтерін сатып, үш бөлмелі кең үй аламын деп алданғандар қаншама? Бір бөлмелі пәтерін 11-12 миллион теңгеге сатып, бар ақшасын ортада делдал болып жүрген алаяққа беріп, ол ақшасын қайтып ала алмай (алаяқты қайтып таба алмай қалатындар да болады), тақырға отырып жатқандар жеткілікті. Не бір бөлмелі үй жоқ, не ақша жоқ, өкініп жүргендер аз емес. Қазақ мұндайды «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағынан айырылды», дейді. Немесе «Артық қыламын деп, тыртық қылды», дейді. «Қанағат қарын тойдырар, қанағатсыз жалғыз атын сойдырар» дегенді айтқан да қазақ атамыз емес пе? Қанша уақыт өтсе де сол қасиет өзгерген жоқ. Сол аталарымыз айтқандай, жалғыз атынан немесе жалғыз пәтерінен ішпей-жемей айырылып, алаяқтың құрығына ілініп кеткен отбасыларға не деуге болады? Жаратушы Құранда сақтанғанды сақтаймын деп ескертеді. Яғни, жолың жарқын, көңілің уайымсыз болуы үшін де өзіңнен ұқыптылық, сақтық, сауаттылық секілді әрекеттер табылуы керек екен. Қазақта «Әуелі атыңды тұса, сонан соң Құдайға тапсыр», деген де бар. Көрдіңіз бе, әуелі өзіңізден әрекет болуы керек. Мысалы, сол атты кешке бос жібере салсаңыз, таңертең таба алмай, айырылып қаласыз. Ал, мықтап тұсап қойсаңыз, сол төңіректе жайылып жүреді. Мұнан не қорытынды шығады. Алаяққа алданбау және өз өмірін уайымға жібермеу өзімізге байланысты. Ол үшін өмірге сергек қарап, отбасы алдындағы жауапкершілігімізді арттырғанымыз абзал. Отан алдындағы, ағайын-туыс алдындағы жауапкершілігіміз артқан сайын өмірге бейімділік арта түседі. Өмірге бейімділігіміз артқан сайын алдымыздан шығатын қатер де, алаяққа алдану да азаяды. Мүмкін мүлдем болмайды. Сондықтан, қоғамдағы әр адам өзіне сақ болып, алданбауға күш салғаны жөн. Себебі, алаяққа алданып қалудың азабы да, әуресі де көп. Сондықтан, «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, өзімізге ұқыпты болып, алданудан аулақ болайық. Сонда, көңіліміз тыныш және отбасында береке мол болады.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар