Есірткімен күрес ерекше бақылауда
Ғасыр дертіне айналған есірткі және оны тұтынудан аулақ болу, кеселдің алдын алу қажеттілігі бүгінгі күн тәртібіндегі ең өткір мәселелердің бірі болып отыр. Соңғы он жылда елімізде нашақорлар саны артып, оның ішінде жастар арасындағы есірткіге құмарлар қатары 13-14 есе өскен. Әсіресе, есірткі пайдаланушылардың қатары күннен-күнге «жасарып» келе жатқандығы алаңдатады. Талай жеткіншек нашақорлық салдарынан қауіпті кеселдің құрбанына айналды. Статистикаға жүгінсек облыста өткен жылы 6 тоннаға жуық есірткі тәркіленіпті. Есірткі бизнесіне қарсы күрес форпосттарының бірі болып саналатын өңірімізде есірткі қылмыстарын анықтау жұмыстары тоқтаусыз жəне жан-жақты жүргізілуде. 20232025 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар жанданды. 2023 жылдың 12 айында есірткі қылмысының 576 дерегі анықталып, заңсыз айналымнан 5 тонна 818 келі есірткі алынған. Өткен жылы жамбылдық есірткі қылмысына қарсы бөлініс қызметкерлері қылмыстық топтардың мүшелерін ұстау бойынша бірқатар ірі арнайы операциялар жүргізген. Арнайы қызметтермен бірлесе отырып, Шымкент қаласы мен Алматы облысына героинді жеткізу арнасының жолы кесілген. Сондай-ақ, облыстық полиция департаметі баспасөз қызметінің берген мəліметтеріне сүйенсек, ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп жүргізілген ісқимыл нəтижесінде Байзақ ауданындағы есірткі зертханасы жойылып, жасырын бизнесті ұйымдастырған 5 адам ұсталған. Мұнымен қоса, полицейлер 34 килограмнан астам синтетика жəне 4 тонна прекурсорлар тəркілеген. Арнайы іс-шаралар нəтижесінде есірткі тұтынушыларға жеткізілетін 6 миллионнан астам доза жойылды. «Олардың қылмыстық əрекеттерінің ауқымы түсінікті болу үшін синтетикалық есірткінің аса ірі мөлшері бір грамнан басталатынын айта кеткен жөн», – деді полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Əлім Бажықбаев.
Бүгінгі таңда есірткі нарығының құрылымы синтетикаға қарай ауысты. Былтыр жыл басынан бері синтетикалық есірткіні сақтағаны жəне сатқаны үшін 20 адам ұсталып, заңсыз айналымнан 1 килограмнан астам синтетикалық есірткі құралы тəркіленген. Облыс орталығында құрамы 4 адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталған. Солардың бірі – Тelegram парақшасында бес мың жазылушысы бар оператор синтетикалық есірткіні тарату үшін адамдарды жалдап, Атырау жəне
Алматы қалаларына синтетикалық есірткіні өткізу арнасын ұйымдастырған. Жедел қызметкерлер 608 грамм мефедрон есірткісін тəркіледі. Сондай-ақ, жарты жылдық арнайы ісшаралардың нəтижесінде героин тобына жататын есірткілерді сатудың ірі арнасы жойылған. Бұрын осындай əрекеттері үшін сотты болған «Чели» лақап атымен танымал 63 жастағы зейнеткер əйел де ұсталған. «Трамадол» медициналық препаратының жиынтық кестесіне енгізілгеннен кейін түзеу мекемелеріне дəріханалық есірткі заттарын жеткізуге қатысты ақпаратты тексеру бойынша бірқатар жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліпті. Осыған байланысты Байзақ ауданының тұрғыны ұсталып, оның үйін тінту барысында 3430 «трамадол», 90 дана «самнол» жəне 138 дана «тропикамед» табылып, тəркіленіпті. Аймақта қарасора есірткісі өсетін атышулы Шу алқабы орналасқан.
Жыл сайын «Қарасора» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Бұл жылы іс-шараға 120-дан астам қызметкер жұмылдырылып, Ұлттық Ұланның «Бүркіт» əскери қызметшілерінің күш-құралдары жəне Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылады. «Қарасора» іс-шарасының қорытындысы бойынша Шу алқабынан 1 тонна 293 килограмнан астам есірткі тəркіленіп, осыған қатысты басқа облыстарға оны тасымалдап əкеткен, жабайы қарасораны шабу жəне дайындау кезінде 15 адам ұсталған. Сондай-ақ, қарасора өсірудің 20 дерегі анықталып, 1800 килограмнан астам қарасора тəркіленген.
Қарасора тажалын жеңу үшін жамбылдық полицейлер барлық қолда бар ресурстар мен мүмкіндіктерді пайдалануда. Жерді жырту, Шудың шөбін шалғымен шабу жəне өртеу арқылы 220 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды.
Биыл облыста прокуратура органымен бірлесіп, «Narko Shekteu Taraz» Telegram-боты іске қосылған болатын. Ол арқылы тəулік бойы тұрғындар түрлі есірткі қылмыстары туралы хабарлай алады, ал осыған қатысты құқық қорғау органдары жедел əрекет етіп, шаралар қолдана алады. Қазіргі уақытта 1579 өтініш-талап келіп түскен. 1383 интернет сайт бұғатталып, 392 есірткі жарнамалаған граффити жазулар жойылыпты.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жастармен алдын алу жəне сенімді қарым-қатынас орнату бағытында жұмыстар жасауда екен. 30 мыңнан астам оқушы мен студенттердің қатысуымен 900 профилактикалық іс-шара өткізілген. Мемлекет нашақор ауруларға көмек беруге кепілдік береді, оның ішіне тексерілу, кеңес беру, диагностика, емдеу жəне медициналық-қоғамдық ақтау кіреді. Сонымен бірге, қоғам есірткіні енді бастағандарға жəне одан құтылуға тырысатындарға төзімді. Бірақ, қоғам емдеуден бас тартатындарға қатал, басқа біреулерді есірткі саудасына итермелейтіндерге аяусыз. Нашақорлық – еліміздің дамуына орасан зор кедергі келтіретін індет, сондықтан біз осы індетпен табанды түрде ел болашағы үшін аянбай күресуіміз керек.
Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді