Еңбектің ерен үлгісі

Еңбектің ерен үлгісі
ашық дереккөз
Еңбектің ерен үлгісі
Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігін қалыптастыратын, сондай-ақ ауылдық жерлердің еңбек потенциалын, халық шоғырын арттыратын экономиканың бірден-бір секторы. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардың ішінде бұл сала ешқашан назардан тыс қалған емес. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Дегенмен, әлі де шешілмеген мәселелері жетерлік. Əрине, мал баққан шаруалар мен алқапта егін жайқалтқан диқандардың еңбегі ауыр. Қысы-жазы уақытпен санаспай күннің аптап ыстығы мен жауыншашынды, боранды, аязды күндеріне қарамай, дала төсінде тер төгіп жүрген еңбек адамдары қандай құрметке болсын лайық. Сондай еңбекқор жанның бірі Жуалы ауданындағы Көктөбе ауылының тұрғыны – Аманəлі Қатымханов. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласының ардагері атанған Аманəлі Мейірханұлы 1979 жылы «Большевик» колхозына мүшелікке кіріп, содан бері шаруашылықпен шұғылданып келеді. Саладағы еңбек жолын механизация есепшісі болып бастаған. Кейін гаражда механик болып жұмыс істейді. Үш жылдай үлкен ұжымда кəсіподақ ұйымының төрағасы міндетін де абыроймен атқарған. Еліміз Тəуелсіздік алған алғашқы жылдары колхоз «Қосбөлтек» өндірістік кооперативі болып қайта құрылады. Аманəлі ақсақал кəсіподақ ұйымының төрағалығы мен өндірістік кооперативтің механизация саласын қатар алып жүреді. 2000 жылы өндірістік кооперативтен бес азамат өздеріне тиесілі жерлерін алып бөлініп шығып, «Қанат» шаруа қожалығын құрады. Шаруа қожалықтың иелігінде 75,2 гектар жер бар. Оның 56 гектары тəлімді болса, 19 гектары суармалы жер. Сонымен бірге 2014 жылы «Бақ болашақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрады. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мал шаруашылығымен жəне егінмен айналысады. Ардагердің бүгінде осы екі бірдей шаруашылықты басқарып, жастарға бағытбағдар беріп, білгенімен бөлісіп отырған жайы бар. – Қазіргі таңда «Қанат» шаруа қожалығында үш кісі бірігіп жұмыс істеп отырмыз. Яғни, серіктестерім Серік Нұртаев пен Дүйсенəлі Бердияров деген азаматтар. Дүйсенəлі Өзбекстан Республикасынан көшіп келген. Ол жерді қалай баптау керек екенін жақсы білетін еңбекқор жан. Серік те диқаншылықтың қыр-сырын үйреніп, жемісті еңбек етіп келеді. Осы екі азаматтың бастамасымен өткен жылдың өніміне 3,5 гектарға қырыққабат, 3 гектарға сəбіз, 1 гектарға жоңышқа, 22 гектарға мақсары егіліп, барлығы жиналып алынды. Қырыққабат пен сəбізді өз қоймамызға сақтап, апта сайын аудан орталығындағы базарда аудан əкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жəрмеңкесіне апарып, белгіленген бағамен саудалаудамыз. Жаз жəне күз айларында науқандық жұмыс кезінде 24 кісіні уақытша жұмыспен қамтыдық. Ал, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің құрамында 14 адам бар. Кооперативтің негізгі құрылтайшылары – Базарбек Сұлтанбеков, Серік Нұртаев жəне өзім. Кооперативіміздің иелігінде 490 гектар жер бар. Оның ішінде 130 гектары суармалы жер. Биылғы жылы 25 гектарға жаздық арпа, 17 гектарға күздік бидай, 41 гектарға мақсары, 6 гектарға картоп, 5 гектарға көкөніс егіліп, бұйырған өнімді жинап алдық. Сонымен бірге 36 гектарға көпжылдық шөп егілген. Кооперативтің мал бордақылау бағытымен несие алып, оны игеріп, оң нəтижемен төлеп бітірдік. Жұмысымызға қажетті бірқатар техникаларымыз да бар. Алда техникаларды жаңалау да басты жоспарда. Жеңілдетілген пайызбен несиеге қол жеткізсек, шаруашылығымызды бұдан да кеңейтуге мүмкіндік болар еді, – дейді Аманəлі қария. Ардагердің өмірлік серігі Шайы Ерденқызы да осы саланың ардагері. Яғни колхозда, шаруашылықта еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан. Шаруа қариялар үш ұл, екі қыз тəрбиелеп, олардан жеті немере сүйіп отыр. Ұлдарының бірі құқық қорғау органында қызмет етсе, бірі Ақбақайда инженер-электрик, кенжесі газ шаруашылығында жұмыс істейді. Ал, екі қызы тұрмыста. Қария бүгінде 71 жаста. Үйінің бір бөлмесін шаруашылықтың кеңсе құжаттарын жүргізуге арнап қойған. Құжаттарға, есепқисапқа ұқыпты, сауатты ақсақал бар білгенін серіктестеріне үйретуде. Ардагердің жемісті еңбегі лайықты бағаланып, кəсіби мерекелерінде екі рет бағалы сыйлықтармен марапатталған екен. Еңбегінің бағаланғанына ризашылығын білдірген ардагер жастарды еліміздің дамуы жолында аянбай еңбек етуге шақырып келеді.  

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,

журналист.

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар