Талғамға талас жоқ. Әр маман өз саласының әдебиетін жинайтыны белгілі. Біз тек көркем әдебиет жанкүйерлерін ғана дәріптеуден аулақпыз. Біреудің техника ғылымына қатысты, екіншісінікінің балық шаруашылығына, құрылысқа қатысты, үшіншісінікінің медицина ғылымдарына қатысты кітап қоры болуы әбден мүмкін. Көзі ашық кісіде газет тігіндісінің архиві болуы да заңдылық. Осы мақаланы жазардағы мақсатым кітаптың қадірін оқырмандарға ұғындыру болды.
Компьютерге телмірген адамды кітап оқыған адам басқарады. Елбасы осылай деді. Бұл – шындық. Оқушы кезімде біздің үйде үш кітап болды. Біреуі «Қазақтың жүз шешені» және «Бес ғасыр жырлайдының» қос томы. Университетті тәмамдағанда сандығымды қопарып шықсам, ұзын саны үш жүз кітап жинаппын. Алдында жиған кітаптарыма «санақ» жүргізуге қызықпағанмын. Үйдегі қызмет бөлмемнің аумағы он бір шаршы метр. Жиһаз жасаушыларға тапсырыс беріп кітап сөресі мен жұмыс үстелін жасаттық. Қуанып жүрген жалғыз өзім бе десем, үй ішімізбен мәз екенбіз. Бұрын кітапты жастықтың астына қоя салушы едім. Қазір бәрі сөреде қаздиып тұр. Ақылды болу үшін қанша кітап оқу керектігін білмеймін, бірақ ең керекті он кітапты сан мыңдаған кітапты оқу арқылы ғана табасың. Жап-жақсы айтылған ой. Артық білімді қойнына жасырған кітаптарды қалай жинадым? Университетте кандидат, докторлар өздерінің оқу құралдарын әкеліп бізге тықпаштайтын. Қоңырауда студенттер «бұл кітаптың бізге не керегі бар?» дегендей күңкілдейді. Ал мен... «кітапқоңызбын». Аудиториямыздан жеті білімгер «қызыл диплом» алып шықты. Өкініштісі, әлгі «қызыл диплом» алғандардың бірлі-жарымы болмаса, көпшілігі өздерінің жеке кітап қорларын қалыптастырмады. «Қанат, сен сабақ оқып қарық қылып алсай. Кітапты неменеге жинай бересің? «Бабалар сөзі» деген кітап сатып алғансың ба?». «Сатып алсам несі бар. 10 том. Он алты мың жұмсадым». Аудиториядағылар мені келемеждеді. Ал, менің оларға жаным ашыды. Замандастарым жеке кітапханасын қалыптастыратын уақытта көди-сөдилерге алданып жүр. Таразда «көк базар» деген болған. Дуал жағалаған саудагерлер ескі-құсқы заттар сатады. Өзбектердің мәхаласы десе де болатындай. Сол көшемен өтіп бара жатсам, аузы ашық сарайдың ала-көлеңкелеу түкпірі толған кітап. Аттап-пұттап ішке кіргенім сол, білегін түріп тастаған дәу әйел иығымнан жұлқыды. Сөзіне сенсем, жерге төсеген жаймасын таптап өтіппін. Сірескен кітап адамның бойынан биік. Қатары көп. Қатардың ар жағында да қаншама қатар бар. «Міне, қазына!». Мені есіктің аузына сүйреп шығарды. Қарасам, шынымен-ақ жерге жайған тауарын таптап өтіппін. Жайманың үстінде сыры ұшқан ыдыс-аяқ, ескі-құсқы киім-кешек, саудасы біткен тұрмыстық заттар, банкінің қақпағы араласып жатыр. Жайманың етегіне бейнекассеталар қаз-қатар жиналыпты. Сынған, таспасы жарамсыз кассетаны мыжған екенмін. Өкшемнің «айыбына» төрт жүз теңге төлеп, әрең құтылдым. ...Алдында келген дуал қасында бүгін басқа кемпір отыр. Сақтықпен жаймасын шаң қылмай, тауарын бүлдірмей аттамақшымын. Қап, тағы да ұрыс еститін болғаным ба? Қайдағы, кемпір сүйретпемнің ізі қалған бұрышты алақанымен қағып тастады да, ала дорбасының үстіне жайғасты. Ескі кітаптың бағасы арзан. Қалтам қалың. Бұл кісідегі кітаптар кілең шетел классиктерінікі. Бірінші курстың жазы, шетел әдебиетіне қызығушылығым жоқ кез. Қиялым суғарылмаған гүлдей солып қалды. Сұрастырып білдім, дәл өзіндей тағы бір кісі төл әдебиетімізді сататын болып шықты. Алып-ұшып бардым да М. Әуезовтің 20 томдығын «бес мыңға» сатып алдым. Сарайдың аты сарай, үстіндегі томның мұқабасын шаң басқан. Пәкетке салдық сыймады, ала дорбаға салдық бауы шыдамады. Айтқаныма көнсе қапқа салсын. Солай еттік. Жарты қап қазынаны арқалап келемін. Білемін, кітап дүкенінде бұл эпопеяның төрт томы төрт мың сегіз жүз тұрады. Ал мен болсам айналдырған бес мыңға ұлы жазушымыздың білдей жиырма томын олжаладым. Кітап жинауым осылай басталды. «Көшпенділер» трилогиясын тобымыздағы Гүлнәр есімді қыздан алдым. «Қазақтың жүз романы» деген сериямен шыққан М.Мағауиннің «Аласапыранын» Ш.Мұртаза кітап дүкенінен сатып алдым. «Қара базардан» тапқан жәдігерім – «Рүстем -Дастан». Екі мың теңгеге бағаланды. М. Әуезовтің өзі алғы сөзін жазған Тұрмағанбет Ізтілеудің бұл кітабын «букинистен» де, Ш.Мұртаза атындағы кітап дүкенінен де кезіктірген емеспін. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шыққан отызға жуық су жаңа кітапты дүкеннен таптым. Ислам Жеменей аударған «Тарих-и Рашиди» кітабы сөреге түсті дегенді естігенде, тобымыздан бірінші болып сатып алған да мен. Мекемтас Мырзахметұлының бір ғылыми зерттеуін қолға түсіре алмай жүргем. Оқытушыдан оқып шығуға сұрасам, бермеді. Соншалықты, ол қандай кітап?!. Қызығушылығым одан бетер артты. Ақыры таптым. Сатып алдым. Бар болғаны санаулы дана. Сонша ауыз толтырып, сөз қылғаны несі деп мені сөкпеңіздер. Әрине, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Б.Момышұлы, Қадыр Мырза-Әлі секілді саңлақтардыкіндей он мыңдаған кітап қорымыз болмаса да, соларға ұқсап бағамыз. Бакалаврды алдым. Магистратураға түстім. Әрі газетте тілшімін. Тілші болуым сол-ақ екен, Астанаға сапарға шықтым. Министрлер үйіне қарама-қарсы бетте кітап дүкені бар. Делегаттар мінген автобустан түсіп қалдым. Кірсем, сөрелердің сексен пайызы шетел әдебиеті. Көбісі орыс тіліне аударылған. Тәуекел, біреуінің мазмұнына үңіліп көрейінші. Қолыма іліккені Бальзактың кітабы болды. Мазмұнына қарасам қысқа-қысқа әңгімелер секілденді. Қолым қалтама жүгірді. Әмиян кәстөмімнің төс қалтасында қалып кетіпті... Астанаға жолым үш-төрт айдан кейін қайта түсті. Әлгі дүкенге кірдім, сол сөреге жақындадым, бірақ әлгі кітапты таба алмай әбігерлендім. Сатушыны шақырып: «Мына жерден қысқа-қысқа әңгімелері топтастырылған Бальзактың кітабын көрдім. Сол қайда?», – деп шыр-пырмын. Сатушы да Бальзакты таба алмады. Бар, бірақ қалың романдары ғана. Дюмо, Мопассандар да тұр. Олардікі де роман. Мен Астанаға Бальзактың қысқа-қысқа әңгімелері топтастырылған кітабын алуға бола келгем. Одан өзге күйіп тұрған шаруам жоқ мұнда. Таразға құр қол қайттым. Содан базардағы «күркеге» қайта соқтым. Шетел әдебиетіне деген қызығушылық өршіп тұр. Алдым кеп, алдым кеп. Бір барғанда ала салған жоқпын ғой жүздей кітапты, оны жинауға екі жылдан аса уақытым кетті. Ол кезде тек оқитынмын. Ал оқығанымды тәржімалау деген ой мұнда келді. Сөйтіп тәржімаға кірістім... ...Жаңа кітап көрсе, дегбірі қалмайтын, қашан таңсығы қолына түскенше тамақ ішуін ұмытатын адам бар ма? Бар. Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов сөйткен. Он мыңнан астам кітап қоры бар жазу кабинетінде болған ағалар осылай әңгімелейді. Әзағаңның артында бай кітап мұрасы қалды. Сосын, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековтің жеке кітапханасы... Осындай үлгі көбейсе дейсің. Сәбит Мұқанов та кітап жинауға аса сергек қараған. Мәскеуде, Ленинградта оқыған жылдары Алматыдағы үйіне әлденеше жәшік кітап жіберіп тұрған. Ел аралай қалғанда алдымен кітап дүкендеріне соғып, мауқын басыпты. Кітапханасының ажарын көне кітаптар, Алаш арыстарының еңбектері ашып тұрғанынан хабардармыз. Қазақтың Қадыр Мырза-Әлісі әр аптаның екі-үш күнінде кітап дүкендерін аралауды машық қылған. Мәскеуден шығатын «кітаптарға шолу» газеті арқылы жаңа кітаптар тізімін жасап алып, қуып іздеп, қолына түсіретін болған. Ақселеу Сейдімбек болса көркем шығармалардан гөрі тарихи, этнографиялық, философиялық кітаптарды басым жинаған. Кітапханасын кәдімгідей құмартып, сапалы жинағанның бірі – айтулы ақын Темірхан Медетбек. Жүрдім-бардым емес, талғаммен жинапты. Бүгінде соның игілігін өзімен қатар өзгелер де көруде. Мұндай жарқын мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мұхтар Мағауин жаңа пәтерге көше қалса, соның ең үлкен бөлмесін жеке кітапханасына сайлап алады екен. «Үйімді де осы кітаптарым үшін кеңейттім, әйтпесе, бәйбішеміз екеумізге бәрібір емес пе?» деп сыр ашыпты Қалтай Мұхамеджанов. Ал біздің өңірімізде, қалаларымызда, аудан, ауылдарымызда осындай кітап қоры бай адамдар бар ма? Бар болса, хабарлассыншы, барайық, көрейік, жансарайын жұртқа мақтанышпен жайып салайық. Кітап еліктегіш қасиетінді тежейді. Сөйлеу мәдениетіңді қалыпқа келтіреді. Дұрыс ойлауды қалыптастырады. Кітабы жоқ үйді көз алдыңызға елестетіп көріңізші... қандай жұтаңдық!!! «Дүниеқоңыз» атанғаннан, «кітапқұмар» деген сөз мың есе артық-ау...
Қанат ТІЛЕПБЕРГЕН, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді